Ақтөбеде сақалдылар мәселесі ушығып тұр
Дін саласының маманы Балғабек Мырзаев: «Ақтөбеде бетперде кигендердің базар жанындағы телефон сатушыларды тиеп алып кету оқиғасы алдағы күндері де болуы мүмкін. Оған себеп жоқ емес. Ұрланған, болмаса ескі телефондарды сататын азаматтардың іс әрекеттерінде әлі де радикалды материалдарды тарату деректері болып жатыр.
Телефон сатардың алдында өздерінің идеологиясын насихаттайтын бір-екі уағызды салып жібереді. Сондықтан біз ұялы телефон алғанда сақ болуды ескертеміз. Ішінде радикалдық бағытты насихаттайтын элементтер болуы мүмкін.
Ақтөбеде болған жағдай Атырауда, Жеқазғанда, Оңтүстік Қазақстанда да бар. Бірінде орамал бойынша, екіншісінде жат ағым, тағы бірінде тіркелмеген діни бірлестіктер секілді проблемалар бар. Өкінішке орай, осындай жағдай еліміздің қазақ тілді тұрғындары көбірек шоғырланған жерлерде болып жатыр.
Мемлекеттің өзінің заңнамалық нормаларының сақталуы ең бірінші орында тұруы керек. Біз өзіміздің елдің азаматтары деп көп нәрсеге жеңіл қарап келдік. Өкінішке орай, олар мемекеттің көрсеткен жеңілдігін дұрыс түсінбей, шабуылдарға шыға бастады. Қазір мемлекет оларға сөзге түсінбесең заң нормаларының қолданатынын түсіндіріп жатыр»,— дейді.