БЕНЗИН ТАПШЫЛЫҒЫНА СЕНАТОРЛАР ӨКПЕЛІ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары лауазымына мемлекет басшысы ұсынған Гүлмира Жүсіпбекова мен Асқаржан Кенжеғаринді сайлады.

Жалпы отырыс аясында Сенаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Норвегия Корольдігі Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификацияланды.

Сондай-ақ, қару саудасы туралы шарт ратификацияланды.

Бұдан бөлек жоғары Палата «Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкіне, Халықаралық Қаржы корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігіне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөніндегі Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкіне, Азия Даму Банкіне, Ислам Даму Банкіне мүшелігі туралы» заңға өзгерістерді қабылдады.

Сенат отырысының аяғы әдеттегідей депутаттық сауалдарға ұласты. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов бір топ сенаторлар атынан Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, онда еліміздегі жанармай нарығындағы жыл сайын қалыптасып отырған жағдай қоғамда үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отырғанын жеткізді. «Мұнайлы мемлекет бола тұра өз нарығымызды қажетті мөлшерде қамтамасыз ете алмауымыздың себебі көпшілікке түсініксіз болып отыр. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға қарастырылып жатқан қаржы көлемі аз емес. Бірақ осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігі төмен. Жаңғырту жұмыстары әртүрлі себептермен жылдан-жылға ұзартылуда, оның нақты қай мезгілде аяқталатыны да белгісіз болып тұр», — деп, ренішін жасырмады сенатор.

Сөз арасында  жанармай өндіру және оны импорттауға байланысты жүйелі кемшіліктер экономиканың өзге салаларына да зиянын тигізетіні, жанармай дағдарысы тауарлардың, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттауына да себеп болатыны туралы ескертті.

Жанармай нарығындағы қалыптасқан жағдай мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік бағыттағы болжамды көрсеткіштеріне қол жеткізуіне де кері әсерін тигізуі мүмкін екені айтылды.  Ең бастысы сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Үкімет басшысына: «Жанармай тапшылығын жоюға байланысты мемлекеттік деңгейде жүйелі негіздегі шешімдер неге қарастырылмайды? Елбасының жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі тапсырмасының осы уақытқа дейін орындалмау себебі неде?» деген сауалы көптің көңілінен шығары анық.  Депутаттық сауалда ел тұрғындарын жанармай өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан қолға алынған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат беру туралы мәселе қойылды.

Сондай-ақ, отырыс барысында: Атырау облысындағы Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы сөз қозғалса, депутат Талғат Мұсабаев елдегі ұшу қауіпсіздігінің қолайлы деңгейін қамтамасыз ету туралы сауал жолдады. Депутат Дүйсенғазы Мусиннің «шекаралық аудандар» терминінің мәртебесін заңнамалық  анықтау және ауыл шаруашылығы субъектілерін субсидиялау, сондай-ақ шекаралық аудандарда шағын және орта бизнес үшін салық жеңілдіктерін және ынталандыру нормаларын дамыту қажеттілігі туралы сауалы да діттеген жерге дөп тиді.

Нағашыбай Қабылбек