Үйге «артық» адам керек емес…

     Ол үйленгелі бері үйінде бірге тұрып келе жатқан әкесі үшін әйелімен ылғи да қырық пышақ болатын. Арадағы ұрыс-керіске әйелінің қайын атасына тыжырына қарап, «үйге артық адам керек емес» деп жақтырмай қарайтын шайпау мінезі себеп тұғын. Сондай бір ұрыстардың адам айтса нанғысыз бас бермей кететін кездері де жиілеп кетті. Әдеттегідей жан алқымнан алатын әйелі үйді басына көтере: «Не бұл үйден мен кетем, не әкең кетсін!» деп долылыққа басты. Ажырасуға дәті шыдар емес. Үйде бірге тұрып жатқан әкесі үшін лап ете қап, өршіп ала жөнелетін ұрыс-керістер болмаса, былайғы өмірде өзі де, өзін де қатты жақсы көретін әйелімен бала-шағалы, бақытты отбасы болатын. Осы әйелге кезінде қолы әрең жеткен еді, үйдегілерді қалай әрең көндіріп еді десейші?! Әйеліне өлердей ғашық болғаны соншалық, әлі де қатты жақсы көретін.

      Енді міне, шақшадай басы шарадай болып, шарасыз күйде не істерін білмей, дал болып отырған оның есіне бұл тығырықтан алып шығар бір ғана жол түсті. Ол – кезінде аң аулауға керек болар деп тұрғызған таудағы күрке сымал ағаш үйге әкесін апарып орналастырсам деген ой еді. Аптасына бір рет соғып, тамағын апарып беріп, керектісін жеткізіп тұрса, күнде құлақ етін жемей үйде әйелі де тыныш табар еді деген үміт. Әкесіне керекті бар заттарды дайындағаннан кейін төсекке таңылған әкесін көтеріп әкеп машинаға салды. Баласы да «барам» деп етегіне жармаса кеткендіктен, оны да машинаға отырғызып алып, жолға шықты.

Қақаған қыс айы. Даладағы үскірік аяз бет қаратар емес. Қарсы алдарынан кұйындатып борай соққан кардан жолды әрең-әрең көріп келе жатты. Қасында отырған кішкене баласы әкесінен қайда бара жатқандықтарын мазалап, қанша сұраса да еш жауап ала алмады. Ал өзін қайда апара жатқандығын бірден ұққан көкірегі ояу қарт болса, іштей егіле жылап, көзінен сорғалай аққан жасын жеңімен сүрткен күйі, немересі мен баласына білдірмеуге тырысты. Бірнеше сағат жол жүріп таудағы үйге де келіп жетті-ау. Бұл жерге ат басын тіремегелі де біршама уақыт болыпты. Үй сымал ағаш күркенің әбден тозғаны соншалық, төбесінен су ағып, еденге тастаған тақтайлардың кейбір тұстары шіри бастапты.

Күркенің бір бұрышын тазалап, аз бір дайындық жүргізген-сымақ болғаннан кейін машинадағы төсекті әкеп сол бұрышқа жайлап орналастырды. Артынша басқа да заттарды өз орындарына реттестіріп қойғаннан кейін ең соңынан әкесін түсіріп әкеп, әлгі төсекке жатқызды. Ал үй деп әкелген күрке болса, үйден гөрі далаға көбірек ұқсас болатын. Едені сыз, суық күркеде әкесі төсекке жатқызыла сап-ақ, тісі-тісіне тимей сақылдап, жаурай бастады. Денесі қалшылдап тоңа бастаған әкесіне қарап тұрып «Ертең жылырақ көрпе-жастықтарын әкеліп берермін» деп ойлады.

Бірақ ішін жегідей жеп, өзегін өртеген қалың ой мен еңсесін зіл ғып басқан мұңнан бір түрлі арыла алмады. Ол осындай боп өзін күнәлі сезініп тұрғанда, әкесінің де ішкі жан дүниесі бұлқан-талқан, көңілі астан-кестең күйде еді. Қаншама жыл барын аузына тосып, аялап баққан баласы қартайып, әл-қуатынан айырылып, қауқарсыз күйге түскен шағында қадір-құрмет көрсетудің орнына өзін тірідей көміп, қыстың көзі қырауда елсіз далаға тастап кетіп бара жатқан жоқ па?! Бұл не, ит-құсқа жем болсын дегені ме, жоқ әлде, аязда аштан қатып өлсін дегені ме?! Бұдан өткен бақытсыздық, бұдан асқан масқаралық болар ма?!

Осындай қорқынышты әрі сұрықсыз ойлар жетегінде іштей қатты мүжілген қарт сырттай сездірмеуге тырысып бақты. Болған жайттан ешнәрсе ұқпаған тек қарттың немересі ғана болатын. Кіп-кішкентай бала жүрегі, әйтеуір, атасынан айырылып бара жатқанды ғана сезіп, көңілін қорқыныш билеп, бәріне сырттай ғана көз салып тұрып қалды. Қайтатын уақыт та таяды. Қоштасарда әкесінің төсегіне еңкейіп, оны құшақтаған күйі өксігін баса алмай, көп жылады. «Мені кешірші» дегендей, бетінен, көзінен, қолдарынан қимай-қимай көп сүйді. Екеуі де өздеріне ие бола алмай, әкелі-балалы құшақтасқан күйі іштей егіле жыласты. «Осыған мәжбүр болдым, әке, қайтейін» дегендей ұлы артқа қайта-қайта көз тастап, кішкене баласының қолынан дедектете жетектеген күйі күркеден алыстай берді.

Машинаға келіп отырды. Қайтар жолға бет алғаннан-ақ қасына ерте келген кішкене баласы «Атамды суық жерге неге тастап кеттің?» деп ал кеп жыласын. Баласына не деп жауап берерін білмеген әке байғұс қатты састы. «Шешең осылай болуын қалады» деп айта алмады. Баласы бір уақытта жұлып алғандай «Сен қартайғанда мен де сені осында әкелем бе?» дегенде, басынан біреу мұздай су құйып жібергендей қалш еткен күйде тұрды да қалды…

Сұраққа жауап таппастан, бірден машинасын кері бұрды. Күркеге жете бере «Әке, мені кешірші?!» деген күйі тамағына тығылған ащы бір өксікке ие бола алмастан, мойнына асыла кетті. Кемсеңдеген әке мен кешірім тілеген ұлы бір-бірін қатты құшақтаған күйі құдды кішкене бала секілді өксік баса алмастан көп жыласты. Өзінің қателігін енді ұққан баласы «Жаза бастым, жаңылдым, әке, мені кеш» деп аяғына бас ұрып кешірім сұрағанда:

— Сенің қайтып келетініңді білгенмін, балам. Сен мені тауға әкеп тастап кететіндей мен өз әкемді қартайған шағында тауға апарып тастаған жоқпын ғой. Мені тауға алуын алып келсең де, дәтің шыдап тастап кетпейтініңді, қайта оралатыныңды білгенмін, балам, — деген еді қарт сонда…