Ай

Қыз бала көптен науқас болатын. Ай емес, жылдап ауырып, сырт дүниемен байланыса алмай қалды… Бұрын достары хабарласатын, кейінгі кезде мүлдем жалғызсырады. Бірақ ол мойымады. Алдыңғы күнге сенді. Жалғыз әкесі бар. Алыста, ауылда тұрады. Сөйтіп үмітпен күн өткізіп жүргенде оған бүгін дәрігері келіп жақында ауруханадан шығатынын жеткізді. Қыз бала қатты қуанды. Бұған дейін дертінің беті жаман, күннен-күнге меңдеп барады деп күбірлесіп, көп нәрсені бұдан жасыратын. Асқа да тәбеті болмай, салмағы азайып, көңілінің қошы әбден кетіп еді. Тек ымырт үйірле оны күміс сәулесін себелеп ай жұбататын… Ол бар мұңын сол сұлу айға айтатын…

«Сұлу құрбым, мен ертең бұл арадан шығамын, сонда сені жақыннан көре алатын боламын. Солай ғой?!.» Ай үнсіз… Бұлт артынан күлімсіреп, сүттей жарық сәулесімен терезенің пердесін қозғағандай болады… Таң да атты. Қыз ауруханадан шыққанда оны әкесі мен туған шешесі күтіп алды. Шешесінің есімі Айсұлу еді… Әлдебір түсініксіз себептермен әкесі мен екеуі ажырасып кетіп, содан көрінбей қойған. Бұлт арасына сіңген ай сияқты… Оралыпты ғой. Екеуі қайта қосылыпты. Міне, алдарынан шығып тұр!.. Әкесі де бұрынғыдай емес, толысып, жақсарыпты. Кешегі бір хатында «Қызым, біз енді бақытты өмір сүреміз» деп жазған еді, сонысы оның шешесімен табысқанын айтқысы келгені болған-ау шамасы. Қыз екуінің құшағында ұзақ тұрды.

Анасына еркелей қарап: «Анашым, әкем маған қал-қадірінше хабарласып, көмектесіп тұрды. Ал сен келе алмадым деп уайымдама. Сені аспандағы ай жоқтатпады…» дегенде, шешесі де көзіне жас үйіріліп: «Білем қызым, білем… Мен күндіз-түні сені ойлаумен болдым. Түн баласы ай терезем алдына келіп, біртүрлі сен жайлы сыр шертетін. Ол маған:»Бәрі жақсы болады. Кешікпей қызыңмен көрісесің» дейтіндей еді. Сол күн бүгін туды. «Иә, анашым, мен ай құрбыма, көп ұзамай мен сені жүзбе-жүз көретін болам дейтінмін, міне, сіз алдымнан шықтыңыз. Ай сізбен аттас қой! Менің айым сізсіз!..»

 

                                                                                                                     Мұнайдар Балмолда