35 өрт сөндіру көлігінің кілтін тапсырды
Бүгінде төтенше жағдайлар саласы Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігіне бағынышты. Әйтсе де, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Төтенше жағдайлар департаментіне қолдан келген көмегін жасауда. Мұнын бұрын түрлі құрал жабдықтарды артып жүретін әмбебап көлікті алып бергені есімізде. Одан кейін апаттық жағдайда қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз еткен.
Ал 19 қазан күні облыс әкімдігі ОҚО Төтенше жағдайлар департаментіне 35 жаңа өрт сөндіру көлігін сыйға тартты. Себебі, бұл күні төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ететіндердің кәсіби мерекесі. Облыс әкімі Ж.Түймебаев барша сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған бірқатар азаматтарды да марапаттады. Құттықтау барысында Ж.Қансейітұлы:
– Биыл Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 22 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс және республика көлемінде орын алған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға өз үлестерін қосты. Осындай ерлік пен еңбектеріңіздің арқасында «Қазақстандық құтқарушы» мәртебесіне ие болған баршаларыңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және қызметте жетістік пен табысқа жетулеріңізге тілектеспін»,– деді.
Мерекелік шарада өз қызметтік міндеттерін сапалы, тиімді, мінсіз атқарып, қызметін адал орындаған 25 қызметкер азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан үлестері үшін «Еңбек ардагері» медалімен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен», «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгілерімен марапатталды.
Т.БОРАЛДАЙ.