Латын әліпбиіне өтуге қанша қаржы жұмсалады?

Астанада өткен брифингте журналист сауалына Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ерлан Сағадиев жауап берді. ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев: «Латын әліпбиіне көшу бойынша қарастырылған нақты сома бар. Оның барлығы қайда жұмсалатыны нақты белгіленген.

Мысалы, біз 2019 жылы нөлінші сыныптарға латын әліпбиін оқытатын тәрбиеші-ұстаздарды үйретуді бастасақ, әрбір сыныптарды кезең-кезеңімен латыншаға ауыстырған кезде барлығына да оқытушыларды дайындап, жыл сайын жаңа оқулықтар басып шығаруымыз керек.

Мысалы, 2019 жылы біз нөлінші сыныпқа арналған латын әліпбиіндегі оқулықтарды басып шығара бастаймыз. Мұның барлығы қаржымен шешіледі»,—  деп сырғытпа жауап берсе, ҚР Мәідениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы: «Біз қалай республикалық жұмыс тобын құрамыз, солай бұл қаржыға байланысты мәселелер анық шешілетін болады.

Бұл үлкен жоба, соған орай бұған жұмсалатын шығын да аз болмайды. Ал біз – министрлік 2018 жылға 56 млн теңге көлемінде қаржы сұрап отырмыз. Бұл — жарнамалық жұмыстарды жандандыруға, арнайы порталға және мәтіндерді латын графикасына автоматты түрде көшіретін конверттер әзірлеп іске қосуға, сонымен бірге латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшірудің 2018-2020 жылдарға арналған іс-шараларға жұмсалатын болады» — деді.

 

Ермек Сахариев