Жамбылдық Мыңарал балық зауыты өнімін Украинаға экспорттауда

Аймақ басшысы Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың бірқатар жұмыстарымен танысты.

Жамбыл облысындағы Мыңарал балық зауыты өз өнімдерін отандық нарықтық бағамен Украинаға экспорттауда. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданына жұмыс барысымен барғанда белгілі болды, деп жхабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар аймақ басшысы Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың бірқатар жұмыстарымен танысты.
Облыс басшысының бірінші барған нысаны Мыңарал станциясындағы Мыңарал орта мектебі болды.
Мыңарал қазақ орта мектебі пайдалануға 2013 жылы беріліп, қазіргі таңда 120-ға жуық оқушы білім алуда. Педогогтар саны 26-ны құрайтын орта мектептің материалдық-техникалық жағдайы заманауи әртараптандырылған, сондай-ақ мектеп ғимараты жылыту маусымына толығымен сай.
Өңір басшысының жұмыс сапары Мыңарал станциясындағы 5 келушіге арналған медициналық тірекпен жалғасып, Абай көшесіндегі жобалық құны 57,5 млн. теңгені құрайтын жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысуға ұласты. Жол жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін тәмамдалып, пайдалануға беріледі.
Іс-сапар барысының келесі аялдамасы Мыңарал балық зауыты болды. Балықты мұздату және балықты өндеу түрімен айналысатын зауыт 2014 жылы ашылып, жылына 1,5 мың тонна балық өндіруге қауқарлы. 2016 жылы өндірілген өнім көлемі — 664,0 тоннаны құраса, биылғы жылдың 9 айында 769,0 тонна өнім өндірген. Өнімді өткеру географиясы Қазақстан, Ресей Федерациясымен бірге Еуропаға дейін жалғасады. Аталмыш зауытта 53 адам жұмыс жасайды, оларға барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ аймақ басшысы К.Қасымов атындағы орта мектепке тоқтады. 1972 жылы пайдалануға берілген орта мектепте 480-ге жуық оқушы білім нәрімен сусындауда. Жалпы көмірмен жылытылатын мектептің жылыту маусымына дайындығы облыс әкімінің оң бағасын алды. 2016 жылы күрделі жөндеуден өткен білім ордасында 33 ұстаз еңбек етуде.
Кәрім Көкірекбаев Мыңарал ауылындағы «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігініңде жұмыс барысымен танысты. Цемент шығарумен айналысатын зауыттың жобалық құны 34,9 млрд. теңгені құрайды. Барлығы 233 жұмысшы қызмет ететін зауыт жылына кемінде 1,2 млн. тонна цемент өндіреді. Сонымен бірге жұмысшылардың орташа жалақы көрсеткіші 155 мың теңгені құрайды. Аталған зауыт былтырғы жылы 1347,5 мың тонна цемент өндірсе, биылғы жылдың 9 айында 1094,9 мың тонна цементке дейін жеткен.
Аймақ басшысы Шығанақ ауылында орналасқан 40 келушіге арналған емхананы да назардан тыс қалдырмады. 2011 жылы пайдалануға берілген емханада 17 медициналық қызметкер жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, облыс әкімі бастаған жұмыс сапары Шығанақ ауылындағы Шығанақ орта мектебіне ұласты. Сыйымдылығы 330 оқушыны құрайтын мектеп 1978 жылы ашылған. Сондай-ақ 51 мұғалім қызмет ететін мектепте 24 оқу кабинеттері бар. Қазіргі таңда мектеп ғимараты қайта жаңғыртылып, спорт залы күрделі жөндеуден өтуде.
Жолай Шығанақ, Қияқты, Хантау станцияларының жұмысымен танысқан өңір басшысы «Оргстрой» ЖШС және «AGIG» АҚ-на ат басын бұрды. Гранит және цемент өңдейтін кәсіпорындардың бірінде 86 жұмысшы қызмет етсе, бірінде 281 адам жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың 9 айында «Оргстрой» ЖШС 8 мың куб метр гранит өндірсе, «AGIG» АҚ 216,2 мың тонна цемент өндірген. Аймақ басшысы жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орындарына оң бағасын берді.
Айта керерлігі, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың жұмыс сапары Шу ауданында жалғасын табатын болады.
zakon.kz