Латын қарпіне көшу – Алаш арыстарының да арманы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындау мақсатында «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары» атты «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараны республикалық «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен ҚазҰУ, Түркия Республикасының Гази университеті және Түркі тарихы қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Ауқымды деңгейдегі шараға Түркиядан арнайы делегация – Тürk tarih kurumu президенті доктор Рефик Туран (Refik Turan) бастаған ұйым өкілдері, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Монғолияның және еліміздің ғалымдары, архивтер мен мемлекеттік мекеме басшылары, ЖОО өкілдері қатысты.
Конференция жұмысы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрестеріне жол бастаған «Алаш» идеясы тарихы мен сол бағытқа өмірін арнаған Алаш қайраткерлері және оның мұрагерлерінің тартысқа толы тағдырының тәуелсіздік тұрғысынан маңызын ашып көрсетуге бағытталды.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, Елбасы мақаласына негізделген рухани жаңғыру қатпарлы қазақ тарихынан басталады. Ол үшін ең алдымен алаш қайраткерлерін дәріптеу аса маңызды.
Оның айтуынша, «рухани жаңғыру дегенімізге – Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен өнегелі істерін көпке дәріптеуде кіреді.
Халқымыздың ұлттық кодының бір тармағы осы – Алаш құндылығында жатыр».
«Сондай-ақ, Алаш идеясын қолдап, біз осыдан бес жыл бұрын Парламент мінберінен тұңғыш рет Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғыртып, депутаттық сауалдар жолдап, Үкіметтің назарына бірқатар ұсыныс жасағанбыз, — деді Азат Перуашев, — Бізге әлі де Алаш идеясын біржолата жоюды көздеген кеңестік, отаршылық жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға көп күш жұмсауға тура келеді.
Біздің ойымызша, дәл осы мақсатпен күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөнінде айрықша тарихи маңызы бар Жарлығына қол қойды.
Мен шын жүректен баршамызды осы тарихи мағынасы бар Елбасымыздын шешімімен құттықтаймын!»
«Ақ жол» партиясының жетекшісі сондай-ақ, «латын қаріпіне көшу деген — отаршылық психологиядан азат санаға, еркін ойға көшу, азаматтық ерлік. Латын қарпіне көшу- Алаш арыстарының да арманы! 1926 жылы Баку қаласында өткен түркі халықтарының латын қарпіне өту жөніндегі конференциясына Алаш жетекшілерінің де қатысқаны белгілі. Ал, сол кездегі әліпбиді жасауға Халел Досмұхаметұлы, Қошке Кемеңгеров секілді алаш өкілдері атсалысты» деп атап өтті.
Конференцияда ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, белгілі ғалымдар М.Қойгелдиев, З.Қабылдиновтер сөз сөйлеп, Алаш идеясының қыр-сырымен бөлісті.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі