МАҢЫЗДЫ ФОРУМ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРДІ

Атырау облысының орталығында 30-31 қазан күндері  «ASAR» I республикалық үш жақты серіктестік форумы болып өтті. Бұл форумның көтерген мәселесі – мемлекет, коммерциялық емес сектор және бизнес арасында серіктестіктің тиімді формасын құра отырып, қоғамның әлеуметтік проблемаларына назар аудару, оны шешуге бірлесе атсалысу болды. Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі.

— Қазақстанда «ҮЕҰ – бизнес –мемлекет» форматындағы әлеуметтік серіктестіктің негізі қалыптасқан. Бүгінгі күні мемлекет үш жақты ынтымақтастықты дамыту үшін қажетті жұмыстарды үнемі жетілдіріп отырады. Бірлескен қызмет жаңа идеялар мен технологиялардың қалыптасуына ықпал етеді. Бұл қызметтердің сапасын жақсартуға, жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға серпін береді, — деді.

Сондай-ақ, Гүлшара Наушақызы бұл үдеріске мемлекет басшысы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оң әсері болғанын, бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Туған жер» жобасы жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде, ұлттық патриотизмді нығайту жолында азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлерді біріктіруде маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын да айтты.

Форум «ҮЕҰ – бизнес – мемлекет: серіктестіктің жаңа көкжиектері» деген тақырыпта пленарлық сессиямен жалғасты. Сессияда Қазақстан Республикасы Дін істері және Азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сөйлеп, «АSAR» форумының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқанын, енді жыл сайын республиканың түрлі өңірлерінде өткізілетінін мәлімдеді. «Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген ойды айта отырып, «Туған жер бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Осыған орай, Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасын жүзеге асыруды бастады, бүгінгі жиын да сол жұмыстың бір бөлігі екенін айтып, мемлекеттің өз тарапынан қоғамды байланысқа шақырып отырғанын жеткізді.

Республикалық  «ASAR»  Бірінші форумын өткізуге Атырау облысының таңдалуы мұнайлы өлке беделін көтере түскені анық.  Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасының ішкі-сыртқы инвесторларды тартуы арқасында Атырау облысының да игі дамуда екендігіне тоқталды. Жергілікті бизнес иелерінің, мұнайгаз компанияларының әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы істерінен құлағдар етіп, осы бағытта құны бір миллиард болатын 11 жобаның жүзеге асып жатқанын әңгімеледі. «Заңғар» жобасы бойынша жастарды ортаға бейімделуге үйрететін 100-ден аса тренинг оқулары өткізілген. Әлеуметтік түсінігі кең қоғам азаматтарын даярлау жолындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Жиында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, «Enactus-Kazakhstan» директорлар кеңесінің төрағасы «Raimbek» компаниясының бас директоры Райымбек Баталов, «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкімет және жұртшылықпен байланыс бойынша бас менеджері Ризабек Артығалиев, «Фридрих Эберт» атындағы қор кеңсесінің басшысы Толғанай Үмбетәлиева, «Талап» қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Рахим Ошақбаев, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова  өз зерттеу, талдау, ұсыныс, пікір ойларымен бөлісті.

Форум қатысушылары әлеуметтік жобалар мен идеялар онлайн- жәрмеңкесінде қолдауға ие болған жобалармен, «Әлеуметтік бастамалар картасымен» танысты. Меморандумдарға қол қойылды. Екі күн бойы конференциялар, панельдік дискуссиялар, мастер класстар, интерактивті дәрістер, семинарлар сан алуан тақырыптарымен зерделенді. Еліміздің әр өңірінен келгендер арасында KazENERGY acсоциациясы, Өскемен титан-магний зауыты, өзге де алпауыт компаниялардың, бизнес ұжымдардың,  200-ге жуық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері  болып, маңызды мәселелерді ортаға салды, танысты, үйренді. Қонақжайлық құрметке де уақыт тауып, тарихи, мәдени шараларға қатысты.

Форумды ұйымдастырушылар: ҚР Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігі, ҚР «Атамекен» кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы, Атырау облысының әкімдігі.

«ASAR» республикалық үш жақты серіктестік форумы «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының беделді бөлігіне айналып, ҮЕҰ, бизнес, мемлекет үшін жыл сайын форум тақырыбында атқарылған жұмыстардың нәтижесін қорытындылайтын, айқындайтын диалогтық алаңға айналады деп күтілуде.

Светлана Муньянова,

Атырау облысы