Нұрсұлтан аға! Кенесары хан басының елге оралуына көмектессеңіз екен
Дат, тақсыр!
Нұрсұлтан аға! Кенесары хан басының
елге оралуына көмектессеңіз екен
Жамбыл облысында Кенесары ханға арналып өткен конференцияға қатысушылар осындай игі тілек жолдады
Өткен жұмада Таразда қазақтың соңғы ханы Кенесары бабамызға арналған республикалық конференция болып, оның шейіт болған сарбаздарын еске алып, рухтарына арнап құран бағышталды, ас берілді. Асқа республикамыздың түкпір-түкпірінен ұрпақтары келіп қатысты. Бұл сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаңызды жамбылдықтардың, олардың ішінен ерекшелеп айтайық, ардагерлер қауымының іс жүзінде қолдағандарының айқын белгісі. Халық сіздің бастамаңызбен Астана қаласының көрнекті жерінде Кенесары ханның ескерткіші сомдалғанын жақсы біледі. Соңғы ханымыздың атында көше де бар.
Конференцияда сөйлеген баяндамашылар да, шешендер де сіздің халқымызды рухани жаңғыруға шақырған бастамаңызды қолдап, сөздеріне үнемі тиек етіп отырды. Шындығында, бұл бастамаңыз халқымызды дүр сілкіндіріп, әрбір қазақтың жанын тербеп, рухын оятты десе де болады. Қазір «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында көптеген келелі істер тындырылып, жүзеге асып жатыр. Міне, біз бүгін сөз етіп отырған конференция мен беріліп отырған ас та соның бір айғағы.
Рухани жаңғыру тілімізден, дінімізден және тарихымыздан басталу қажеттігі сіздің мақалаңызда тамаша жазылған. Тілді білмесең, сен нағыз қазақ емессің. Дініңді жүрегіңе ұялатпасаң, онда иманнан, адамгершіліктен қашықтайсың. Ал тарихты, салт-дәстүрлеріңді білмегенің — бүгінгі күн талабынан құр қалғаның. Яғни надан мәңгүртсің. Тарихымыздың қойнауында осыншама ұлан-ғайыр жерді қылыштың жүзімен, білектің күшімен, найзаның ұшымен жаудан қорғаған бабаларымыздың ғаламат ерліктері жатыр. Ұрпағымыз сол ғажайып ерлік, батырлық өнегеден рухани жағынан сусындап, жүрегіне, көкірек сарайына орнықтырса ғана нағыз отаншыл ұландарға айналады.
Тәуелсіздігіміз үшін ата-бабаларымыз 372 рет ұлт-азаттық көтерілістерге шығыпты. 372 рет! Қаншама жан қаза тапты, қаншама қан төгілді. Солардың ішінде бірі де бірегейі Кенесары бастаған ұлт-азаттық күрес 1837 жылы басталып, он жылға созылды. Қырғыздың сатқын бай-манаптары Орыс империясына жағымпазданып, қапияда Кенесары ханмен бірге оның 150-ден аса қолбасшылары мен сарбаздарын қырып салған. Міне, сол қырғыннан соң Кенесарының басын қырғыздар орыстарға сыйға тартқан.
Қадірлі Нұрсұлтан аға!
Бұл қанды тарихты сіз бізден гөрі жақсы білесіз. Ал біздің білетініміз сол кезде де, одан кейін де Кенесарыдан Ресей империясы қатты қорыққан. Әлі де қорқады. Әйтпесе баяғы қурап қалған бабамыздың басын неге қайтармайды? Ханның басы қазір қараңғы қапаста жатыр. Оны көргендер бар. Батыр бабаларымыздың бірі Кейкінің басы елге оралды. Оның бәрі сіздің тікелей қамқорлығыңызбен жүзеге асқанын, халқымыздың сізге деген алғысы шексіз екенін жақсы білеміз. Тараз қаласында Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің 180 жылдығына және ханның туғанына 215 жылдығына арналған конференция мен асқа қатысушылар да, миллиондаған бауырларыңыздың зор өтініші бар. Ол — Кенесары баба басының елге оралуы. Оған тек сіз ғана көмектесе аласыз. «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» дегендей, бұл игі іс жүзеге асса, о дүниеде жатқан бабамыз да, халқыңыз да, риза болар еді деп ойлаймыз.
Қадірлі Нұрсұлтан аға!
Өзіңіздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақалаңыз халқымызды бір серпілтіп тастады. Ардагер ағамыз Мәскеу Ноқрабеков ағамыз бастаған бір топ ардагерлердің ұйымдастыруымен өткен Тараздағы конференция соның бір айғағы. Бұл бағдарлама-мақалаңыз еліміздің одан сайын ынтымақ-бірлігін арттырды. Бірақ мұндай шараларға жастарды көбірек қатыстырып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзіңізге тағы бір өтінішіміз орыстардың «Суворов», «Кутузов» сияқты халық батырларын әспеттейтін ордендері бар. Біз де «Кенесары хан», «Қабанбай», «Қарасай» деген атаумен орден-медальдар шығарсақ, халқымыз одан сайын рухтана түсер деп ойлаймыз.
Сізге бір Алладан зор денсаулық, күш-қуат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Халқымыздың береке-ырыздығы молайып, ынтымақ-бірлігі артсын!
Конференцияға қатысушылар атынан
Ертай Айғалиұлы