Латынға қазақ пен татар зиялыларының қарсылығы

Кеңес Одағы түркітанушыларының І конференциясы 1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызында Баку қаласында өтті. Осы мәселені тыңғылықты зерттеген профессор Жамал Манкееваның айтуынша, бүкіл түркі әлеміндегі түркітанушы ғалымдардың бұл алғашқы басқосуында үлкен айтыс болып, ақыры бітіспес дау-дамайға ұласып, ғалымдардың екі топқа бөлінуіне әкеп соққан. Латын әліпбиіне көшуді қолдаушылар бір топ, араб графикасы негізінде Байтұрсынұлы жасаған «төте жазуды» пайдалана беру қажет деушілер екінші топ болып, екі топ арасында қызу талас-тартыс жүрген. «Шындығына көшсек, мәселе Кеңес үкіметінің пиғылы мен көзқарасында еді» дейді Ж.Манкеева. Өйткені Орталық билік түркілердің бас біріктіріп кетуінен өлердей қорықты десе болады. Қорыққандықтан да араб әліпбиі негізіндегі жазуды «түрікшілдік идеясы», «түрікшілдік идеяны насихаттау» құралы деп тауып, оған қолдан келгенше қарсы күресіп бақты. Ал түрікшілдік дегеннің өзі ол кезде отаршылдыққа қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрестің символы іспеттес болатын. Өйткені зиялы қауым түркі жұртының басы қосылмайынша, отаршылдық бұғаудан құтыла алмасын жақсы түсінді. Айта кететін тағы бір нәрсе, бұл конференцияда латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы ғана емес, ғалымдар бұл жиында кірме сөздер мен термин сөздер төңірегінде де үлкен айтысқа түскен болатын.

Түркітанушылардың І конференциясы түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіруге орай метрополия тарапынан мақсатты түрде әдейі ұйымдастырғандықтан да Әзірбайжан ғалымдары латын әліпбиін жақтап шығуға тиіс болды. Бұл  патша үкіметі кезінде отаршылар жүргізген миссионерлік саясаттың Кеңес үкіметі тұсындағы қайта жаңғыруы, одан да анығырақ айтсақ, Ресейдің империялық мақсат жолындағы одан әрі жалғастыра түскен саясатының нақты көрінісі еді. Жаңа үкіметтің ашықтан-ашық жүргізе бастаған осынау отаршылдық саясатына  жалаң қолмен қарсы тұра алмасын сезген А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ пен татар зиялылары оған қарсы идеялық күресін енді ғылыми тұрғыдан қоюды мақсат етті. Өйткені олар латын әрпіне көшу түптің-түбінде орыс жазуына апарудың алдындағы қитұрқы әзірлік екенін жақсы түсінді. Шынында да, Баку қаласында өткен бұл конференция Орталық биліктің өзіне күш біріктіре алатын түркі халықтарын жуасытып, оның жазуын орыс алфавитіне көшіру алдындағы тактикалық қитұрқы айласының бір түрі ғана болатын.

Расында солай болып шықты емес пе.  1940 жылы ғалым Сәрсен Аманжолов жасаған кирилл графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі дүниеге келіп, ол ешбір кедергісіз бекітіліп кете барды. Сөйтіп, айналдырған он алты жылдың ішінде қазақтар үшінші рет жазуын өзгертуге мәжбүр болды.

Осы ретте түрік халықтарын латын әліпбиіне көшіру ісінде елеулі қарсылық көрсеткен Татарстан мен Қазақстан болғандығын атап өтсек артық емес. Арабша сауаттылар қатарының көптігін, арабша басылған еңбектердің молдығын, араб әліпбиінің жаңа латын әліпбиінен артықтығы болмаса, кемдігі жоқтығын баса айтқан татар және қазақ халқының зиялы қауымы әліпби ауыстыру ісінде біразға дейін қарсылық көрсетіп, табандап отырып алды. Мысалы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омарұлы бастаған қазақтың ұлтшыл азаматтары көпке дейін латынға бой бермеді. Олар латын әрпіне көшу  қазақты дәстүрлі мәдениетінен айыру деп үзілді-кесілді қарсылық танытып, көпке дейін Орталықтың дегеніне көнбеді. Уақыт өте келе оның ақиқат екеніне көз жеткіздік емес пе. Шын мәнінде, Кеңес Одағы құрамындағы кейбір түркі халықтарының латын әліпбиінен, сонан соң кирилл графикасынан бас тартып, дәстүрлі үйреншікті жазу үлгісінде қала беруді жақтағандағы негізгі факторлардың бірі Ресейдің ожар күш пен зорлық-зомбылыққа сүйенген отаршылдық саясатына көрсеткен қарсылығы болатын. Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Орталық Комитеті өткізген Пленум материалдарында Татарстан мен Қазақстанның латын әліпбиіне көшу ісіне айрықша өлермендікпен қарсылық танытқаны жайлы атап көрсетілген.

Қазақстандағы әліпби айтысы 1927 жылға қарай тіпті өрши түсті. Елде арабшыларды  «байшыл», «буржуашыл», «ұлтшыл», «алашордашыл», «діншіл» деген айыптау белең алып, қуғынға түсірді. Зиялы қауым арасындағы әліпби айтысы ушыға келе таптық реңк алып шыға келді. Осылайша бір халықты екіге бөліп, бір-біріне өшпенділікпен айдап салу әдісін орыс билігі әліпби тартысы барысында да жақсы пайдалана білді. Неткен өлермендік десеңізші!

Бакуде өткен конференциядан кейін көп ұзамай  Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1927 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен Жаңа Қазақ Әліпбиі Комитеті құрылып, осы жылғы 19 қарашадағы қаулысы бойынша Жаңа Қазақ Әліпбиінің Орталық Комитеті жұмыс істей бастады.

Биліктің аты — билік. Билік өз дегенін істетпей қоймайды. Сонымен, 1929 жылдың қаңтар айында өткен Орталық Кеңес Комитетінің IV сессиясында Қазақстанда латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөнінде мәселе қарап, 1929 жылдың 1 қазанынан бастап елдегі барлық мемлекет, кооператив мекемелері, түрлі кәсіп дүкендері, ұйымдарға арнап араб әліпбиімен қатар, латын әрпі негізінде түзілген жаңа қазақ әліпбиі мемлекет әліпбиі болып табылатыны туралы шешім шығарды. ( Қазақ жаңа әліпбиі туралы Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті IV сессиясының қаулысы. «Еңбекші қазақ», – 1929, № 8. 10 январь).

Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Ресей империясы өздері жаулап алған жердегі орыс емес халықтардың төл жазуын латын әліпбиіне көшіруді сондай бір үлкен күш-жігермен жақтаған орыстардың өзі латын әліпбиіне неге өтпеген? Зиялы қауымы қайда қараған? Міне, КСРО-ны мекендеген түрік, Қапқаз, Сібір халықтарының латын әліпбиіне өтіп, ал орыстардың өз әліпбиінде қалуы ұлт зиялыларының көкейінде бірден күдік тудырды. Басқаларға қамқорси қараған орыстар неге бұлай істеді? Оның астарында қандай сыр бүгулі жатыр? Егер орыс отаршыларының осы іс-әрекетіне ойлы көзбен көз жіберетін болсақ, талай-талай сұмдықтың табалдырығына тап болатынымыз  анық. Тіпті, жоғарыда сөз еткен «кінәратты саясаттың» бір ұшы осы араға келіп тірелетін сияқты.

Мәліметтерге сүйенсек, орыс жазуын латынға көшіру мәселесі Ресейге «батысқа терезе ашқан» І Петр заманында да сөз болған. Бірақ православия шіркеуінің Византиядан кейінгі гүлденген отаны болған Ресейдің ол кезде латын жазуына көшуі діни фактормен мүмкін болмай қалыпты.

Тоталитарлық  «бұйрықпен», «нұсқаумен» қабылданған кириллица

Ресей сияқты алып елде социализмнің салтанат құра алатыны жөніндегі идея басшылыққа алынды. Енді тоталитарлық жүйе мұндай ұлы идеяны жүзеге асыру үшін тұтас елді — орыстарды да, орыс еместерді де бір жазу үлгісіне (орыс жазуына) көшіріп, біртіндеп бір тілде (әрине, орыс тілінде) сөйлету мақсатын алға қойды. Түпкі мақсатты бүркемелеп, жасыру үшін алдымен ұлт тілдері жазуын латынға көшіруді ұйғарды.  Латынға көшіп, өзінің төл жазу-сызу дәстүрінен айырылған ұсақ ұлттарды ендігі кезекте кириллицаға көшіру соншалық бір қиын болмасын жақсы түсінді. Алайда орыс, армиян, грузин секілді халықтарға жазу дәстүрі қалыптасқан елдер деп қарап, «кеңшілік» жасағаны, ал татар, өзбек, әзірбайжан, қазақ сияқты жазу дәстүрі әуелден бар ұлттарға «таршылық» жасағаны түсініксіз еді. Қалай дегенде орыстың отарлық саясаты ұлттардың әліпби ауыстыру мәселесіне ерекше мән берді.

КСРО халықтарының көпшілігі латын транскрипциясына толықтай өтер-өтпестен Кремль метролитетінің шыдамы таусылып, тездетіп кирилл әліпбиіне көшіру ісін бастап та жіберді. Саяси биліктің отаршылдық пиғылынан туған «уақытша шегініс» тактикасы, міне, тап осы жерде аяқталды десе болады. Осы мәселені терең зерттеген ғалым В.М.Алпатов сол кездегі заң актілері мен басқа да көптеген фактілерге сүйеніп, биліктің жоғары органы ұлттардың кирилл әліпбиіне өтуі туралы шешімді 1933 жылдың күзінде-ақ қабылдап жібергені туралы мәлімет келтіруі тегіннен-тегін емес, әрине. (А.А. Алпатов. Языковля политика в СССР в 20-30 годы: утапил и ресивность ІІ Восток, – 1993. № 5. С.123).

Сөйтіп, КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы 1935 жылдың 1 маусымында Солтүстік халықтарды кирилл жазуына негізделген әліпбиге көшіру туралы қаулысын қабылдап та жіберді. Сібірдің ұсақ халықтары арасында латын әліпбиі кең қолданысқа түспегендіктен, жаңа әліпби саясатын осылардан бастаса, одан әрі жеңіл болатынын әбден зерттеп білген отаршылдар оның алғашқы бақылау тәжірибесін 1937 жылы Қабарды — Балқар республикасында жүргізуден бастады.

Ескеретін жайт, латын әліпбиіне көшу тұсында құрылған Бүкілодақтық Жаңа Әліпби Комитеті латынды кирилл жазу үлгісіне ауыстыру үлгісіне түбегейлі және белсенді түрде қарсы шықты. 1937 жылы ақпан айында өткен Пленумда: «Әліпби ауысқан сайын уақытша болса да халықтың біраз бөлігі сауатсыздыққа ұшырайды. Әліпбиді жиі ауыстыру — тиімсіз іс» деп, өз көзқарастарын ашық білдірді. Бірақ шешім жоғарыдан шығарылып қойғандықтан, бұлардың пікіріне  ешкім құлақ аса қоймады. Керісінше, өздерінің басына қара бұлт үйірілді. Артынша Бүкілодақтың Жаңа Әліпби Комитеті шұғыл таратылып, әкімшілік аппарат қызметкерлері тұтас қамауға алынып, қуғынға ұшырады.

Одан әрі 1937-1938 жылдары латын әліпбиін кириллицаға ауыстыру мәселесі жедел қарқынмен жүргізілді. Орыс жазуына көшу латын әліпбиі тұсындағыдай зиялылар арасында талқылау, пікір алмасу, оның  тиімділігін дәлелдеу, ұсыныс беру сияқты нәрселердің бірде-біреуі болған жоқ, тек «бұйрық», «нұсқаумен» ғана жүзеге асырылды. Өйткені латын жазуын орыс әліпбиімен ауыстыру қолға алынғанға дейін-ақ өз пікірі бар ұлт зиялыларын шетінен атып, асып, түрмеге тоғытып, әбден селдіретіп тастаған еді, содан соң саяси элитаның бас көтеруге дәрмені де қалмаған-ды.

Ұлттың өз пікірі бар сүт бетіндегі қаймақтарын сылып алып тастаған соң, 1940 жылы «халықтардың тілегі бойынша» деген жалған сылтаумен ешбір қиындықсыз латын жазуының орнына орыс жазуын ауыстырды да жіберді. Бұл кезең жөнінде белгілі ғалым Г.Батыгин: «Сталинские репрессии обрели такой масштаб, что в многих регионах было истреблена национальная интеллигенция, каторая является носительницей истерический памяти норада.

В Азербайжане, Казахстане, Молдовий традиционный алфавит был заменен кириллицей. Корни культуры, державшейся не многовекой традиций былы подрезаны»  деп, (Г.Батыгин. Новая время., 1989, № 18, с. 25) бүркеулі жатқан шындықтың бетпердесін сыпырады.

Айтып өтейік, 1937-1939 жылдар тек елдегі саяси репрессияның асқынған кезеңі ғана емес, сонымен бірге 1937 жылы қабылданған Қазақ ССР Конституциясы баптарынан мемлекеттік тіл деген ұғымды мүлдем алып тастауымен де есте қалды. Ал 1938 жылғы 13 наурызда КСРО Халық Комиссарлары Президиумы мен БК (б) Орталық Комитетінің «Ұлттық республикалар мен облыстық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту» туралы атышулы қаулысы дүниеге  келді. Содан кейін-ақ алысты көздеген бұл саяси шешім жоғары биліктің қатаң назарында болды және күн тәртібіндегі негізгі және басты мәселенің біріне айналып жүре берді. Осылайша орыс тілін міндетті оқыту ісіне және одан әрі дамыту мәселесіне қатысты қаулы-қарарлар мен ережелер 1939, 1948, 1952, 1955, 1957, 1967, 1978, 1983 жылдары қабылданып, атқарушы биліктің міндетті бірінші кезекте назарда ұстау мәселесіне айналды. Есесіне өзге ұлт тілдері мұндай аста-төк қамқорлықтан мүлде қалыс қалды. Әр жылдары дүниеге келген осынау қаулы-ережелерге сәйкес жергілікті ұлт мектептерінде орыс тілі пәнін оқыту 2-сыныптан бастап қолға алынады делінсе, орыс әдебиетін оқытуға айрықша назар аударып, бұл пәнді тек орыс тілінде оқыту міндеттелді. Мұндай қажеттілікті олар «оқушылардың орыс тілін жетік меңгеріп шығуына бірден-бір негіз қалайды» деп түсіндірді.

***

Сонымен, КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Президиумы 1940 жылғы 13 қараша күні «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Орталық биліктің мұндай саяси шешімге келетіні әуел бастан белгілі еді, тек оған келетін қолайлы уақытты ғана күтіп жүрген болатын. Сондықтан биліктің бұл қадамын бұқара халық  ешбір дау-дамайсыз қарсы алды.

Енді орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ әліпбиінің бұған дейінгі әліпбилерден қандай айырмашылығы болды деген мәселеге келейік.

Ең басты айырмашылық орыс және араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерді дұрыс оқып-жазу үшін деген сылтаумен оннан аса әріпті қазақ тіліне зорлықпен, күштеп ендіруі болды. Қазақ тілінің табиғатына жат бұл құбылыс тілге айтарлықтай зиян келтіріп, ол біртіндеп тілдің айтылым жүйесіндегі өзге тілдің сөздерін қазақтың өз артикулияциялық ерекшелігіне икемдеу қабілетінен айыруға апарып соқты. Сөйтіп, жазуымыз бен оқуымыз жартылай қазақша, жартылай орысша кейіпке еніп, «екі оттың ортасында» қалды. Бұл жазу жобасының түптің түбінде тілді дүбәра күйге түсіріп, өзіндік төлтума ерекшелігінен айырып тынатын, өте зымияндықпен тыңғылықты ойластырып жасалған мақсатты стратегиялық жоспар екендігі кім-кімге де түсінікті еді.

Шынында да солай болып шықты да. 1940 жылы қабылдап, күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан кирилл графикасы негізіндегі жазуымыз әуел баста қазақ тіліндегі сөздердің айтылымы мен жазылымын орыс тіліне барынша икемдеп, тіліміздің төлтума ерекшелігін жоюды көздеген қитұрқы әрекеті ақыры дегеніне жетті. Қазіргі әліпбиіміз, соған сәйкес емлеміз бен тілдік ерекшеліктеріміздің бәрі (орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық т.б.) қолданыстағы орыс әліпбиін үйретуге, тілімізді соған бағынышты етуге арналғандықтан, қазақ тілінің өзге тілдерден енген сөздерді, атау тұлғаларды, терминдерді өз ерекшелігіне икемдеу қабілетінен мүлдем айырылып тынды. (Мысалы, самовар — самауыр, Москва — Мәскеу, Россия — Ресей, СССР — КСРО, тағы басқа). Мұқият ойластырылған, алысты көздеген бұл орыстандыру саясатын олар жүйе-жүйеге бөліп, кезең-кезең мен жүзеге асырды.

Қазақ халқының санасын жаулап, дүбәра қалыпқа түсіру үшін жасалған әртүрлі стандарттағы шабуылдар одан кейін үдей түспесе, бір сәтке де саябырсыған жоқ. Әрине, мұндай жойқын идеологиялық шабуылдардан қорғану қазаққа оңайға түспегені анық. Мәселен, өткен ғасырдың 50-жылдары ұлт тілдері мен тіл ғылымына метрополия тарапынан келесі бір жойқын жабуыл жасалды. 1950 жылдың 20 ақпаны күні И.Сталиннің «Марксизм және тілтану мәселелері» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан кейін Кеңес Одағының барша республикаларында тілдік мәселені «сталиндік сара» жолға салу саясаты басталып кетті. Нәтижесінде елімізде тағы бір тілге байланысты реформа жүзеге асып, қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдылықтар қабылданып, күшіне енді. Осы реформадан кейін тілімізге жат ю, я, е, э, в, ц, щ, ч, ф, х, ь, ъ сияқты жаңа әріптердің асығы алшысынан түсіп, «орыс тілінен енген сөздер мен атау тұлғалар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттар енгізілген еді. Міне, бұл жоғарыда сөз еткен мәдени-рухани тұтастықтың бір көрінісі, әрі халықтың тарихи жадының елеулі бір саласы болып саналатын жазу дәстүрінің төлтумалық іргесі сөгіліп, істен шыға бастауы Ресей отаршылдары көп жылдар бойы саналы түрде жүзеге асырып келген саяси-идеялогиялық мақсатымен байланысып жатқан құбылыс болатын. Яғни, жаңа замандағы халықтар теңдігі мен достығы, интернационализм сияқты жалған идеялармен барынша бүркемеленген, шын мәнінде бұрынғы патша үкіметі кезіндегідей бұратана халықтарды шоқындырып, одан әрі орыстандырып, түптің түбінде қазақ даласын тұтас отарлау еді. Осы сәттен бастап қазақ тілінің жағдайы, табиғи қарсыласу механизмдері әлсіреп, сыр бере бастады. Тек сыр беріп қана қойған жоқ, біздің әліпбиіміз қазақ әліпбиі емес, ғалым Ә.Жүнісбек айтқандай, «қазақ-орыс», одан да анығырағы орыс-қазақ әліпбиіне айналды.

Орыс  тіліне қатысты қабылданған қандай қаулы-қарар, ереже, шешім, нұсқау болмасын, ол бір ғана тұжырымдамаға негізделді: қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілі емлесіне тәуелді ету. Осы жайтты жақсы түсінген Қ.Жұбанов 1933 жылы қазақ тіліне тән сингорманизм заңына сәйкес әліпби жасау керектігін тілге тиек етіп, емлеге өзгерту енгізуді ұсынған еді. Алайда бұл ұсыныс назарға алынбады. Назарға алмаған да себебі бар еді. Өйткені тағы да қайталауға тура келіп тұр, орыс отаршыларының негізгі мақсаты қайткенде де қазақ тілі емлесін орыс тілінің емлесіне тәуелді ету болатын. Одан әрі қазақтарды орыстандыру әлдеқайда жеңіл болатыны өзінен-өзі түсінікті емес пе. Осы тұста айрықша айтып өтетініміз, 1930-1950 жылдар аралығындағы қазақ зиялыларын қудалау, асу, ату, итжеккенге айдау секілді репрессиялық әрекеттің бәрі саясаттан оқшау тұрған құбылыс емес  еді. Бұл КСРО империясының жаңа бағыттағы өзгеріске түскен ұлттық саясатының құрамдас бір бөлігі болып табылатын. Бұл уақытта пролетарлық интернационализм идеялары орнына ұлыдержавалық шовенистік көзқарастар өмірге келді, орыс халқы шамадан тыс мадақталып, ол «Ұлы Русске», яғни Кеңес Одағы құрамындағы басқа теңқұқықты халықтар арасында басты халыққа айналды. Елдегі мұндай өзгерістер кеңес идеологтарының орыс патшалары мен қолбасшыларын, олардың келбеттері мен тұлғаларын үгіт-насихат жұмысында пайдалануына жол ашып, ұлыорыстық бағытқа қарай ұмтылды. Иван Грозный, І Петр, ІІ Екатерина, тағы басқа орыс патшалары, сондай-ақ қолбасшылары мен қаһармандарын дәріптеу басталды. Жоғарыда айтып өткендей, 1938 жылы ұлттық мектептерде орыс тілін міндетті оқыту мәселесі енгізілді, 1941 жылы Қазан төңкерісінің 24 жылдығын мерекелеу кезінде (7 қараша күн) И.Сталин халық пен Қызыл  Армияға «осы соғыста сіздерге Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Минин, Дмитрий Пожарский, Александр Суворов, Михайл Кутузов сияқты біздің ұлы ата-бабаларымыздың ержүрек бейнелері рух берсін» ұран тастаған соң-ақ ұлы орыстық шовенизм бұрын соңды болмаған дәрежеде қарқын алды. Ұлы орыстық шовенизм соғыс жылдарындағы және одан кейінгі уақыттағы КСРО Компартиясының атымен бүркемеленген өзінің идеологиялық майдандағы жұмысының негізін қалады, ал орыс халқы басқа тең халықтардың арасында «көшбасшы» ұлтқа айналды. Сөйтіп, Ресей империясы мен Кеңес Одағының арасындағы саяси-идеологиялық айырмашылық өзінен-өзі тегістеліп жүре берді. (Питер Э.Б. Национальное стройтельство или руссификация? (обязательное изучение русского языка в советских неруских школах. 1938-1953 г.г) В кн: Государство наций: империя и национальное стройтельство в эпоху Ленина и Сталина М.: РОССПЭН. 2011. – С. 310 – 318) Содан кейінгі уақытта Кеңес Одағындағы басқа ұлттар туралы әңгіме «екінші кезекке ысырылып», олар тек орыс ұлтының «көлеңкесінде» қалуға мәжбүр болды. Әрине, ұлттық республикаларда да «өз» ұлы бабаларының қаһармандық бейнелерін іздестіруге рұқсат берілгенімен, бірақ олар великоросстардың «ұлы бабаларына» қарсы қойылмау керек деп табылған еді. Мысалы, жаңа тарих бойынша белгілі орыс-кеңес ғалымдары А.В.Ефимов пен А.Н.Яковлев ұлы орыстық бағыттағы патриоттық тарихнамалық басылым даярласа, С.К.Бушуев республикадағы ғалымдарды «ұлттық нигилизмнен» арылуға шақырды. Ал, Қапқаз, Татарстан, Башқұртстан, Сібір, Орта Азия және басқа да жаулап алынған және езгіге түскен халықтардың царизмге, оның отарлық саясатына және сомодержавиені жақтаған жергілікті қанаушыларға қарсы ұлт-азаттық сипаттағы бас көтерулер қайта-қайта қаралып, осы бағыттағы ғалымдар билік тарапынан  қудалауға ұшырады. Айталық, Сталиндік сыйлық алған Шәміл туралы монографияның авторы — Әзірбайжан тарихшысы Гейдар Гусейнов арнайы орындардың қыспағына шыдамай асылып өлсе, татар және башқұрт ғалымдары Едіге үшін жапа шекті, Кенесары Қасымов үшін қазақ ғалымдары Ермахан Бекмаханов, Бекжан Сүлейменов, Қажым Жұмалиев, Е. Ысмайлов, тағы басқалар жазықсыз жазаға душар болды, итжеккенге айдалды.

Егер Яковлев пен Бушуев халықтардың теңқұқылығын ескермей, ашықтан-ашық ұлыдержавалық және русскоцентристік бағытты насихаттап, белден басса, П.Смирнов пен Е.Тарле патшалық Ресейдің жаңа аймақтарды басқыншылықпен жаулап алуын өркениеттік тұрғыдан тілге тиек етті. Онымен де қоймады, Ресейді ұлы держава дәрежесіне жеткізгендер кімдер деген мәселе қойып, ұлы орыс халқының көшбасшылығы арқасында Кеңес одағының Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияға қалай лайықты соққы бергенін алға тартып, орыс ұлтын ашықтан-ашық дәріптеуге көшті. Содан соң-ақ патшалық Ресей дәуірін дәріптеушілер көбейген үстіне түсті де, отаршылық езгідегі басқа ұлттар орыс менмендігінің көлеңкесінде қалып отырды. Бұл жағдай 1945 жылы 24 мамырда Кремльде өткен Кеңес Армиясының қолбасшыларын салтанатты қабылдау барысында И.Сталиннің орыс халқы үшін көтерген тосында тіпті айқындала түсті. Сонда «бүкіл халықтардың әкесі» былай деген болатын: «Жолдастар, маған тағы бір тост, соңғы тост көтеруге рұқсат етіңіздер. Мен бұл тосты біздің Кеңес халқы үшін, соның ішінде орыс халқы үшін көтергім келеді. Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығы үшін ішемін, себебі олар Кеңестер Одағына кіретін ұлттардың ішіндегі үздігі. Мен орыс халқының денсаулығы үшін тост көтеремін, себебі олар біздің еліміздегі барлық халықтардың ішіндегі осы соғыста Кеңестер Одағындағы басқарушы халық болды. Мен тосты орыс халқының басқарушы халық болғаны үшін ғана емес, сонымен қатар оларда айқын ақыл, табанды мінез және шыдамдылық бар екені үшін көтеремін…» (Сталин И.В. Сталина на приеме в Кремле в честь командующих войсками Красной Армий. 24 мая 1945 годо. ВКН.: – М.: ОГИЗ Главполитизмдат, 1947. – С. 197).

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Жаны сергек ұлтшыл ғалым Қ.Жұбанов 1933 жылы жарық көрген бір мақаласында «… Ресейге қарағаннан кейін, қайта қатынас әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақталып, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тұтас мәдениетінің іргесі сөгіліп, бөлшектеніп, жарықшақтанып, бытырауға айналғанын көреміз» деп жазыпты. Ол мақаласында бұл құбылыстың, әсіресе, 1867 мен 1917 жылдар аралығында ерекше қарқын алып, қазақтың мәдени-рухани тұтастығы ыдырауға бет алғанын арнайы түрде атап өтеді. Біз де негізінен мәртебелі ғалымның пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан Қазақ елін біріктіріп, тұтастандырып тұрған қоғамдық организмдерді бытыратып, бөлшектеп, жойып жіберуде әсіресе отаршылдық пиғылын халықтар достығы, интернационализм сияқты жасанды идеялармен бүркемелеп жүргізген большевиктік (кейіннен коммунистік) — кеңістік — тоталитарлық биліктің рөлі бәрінен де апатты, қауіпті, жойқын болды деп есептейміз. Орыс отаршылдығының түпкі мақсаты мен пиғылына терең үңілген сайын, әрі оның қиратқыш күшінің мүмкіндігін танып-білген сайын жаның түршігеді. Іштей булығып, тамағыңа ащы өксік тығылады, еріксіз жұдырығың түйіле бастайды…

Еске салатын нәрсе, қазақ тарихында Ресей империясының үш жүз жылдық басқыншылық саясатының түпкі мақсаты мен оны іс жүзіне асыру жолында кезең-кезеңмен қолданған, әрі бүркемелеп жүргізген түрлері, айла-тәсілдерінің механизмдері, яғни отарлаудың кешенді түрдегі шын тарихы әлі зерттелген де, жазылған да емес. Меніңше, оның зерттелуі де, жазылуы да екіталай. Өйткені осы күнге дейінгі әлем тарихы отаршылдық мүдде тұрғысынан зерделеніп, жазылып, сарапталып, түсіндіріліп келді. Олай болса, орыстың тарихи білімінің көлеңкесінен шыға алмай отырған қазақ тарихы ендігі жерде қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан отарсыздану мақсатында зерттеу жүргізіп, саралап, баға беріп жазатын уақыт келді деп ойлаймыз.

Бір анық нәрсе, орыс тілі басқыншылықтың, зорлықтың, зомбылықтың тілі болса, кирилл жазуы —  отаршылдықтың, озбыр күштің жазуы. Отаршылдықтың дәуірі өтіп, ожар күштің ақыры таяп келеді. Бұл не деген сөз? Орыс әлемінің, кирилл әліпбиінің дәуірі өтіп, күні батып барады деген сөз. Дәуірі өтіп бара жатқан жазу үлгісі бізді алға сүйрей ала ма, өркениетке жеткізуге дәрмені жете ме?..  

               

Болат Шарахымбай