364,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасын дамыту үшін жерді де тиімді пайдалану қажет. Осы мақсатта өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен нақты жұмыстар қолға алынған болатын. Ж.Қансейітұлының игі ісіне облыстық прокуратура да қолдау білдірген. Жердің мақсатты, мақсатсыз пайдаланылып жатқаны туралы мәліметтерді жер инспекциясы басқармасы саралады. Ал облыстық прокуратура тарапынан заң аясында нақты шаралар қолға алынды.  Нәтижесінде жер учаскелерін өз мақсатына сай пайдаланбаған азаматтарға   8 871 000 тенге айыппұл салынған.

Салынған айыппұлдың 3 978 000 теңгесі өндірілген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңсыз қабылданған және жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының жалған шешімдерімен 131 шешімді жою туралы сот органдарына талап-арыз беріліп, оның 69-ы қанағаттандырылған.

Қала берді, 364,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал облыстық жер инспекциясы басқармаға 4708 арыз-шағым келіп түсіпті. Ол арыздар жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік, құқық қорғау және жергілікті органдарынан түскен. Оның 3797-і қаралып, 286-сына тексеру тағайындалған.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1235 жер иелерінің 45157 гектар жері анықталып, жер заңдылығының бұзылуын жою жөнінде нұсқамалар берілген. Сондай-ақ 1748 жер иесінің 83 300 гектар жеріне қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 4 жер иесі 244,6 гектарды құрайтын жерінен өз еркімен бас тартыпты.  Бүгінде бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылса, 5 жер иесінің 73,9 гектар жерін мемлекетке мәжбүрлеп қайтару туралы сотқа талап-арыз дайындалуда.

                                                                                                Т.БОРАЛДАЙ