«Нұрлы жер» бағдарламасы түзетілуі тиіс
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек: «Қазір банктер жеңілдетілген ипотеканы 14 аймақта береді, ал қабылдағандары бар-жоғы 700 өтініш. Бұл бағдарламаны іске асыру тиімділігінің төмен екенін көрсетеді. Гәп – ипотеканы төлеуде кібіртіктеп жүрген адам алдымен негізгі қарызды төлеп, ал пайыздық үстемемен сосын барып есептесетіндігінде. Банктер осыған наразы. Тиісінше, олар бағдарламаға қатыспай отыр. Ипотеканы субсидиялау нарықтық механизмге жатпайды, сондай-ақ, кепілге қойылған үйді жалғыз баспана деп алып қоюға сот та рұқсат бермейді.
Осыған байланысты аталған бағдарлама мен оған сәйкес заңдарды тағы бір рет екшеп, өзгерістер енгізу қажет екенін көреміз. Сондықтан, Үкімет Тұрғын үй бағдарламасын қайта қарайды. Банктер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолжетімді ипотека беруге құлықты емес болғандықтан, бағдарламаға өзгеріс енгізіледі, әйтпесе ол мүлдем орындалмайды»,— деп мәлімдеді. Сөйтіп Ұлттық банк, кәсіпкерлер палатасы және қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, «Нұрлы жерге» өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынды. Аталған мәселеге қатысты экономист Айдархан Құсайынов:
«Банк атауы — «пайыздық үстеме» ұғымымен егіз. Оларға әлеуметтік жауапкершілікті әкімшілік жолмен артқанмен, проблема шешілмейді. Бұл бағдарлама әлеуметтік тұрғын үй мәселесін шешетін сияқты көрінгенімен, банк жүйесінде проблема туғызады, яғни депозиттерге байланысты проблема шығады. Бәрі айналып келіп, тағы да сол, тұрғындардың «басын» ауыртады. Сондықтан оны кешенді түрде қарау керек. Жалпы, макроэкономикада арзан ақшаны біреуге беру үшін алдымен оның көзін табу керек. Ал ол пайда болу үшін, бір нәрседен жасалуы керек. Немесе Ұлттық қордан алу керек. Бізде Ұлттық қорға арқа сүйеу, қит етсе, содан ақша алу әдетке айналып барады.
Бұл — «ашкөз банктер» туралы әңгіменің бекер айтылмайтынына кезекті дәлел. Тек оларды күйреуден аман алып қалу үшін бюджеттің миллиардтары бөлінеті, биліктің оны «нарықтық механизм» деп қабылдап, оған «бойкот» жарияламайтындары күйдіреді. Яғни «Нұрлы жер» бағдармасы қазіргі күйінде шынымен де іске аспайды»,— дейді сенімді түде.