Жүзімнен жүздеген тонна өнім алды

Егінжайдың ең шырынды жидегі жүзім. Жүзім адам бойындағы қанды көбейтіп, ағзаны қуаттандырады. Көзін төмен салған ерке сылқымдай майысып өсетін жидекті өсіруде оңай емес. Оңтүстік Қазақстан облысында шаруалар бұл кәсіпке онша мойын бұра бермегенімен Сарыағаштық кәсіпқой дихандар жүзім өсіруден де қайтпайды. 450 гектардан аса жерге жүзім еккен олар үстіміздегі жылы 8781 тонна жүзім алды. Жүзім негізі егілген соң төрт жылдан кейін өнім береді. Демек, жүзімнің бұл өнімділігі жоғары көрсеткіш. Кеңес Одағынан кейін бірер жыл аясы тарылған жүзім алқаптары соңғы жылдары қайта екпін алды. Жалпы бүгінде Сарығаш ауданында 1871 гектар алқапта жүзім өсіріледі.

Оның ішінде 1420,3 гектары ескі 450,7 гектары жаңа заманауи технология яғни тамшылатып суару тәсілі бойынша егіліпті. 450,7 гектар жаңа заманауи технология бойынша егілген жүзімнің 92,7 гектары асханалық, 358 гектары техникалық сорттар саналады. 2017 жылы ауданда 60 гектар  егістік жерге тамшылатып суару тәсілі ендірілген.

Алдағы жылы аудандағы  жүзімнің көпжылдық екпелерінің көлемі 1931 гектарға жетеді деген жоспар бар.  Оның 563,7 гектары тамшылатып суару тәсілі  енгізілген жүзім алқаптары болады деп күтілуде.

Бүгінде Сарыағаш ауданында жалпы көлемі 647,39 гектарды құрайтын 2530 жылыжай бар. Алдағы уақытта сол жабық егінжайлардың ауқымы да ұлғаяды деп күтілуде.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.