ҚАРЖЫНЫ ИГЕРЕ АЛМАҒАНДАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНБАҚ

23 қазан күнгі Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржының игерілуін қатаң бақылауға тапсырма берді. «Нұрлы жол»  мемлекеттік бағдарламасын тиімді орындау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр. Сондықтан да негізгі мақсат — ағымдағы жылы жоспарланған барлық индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету», — деді ол. Осыған байланысты Премьер-Министр Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктері, сондай-ақ әкімдіктер қаржыны игеруде қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керектігін жүктеді. «Сонымен қатар биыл жұмыстарды тиісті деңгейде атқара алмаған бюджеттік бағдарлармалар әкімшілеріне 2018 жылы қаржыны қысқарту бойынша ұсыныс енгізіңіздер», — деді қатқыл дауыспен.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметіне қарағанда, 2017 жылдың бюджетінде мемлекеттік бағдарламаға  484 млрд теңге қарастырылған, оның 130 млрд теңгесі өңірлерге нысаналы трансферттер мен бюджеттік несиелер ретінде жіберіледі. «Бағдарлама қаржысының игерілу барысы апта сайын қадағаланып отырады. Ағымдағы жылдың 9 айында республикалық деңгейде 320 млрд теңге игерілді, яғни есепті кезең жоспарына 99,2 пайыз және жылдық жоспарға 66,2 пайызды қамтыды. Бүгінгі күнге жылдық жоспардың 69,5 пайызы игеріліп, 336 млрд теңгені құрады», — деді министр.

Осылай деген қаржы министрі «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражатты игере алмай отарған өңірлерді атады. Оның болжамынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте 6,9 млрд теңге, жергілікті бюджетте 2,2 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін.

«Жылдың соңына дейін бөлінген ақшаны игере алмау қаупі бар. Республикалық бюджет бойынша ақшаны игере алмау қаупі 6,9 млрд теңге. Бұл – халықаралық қаржы ұйымдарымен біріккен жобаларға бөлінбей қалған қаржы. Ақшаны игеру үшін аталған соманы республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жіберіп, Үкіметтің қаулысын бекіту керек», — деді ол.

Қаржыны игере алмаған облыстарға да шүйлікті министр.

«Жергілікті бюджеттерде 2,2 млрд теңге игерілмеу қалуы мүмкін. Мысалы, Маңғыстау облысында білім беру саласында 3 объект бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Салдарынан 1 млрд теңге игерілген жоқ. Ақмола облысында – құс фабрикасына тиісті инженерлік инфрақұрылымның құрылыс жобасы сотта қаралуы салдарынан 184,7 млн теңге игерілмеген», — деп олқылықты жасырмады.

 

Нағашыбай Қабылбек