Спикер министрге зекіп тастады
Салық кодексін әзірлеу кезінде Президенттің тапсырмасы орындалмағанын айтып, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке зекіп тастаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Заң жобасындағы 287- бап 232-бапқа сілтеме жасайды. Ал осы 232-бапта 250-бапқа сілтеме бар. Ал 250-бапта егер басқа заңдарда өзгеше болмаса, қайтадан 232-бапқа сілтейді.
Бір бап бойына бес сілтеме жасалған. Тек бір бап бойынша ғана, ал олардың саны 2497. Сондықтан Сізге салық заңнамасын жеңілдетуді, салық төлеушілер үшін түсінікті, қарапайым етуді тапсырамын. Егер осынша сілтеме болса, қатардағы салық төлеуші түгілі маман да шатасады. Салық төлегісі келетін адам түк түсінбейді ғой. Оған ішкі ме, сыртқы сілтеме ме – бәрібір емес пе», — деп, әрі қарай: «Президент тапсырма берген екен, оны орындау керек.
Салық кодексі барынша түсінікті, жеңіл болуға тиіс және оның тікелей жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Президент қалай айтты, бізге солай жасау керек. Сондықтан екінші оқылымға дейін жұмыс тобымен бірге құжатты жетілдіріп, сілтеме нормаларды азайту керек. Әйтпесе тапсырма орындалмайды. Мен мысал ретінде бірнеше бапты ғана көрсеттім. Бұл деген сұмдық қой.
Біздің алдымызда салық кодексін жеңілдету міндеті тұр, ал мына заң жобасында қолданыстағы салық кодексінен 263 сілтеме артық. Тимур Мұратұлы, жоғары мінберден міндетті орындадық деп айтудың керегі жоқ. Керісінше істеп жатырсыздар. Екінші оқылымға дейін жұмыс істеңіздер», — деді қатқыл үнмен.
Ермек Назым