Енді нан қымбаттауы мүмкін
Жарыққа байланысты дифференциалды тарифтердің жойылуынан кәсіпорны түнде жұмыс істейтін кәсіпкерлер шығынға бата бастады.
Егер олар түнгі тариф болған қыркүйек айына дейін 1 кВт-сағатқа 4,66 теңге төлеп келсе, қазір 15,51 теңгеден төмен емес. Мысалы, Қызылжардағы ең ірі наубайхана 4 жыл бұрын қондырғыларды жаңартқан. Жарықтың түнгі тарифі арзан болған соң, кәсіпорын түнгі өндіріске басымдық беріп келген. Алайда жаңа жүйе енгізілгесін несиесін арзан коммуналдық төлемнің арқасында жауып отырған наубайхана өкілдері дағдарып қалды. Енді нан бағасы өсетін сияқты.
СҚО кәсіпкерлер палатасы өкілінің хабарлауынша, Шал ақын ауданының кейбір жерлерінде бөлке нанның бағасы 65-тен 75 теңгеге көтерілген. Тұрғындар, әрине, наразы. Себебі, өнім өндіріп отырған кәсіпкерлер банкротқа ұшырай бастаса, азық-түліктің бағасы да апта сайын өскен картоп бағасы сияқты аспандап кетері кәміл. Петропавл нан-тоқаш комбинатының өкілдері: «Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындары жарықты күндіз тұтынғаны үшін 15 жарым теңге төлейтін.
Ал кешке қарай тариф тура екі есе қымбатқа түссе, түнгі уақытта тоқтың құны шамамен 4 теңгеге дейін арзандайтын. Алайда жуырда енгізілген реформадан соң наубайхананың арыны «су сепкендей» басылды. Себебі мекеменің негізгі жұмыс уақытында — түнде тариф шамамен 3 есе қымбаттады.
Тариф: 07:00-ден 19:00-ге дейін — 15,51 теңге; 19:00-ден 23:00-ге дейін — 34,22 теңге; 23:00-ден 07:00-ге дейін — 4,66 теңге. Қазір тәулігіне 24 сағат – 15,51 теңге. Сондықтан, табыстан қағылмау үшін тауар бағасын көтеруге тура келеді. Алайда нарыққа қымбат өніммен кірген субъектінің тұтынушыларынан айырылатыны сөзсіз. Сондықтан наубайхана шығынды кіріс көзінен жабуға мәжбүр»,— деп отыр.