Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы талқылануда
Павлодар қаласындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде жергілікті ғалымдар мен тіл жанашырлары латын әліпбиінің жаңа нұсқасы туралы пікір білдірді. Дөңгелек үстел облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османованың төрағалығымен өтті.
— Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыруды ұсынды. Оны барша отандастарымыз бірауыздан қолдады. Ғалымдар жаңа әліпбидің бірінші нұсқасын әзірледі. 25 таңба 8 диграфтан тұратын бұл нұсқа халықтың көңілінен шықпады. Жалпы, осы мәселеге байланысты қазақстандықтардан 3 мыңға тарта ұсыныс түскен. Сондықтан ғалымдар мен тіл жанашырлары екінші нұсқасын әзірлеп, Президентке ұсынды. Бұл халықтың қолдауына ие болды. Алайда оның кемшін тұстары да болуы мүмкін. Соған ел болып, халық болып пікір білдіруді жөн санадық, — деді Сәуле Османова.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлының сөзінше, жаңа жобаны алғашқы нұсқамен салыстырғанда көш ілгері. Дегенмен толықтыратын тұстары бар.
-Елбасына таныстырылған тізбе тағы бір таразылауға жол тартты. Енді айтарлықтай өзгеріске түседі деп ойламаймыз. Өткенде ПМПИ-да болған талқылауда Парламентте тыңдалған таңбаның кемшіліктерін тізіп бергенбіз. Әлі де болса жетілдіруді талап етеді. Мына жобада кириллицаның «к» таңбасы сол күйі қалыпты. Мен мамырда Алматыда болған бір жиында «қазаққа тән «қ» әріпін сақтап қалайық, онда тұрған ештеңе жоқ» деген едім. Бұл кирилдің таңбасы. Ал оның латынша таңбалануын «ч» алып қойыпты. 2008 жылғы сөздікте осы әріптен басталатын 10 ғана сөз бар. Бәрі орыс ұлтынан енген сөз. Сондай-ақ, «в» таңбасы да еніп кетіпті. Түсіндірме сөздікте осы әріпті қолданатын 80-ге тарта сөз бар. Бір де біреуі қазақтікі емес. Сондықтан осы дыбыстарды алып тастасақ, біз одан ұтылмас едік, — деген пікір білдірді.
Жалпы, қазақ әліпбиінің латын графикасына ауысуын өңір студенттері ұлттық сананың жаңғыруына ашылған жол деп есептейді. Мұндай пікірді С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Үміт Әмірина білдірді. Оның сөзінше, латын әліпбиі ұлттық мүдде жолында үлкен өзгеріс алып келуі мүмкін. Яғни, түркі әлемімен ықпалдасып, рухани-мәдени дамуымызға жол ашады. Дегенмен әліпбиді бірден ауыстыра салу оңайға соқпайды. Бірақ жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Сондықтан, барлығымыз бір адамдай бірлесіп атсалысуымыз керек деген тілегін білдірді.
— Павлодар облысында ең алғашқы талқылау жиыны өткен кезде мен облыс әкімінің алдында баяндама жасап, жастардың атынан үн қосқан болатынмын. Әрине, мұндай мемлекеттік деңгейдегі өзгерістерге қатысты жастардың атынан пікір білдіруімді үлкен абырой санаған болатынмын. Жалпы, латын әліпбиі не үшін керек? Ең берісі, күнделікті қолданып жүрген смартфонды алып қарасаңыз, оның пернетақтасында латын әріптері бар, орыс әріптері бар. Бірақ қазақ әріптері жоқ. Екіншіден, бүкіл интернет жүйесі латын әліпбиімен құрастырылған. Сондықтан бұл өзгерісті барша жастар құптайтынына сенімдімін, — дейді облыстық «Жастар мәселелерін дамыту орталығының» директоры Саят Жүсіпбев.
Тілеуберді Сахаба, Павлодар облысы