Мал шаруашылығы кешені іске қосылар емес

Қызылорда облысының Шаған ауылында салынған бірегей мал шаруашылығы кешенінің ахуалы мәз емес. Кешен іске қосылмағандықтан, оның өнімін әлі бір жыл күтуге тура келеді. Әу бастағы жоспар бойынша мұнда ет, шұжық, үй жануарларына арналған тағамдар, қалбырдағы ет пен фармацевтикада қолданылатын сүйек ұн шығарылуы тиіс еді. Тіпті шығарылған өнімді экспортқа да жіберу көзделген. Алайда уәделі ет пен шұжық  жергілікті дүкендерге де әлі түсетін түрі жоқ. Кешеннің өзі 2015 жылдың соныңда пайдалануға берілген. Қолданысқа берілді деген аты болмаса, әлі жұмысқа кіріспеген.

Бәрі жоспар күйінде ғана қалып тұр. Мал шаруашылығы кешенінің басшысы Бердібек Қадыров: «КазАгроӨнім: «Біз құрылыс салып болдық, әрі қарай өзің кредит аласың да, өзің іске асыруың керек»,— деді. Негізінен бұл жобада малды алып, әрі қарай оны қайта қаржыландырып, оны іске асыру мен өндірілген өнімді сату сынды қарекеттер бірге жүргізілуі тиіс болатын. Министрлікте бұл жоба толық піспеді ме, әлде толық шешім таппады ма, жақсы басталған іс орта жолда тұрып қалды. Жұмысқа кедергі болған тағы бір мәселе — несие пайызын қайта қарау ісінің тым созылып кеткені.

400 миллион теңгені 16 пайыз үстемеақымен қайтару өте ауыр болды, ал оның мөлшерін 9 пайызға түсіргенше, бір жыл уақытымыз кетті. 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салу — ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. «КазАгро» ұлттық холдингі арқылы 400 миллион теңгедей қаржы да бөлінген. Бірінші транш бойынша қаралған сома толық игеріліп, оған 16 бордақылау алаңы, жем сақтайтын қоймалар мен ветеринарлық зертхана, санитарлық бекет салдық. Су мен электр желісін де тарттық. Бірақ жобаны қаржыландыру осылайша орта жолда тоқтап қалды»,— деп, сала министрлігі мен ұлттық холдингтің жобаның екінші кезеңіне ат салысудан бас тартқанына қынжылысын білдірді. Десе де, шаруалар облыс әкімдігіне шығып, солардың қолдауынын арқасында жобаны әрі қарай іске асырып жатыр екен.

Мәселе жақында сессияда қаралып, бірінші транш — 15 миллион теңге ақша бөлініпті.  Кәсіпкер алған несиесін екі жылдан бері төлеп келеді. Осы уақыт аралығында 30 миллиондай қаржыны қайтарып та қойған. Ал 200 миллион теңгедей заем мемлекет есебінен жабылыпты. Ауқымды жоба жарты жолда қалмау үшін, жергілікті шенділер де барынша қолдау көрсетуге тырысып жатса керек. Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхамед Сыздықов: «Жобаға 216 миллион теңге қаржы қаралды. Оның 157 миллион 500 мың теңгесі мың бас мүйізді ірі қара сатып алуға, 58 миллион 602 мың теңгесі ішкі мал союға құрал-жабдықтармен жабдықтауға қаралып жатыр.

Келесі жылдың ортасына қарай көптен күткен өнімді жергілікті дүкендерге шығару көзделген. Екі жыл бұрын уәде етілгендей мәрмәр еті де нарыққа жол тартуы мүмкін. Табиғи өнімді шетке шығару да жоспарда бар»,— дейді алдағы уақытқа сенім артып.Еске салсақ, Қызылорда облысы биылғы жылдың мамыр айында бруцеллез ауруы бойынша буферлік аймақтан шығарылған болатын.

 

Ермек Сахариев