Қара теңіз бен Каспий өңірі — елдер мүддесі тоғысқан аймақ

Reuters: «НАТО шығыстағы шекараларда Ресейге қарсы тұру үшін және оның Қара теңіздегі ықпалын тежеу мақсатында Румыния территориясына өзінің көпұлтты әскери күштерін енгізуді жоспарлап отыр. Румыния президенті Клаус Йоханнестің айтуынша: «Бұл іс-әрекет Ресейге қатер төндіру емес, бірақ «күш тұрғысынан қорғаныс мақсатын көздеуге бағытталған диалог-мыс». НАТО күштерінің Румыния мен Болгария территориясында болу мәртебесін кеңейту ресми Бухарест үшін дипломатиялық жетістік болып табылады, себебі осы арқылы ол НАТО тарапынан берілген ІЖӨ-ің 2 пайызын қорғанысқа жұмсау тапсырмасын орындай алады. Бұдан басқа НАТО аталған аймақта әскери-теңіз оқу-жаттығу ойындарын өткізуді әрі қарай жалғастыра беруді жоспарлап отырса керек. Тіпті, аталған жоспар аясында НАТО әскерилерінің Қара теңіз жағалауында орналасқан Румыния мен Болгария порттарына қалаған кезінде еш тосқауылсыз келіп-кетіп, қажет деп тапса аталған өңірде аз уақыт ішінде шектеулі маневрлер өткізу мүмкіндігінің жай-жапсарын нақтылап жатқанға ұқсайды», — деп хабарлайды. Ал НАТО-ға иек артатын мемлекеттердің бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай:  «НАТО сынды халықаралық әскери альянс құрамына амалдың жоқтығынан кірдік. Себебі Қырымды тартып алып, енді Украинаның шетін кертіп алғысы келетін Ресейден қатты қауіптенеміз. Рас, Ресей БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Бұл ел сол мәртебесіне сай, халықаралық саясатта, оның ішінде өзінің алыс-жақын көршілерімен досжар көзқараста өмір сүруі керек еді. Өкінішке орай, Грузия мен Украинадағы соғыс Кремльдің басқыншылық саясатын алға қоятын бет-жүзін әшкерелеп берді. Бар досынан айырылып, майдан алаңында жалғыз қалғанына қарамастан, Ресей билігі әлі де сол өзінің империялық пиғылынан,  бұрынғы айдарынан жел ескен Кеңес дәуіріндегі күш-қуатын қалпына келтіру мақсатынан бас тартпай келеді. НАТО-ға мүшелікке кірген мемлекеттердің көбінің сыртқы стратегиядағы ұстанымы шығыстан төнуі мүмкін соққыны тойтаруға негізделген. Себебі бұл елдердің Ресейден басқа жауы жоқ. Мәселен, Балтық жағалауы мен Шығыс Еуропа елдері НАТО-ға мүше болып кірмегенде, Ресей әскері оларды баяғыда-ақ басып алар ма еді, қайтер еді? Бұған Кремльдің кез келген сылтауды табарына күмән жоқ», — деген уәжді алға тартады. Осы мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салған отандық сарапшылар пікіріне жүгінсек, ол мынаған келіп саяды. Яғни: «Қара теңіз аймағы осы өңірде орналасқан мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы зор территория болып саналады. Мәселен, Еуроодақ пен АҚШ: «Ресей аннекциялады», — деп жар салудан танбай келе жатқан Қырым сондай саяси ойын алаңы болғаны анық. Себебі Қырым ежелден бері-ақ әлемдегі ең маңызды стратегиялық түйінді аймақтардың бірі мәртебесіне ие. Ресейдің Қырым түбегін басып алып, Қара теңізге ықпал жүргізуге деген ниеті ішкі саяси дағдарыстарға байланысты туындаған-ды. Бертінде Кеңестер одағының құрамындағы Ресей Қырымды Украинаға сыйлағанымен, Мәскеу бұл аймақты өз назарынан әсте шығарып көрген емес. Украинадағы дау бастала салысымен Ресейдің Қырымды өзіне қосып алуға деген ниеті айқын сезіле бастағаны соның дәлелі. Бұған негіз де жоқ емес.  Біріншіден, Ресейдің Қара теңіздегі әскери-теңіз флотының негізгі базасы Қырымда орналасқан. Украина территориясын аннексиялау арқылы Ресей көршілеріне оны өзінің өмірлік қажеттіліктер аймағына жатқызатындығын көрсетті. Сосын биліктің нығаюына ықпал ететін басты фактор: «күшті лидерге арқа сүйейтін, күшті мемлекет» идеясы алдыңғы орынға шықты. Рас, Қырым тағдырын шешуге сол түбектің негізгі тұрғындары — қырым татарлары белсенді атсалыспады. Олар Украина құрамында қала тұрып, автономия аумағын мүмкіндігінше кеңейтіп, уақыт өте келе  теңіздің арғы жағындағы Түркияға, болмаса түркітілдес өзге мемлекеттерге арқа сүйей отырып, өз мемлекеттігіне қол жеткізуді ойлағандай. Қырым татарларына іш тартқан ресми Анкара басшылығы Қырымды Украинаның құрамында қалдыруды мақұлдап, олардың үміттерін жандыра түскендей болды. Мысалы, жақында Киевке ресми сапармен келіп, Порошенкомен келіссөз жүргізіп қайтқан Түркия президенті Ердоған Украинадағы кез келген территориялық өзгерістерге қарсы екендігін мәлімдеп, Қырымды Украина территориясы деп танитындығын мәлімдеуі арқылы әлемдік державалар алдында өзінің бәсін арттырып, біраз ұпай жинап қайтты. Дегенмен, Қырымды құрамына қосып алудан ең алдымен қырым татарлары емес, Ресейдің өзі ұтылғаны анық. Себебі ресми Кремль осы әрекеті арқылы бүкіл Украинадан айырылды. Олай болатыны, өз территориясының бір бөлігін аннексиялаған мемлекетпен Киевтің етене жақын достық қарым-қатынас орнатуға ниет білдіруі мүмкін емес нәрсе сияқты. Сосын, өзге тәуелсіз мемлекеттің территориясына қол сұғып, оны аннексиялауы нәтижесінде Кремль күллі әлем елдері алдында бұрындары тірнектеп жинаған атақ-беделіне үлкен нұқсан келтірді. Ол — ол ма, көршілерінің көңіліне үргедек үрей ұялатты. Мысалы, Оңтүстік Осетия мен Абхазияда Ресей «Робин Гуд» сынды  бұл мемлекеттердің тәуелсіздігін қорғаушы ретінде көрінсе, Қырымда аталған түбекті жайлаған халықтың тәуелсіздігі үшін күрескен мемлекет рөлін ойнай алмады. Керісінше, Қырым өзінің шынайы тәуелсіздігін алмай, тек Ресейдің құрамдас бір бөлігіне ғана айналды. Осы әрекет салдарынан Путин билігі  халықаралық мемлекеттер тарапынан экономикалық санкцияларға ұшырады. Бұл Ресейдің өзіне де, Ресеймен тығыз экономикалық байланысты дамытуға ынталы елдер үшін де тиімсіз болып шықты. Сондай елдердің арасында Ресейді басты стратегиялық серіктесі санайтын Қазақстан да бар. АҚШ бастаған Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкция салуы сол шараға қатысқан елдер арасында интеграциялық процесстерге жол ашатын тиімді факторға айналды. Ең бастысы, Кремль осы әрекеті арқылы басқа ынтымақтас елдер арасында аймақтық қауіпсіздік туралы келісімдердің, экономикалық келісімдердің түкке тұрмайтын құр «ұран» сөз екендігін көрсетті. Ал Ресеймен Орталық Азия мен Кавказ өңіріне өз ықпалын күшейтуді мақсат тұтатын АҚШ мұндай «сәтті» кезді уысынан шығарып алмай, «темірді қызған кезінде соғып», ғаламдық саяси сахнадағы ахуалды одан әрі шиеленістіріп жіберді», — деуге келіп саяды. Бұған не деп алып-қосарсың?

Аймақтың геосаяси жағдайының сипаты ең алдымен оның  географиялық орнымен анықталатынын ескерсек, Қара теңіз бен Каспий өңірі соның жағалауында орналасқан Ресей, Болгария, Румыния, Грузия сынды  мемлекеттердің, сондай-ақ, Орта Азия елдерінің, Иран мен Түркияның экономикалық және саяси мүдделері тоғысатын стратегиялық маңызы зор аймақ болып табылады. Себебі Қара теңіз бен Каспий теңізі жағалаулары бойымен маңызды көлік «дәліздері» өтеді. Алайда бүгінгі күндері бұл қолайлы мүмкіндіктерді толық пайдалануға белгілі дәрежеде аймақтағы саяси және экономикалық тұрақсыздық кедергі келтіруде. Мәселен, соның салдарынан Каспий теңізі мұнайын Иранға, Еуропаға тасымалдау жобалары жүзеге аспай отыр. Бір жағынан Ресей, екінші жағынан НАТО құрамына кіретін мемлекеттер арасындағы текетірес сол себепті де күшеймесе, бәсеңдер емес. Ол заңды да, өйткені әрқайсысы өз мүддесін қорғаған «екі қошқардың басы бір қазанға сыймасы» әлімсақтан бері белгілі емес пе.

   Дайындаған — Ермек Сахариев