Министрліктен көрсетілетін қызмет сапасын күшейтеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа замандағы әлеуметтік қызмет көрсетуді әрі қарай ұйымдастыру мәселесінде мемлекет пен отбасының және азаматтың ынтымақтаса қимылдауын көздеп отыр.

20 қазанда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, қызмет көрсетудің атаулы сипатын күшейтуде мұқтаж тараптың өтініш беруін тоспай-ақ, оны анықтайтын жұмыс тәсіліне көшу жоспарлануда екенін хабарлады.

«Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, әлеуметтік қызмет көрсету ауқымы мен көлемін кеңейту, сапасын арттыру мақсатында кепілдендірілген және қосымша қызметтер тізімін жасап, заңнама жүзінде бекіту, сондай-ақ, оны ұсыну тәртібіне өзгерістер енгізу қажет», — деді спикер кіріспе сөзінде.

Осыған байланысты, «Болашаққа көзқарас: Қоғамдық сананы жаңғыруы» бағдарламалық мақаласы аясында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі бағыттарды қамтитын жаңа Әлеуметтік қызметтер жүйесін әрі қарай дамыту тұжырымдамасын әзірледі:

— ауылдағы қызметтер қолжетімділігін қамтамасыз ету. Себебі бүгінде үкіметтік емес ұйымдар негізінен қалаларда жұмыс істеуде. Бұл түйткілді тарқату үшін жеке секторды тарту көзделуде.

— жеке секторды тартуға қатысты қызметтер тарифі мен стандарттарды қайта қарастыру. Бұл қағидаттар мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелермен бірге, үкіметтік емес ұйымдардың нақты шығындарын ескере отырып жасалмақ.

Нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі арқасында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсетілетін қызметтердің сапасы көтерілетінін болжауда. Осыған қатысты жаңа стандарттар жасалып, кадрлар даярлау мен қайта даярлау жүйесі қайта сүзгіден өтпек. Бұдан тыс, қаржыландыру тетігінің өзгеруі арқасында, еңбекақыны ұлғайту мәселесі көтерілуде.

Жаңа сипаттағы Атаулы әлеуметтік көмек

2017 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес, аталған жобаға қатысушылар саны 161,7 мыңға жетті, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 есеге артық. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 32,5 мың адам тартылды.

Атап өткен жөн, есептік мезгілде 24 861 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 4 697 азамат қоғамдық жұмыстер мен әлеуметтік жұмыс орындарына орналыстырылды. Сондай-ақ, 2 276 маман біліктілікті көтеру бойынша қайта дайындау курстарына және жастар тәжірибесіне жолданды.

Жобаға атсалысу нәтижесінде, қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 3,1 есеге өсті.

Еске сала кетсек, «Өрлеу» пилоттық жобасы – бұл әлеуметтік келісімшарт негізіндегі қаржылай көмек көрсету шараларының кешені. Аталған жоба атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісін қалыптастырып, табыс көзі төмен азаматтарды қолдауға бағытталып отыр.

2018 жылдың 1 қаңтарынан іске асатын жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болатын отбасылар қатыса алады.

Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп, жұмысқа орналасуға, жақсы өмір сүруге ынтасын күшейтпек. Сәйкесінше аз қамтылған азаматтардың ел экономикасы мен қоғамға етене араласуына мүмкіндік туады.

Зейнетақы жүйесінің жаңғыруы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс атқаруда.

«Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда», — деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Мұндай әдіс, 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнататыны күтілуде. 1998 жылға дейін және одан кейін де 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға, базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады.

10 жылдан асқан әр жыл сайын базалық зейнетақы 2 пайызға өспек. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын құраса, 30 жылда 94%-ды межелемек. Заңда айқындалғандай, 33 жылды еңсерген өтіл белесінде базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің толық 100% көлемін қамтымақ.

Светлана Жақыпованың айтуынша, Үкіметтің әлеуметтік сала бойынша жүргізіп жатқан жұмысы мемлекет көмегін алушы барлық тараптар үшін міндеттер ауқымын жүзеге асыруда кешенді әрі жүйелі көзқарасты қажет етеді.

«Мәселен, бүгінде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 466 теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрады.

Келесі жылы ынтымақты зейнетақыны болжамды инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары көтеру жоспарлануда.

Сонымен бірге, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымын қайта қарастыру мен оны келесі жылы 16 пайызға өсірумен қатар, мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша да жәрдемақы мөлшері көбейтілетін болады. Бұл аталған жәрдемақы түрлерін алушы 570 мың адамға қатысты дүние», — деп түйіндеді Вице-министр.

Ерқазы Сейтқали