Париждегі қазақтар
Биыл жолымыз болып, Еуропа қазақтарымен жолығудың сәті түсті. Аустрияның орталығы Вена қаласындағы таныстарымыз Мәсіғұт пен Жәмилә біздерді 35 жыл бойы тұрып жатқан Вена қаласынан күтіп алды. Қаланың көрнекті жерлерін аралатып, Венадағы қазақтармен таныстырды. Жағдайлары жаман емес. Өкімет жұмыс істемегендерге 600-ден 1200 евроға дейін көмек ретінде ақша төлеп отырады екен. Бәрінің үйлері бар. Кейбіреулері сатып алған, біразы өкіметтің үйлерінде тұрады. Коммуналды төлемі 1200 евро, су тегін ақша төлемейді екен.
Екі күннен соң біздерді Братислава мен Будапешт қалаларының көрнекті жерлерін толық аралатып, ол жердің мәдени тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сөз арасында бұл мемлекеттерде қазақтардың тұрмайтынын, Еуропада қазақтардың көпшілігі Парижде, Мьюнхенде және Кельнде тұратынын айтты. Олармен байланысып тұратынын және олардың көпшілігі Керей руынан болғандықтан, туыс ретінде байланыс жасап, араласып тұратынын сөзге тиек етті. Дәм тартса, ертең Парижге апару да жоспарда бар екенін еске салды. Париж бен Венаның арасы 1000 шақырымнан асатынын, ол жаққа машинадан гөрі ұшақпен ұшу тиімді болатынын айтып, билетке тапсырыс беріп қойғанын ескертті. Біз, әрине, ондай ұсынысты қуана қабылдадық. Сонымен, ертесі 24 қыркүйек күні сағат 16-да Парижге ұшып кеттік. Ұшақ бір сағат отыз минутта ұшып келді. Біздерді Парижден Асан мен Түрікпен атты азаматтар күтіп алды. Ол күні демалып, ертесінде бізді атақты Эйфель мұнарасына алып барды. Парижге 1974 жылы көшіп барған Асан Эйфель мұнарасы жайлы толық мәлімет берді. Мұнараны 1832 жылы туған инженер Гюстав Эйфель 1887 жылы 26 қаңтарда бастап,1889 жылы 31 наурызда бітірген. Мұнара сол жылы Парижде өтетін көрме қарсаңында көрменің қақпасы ретінде және Францияда болған революцияның 100 жылдығы құрметіне уақытша салынған екен. Мұнара Сена өзенінің жағасындағы Марс алаңында орналасыпты. Биіктігі басындағы антеннасымен 324 метр екен. Мұнараның басына арнайы жасалған жеделсатымен (лифт) және баспалдақпен шығуға болады. Мұнара 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатының биіктігі 58 метр, екінші қабаты 115, ал үшінші қабаты 276 метр биіктікте екен. Мұнара қанша жел болса да небәрі 10-15 сантиметрге ғана шайқалатын етіп жасалапты. Үшінші қабатынан бүкіл Париж толық көрінеді. Бір қызығы, осы мұнараны атақты жазушы Ги де Мопассан мен Виктор Гюго ұнатпапты. Мұнараны 7 жылда бір рет 60 тонна бояумен екі қайтара сырлап, жаңартып отырады екен. Мұнараны тамашалап болған соң Луврды көруге бардық. Парижде 173 музей бар. Лувр — солардың ішіндегі ең ірісі. Музейден Леонардо до Винчидің атақты «Джаконда» деп аталып кеткен портреті Моно Лизаны көрдік. Суретке арнайы бөлме беріліпті және қалыпты температураны сақтап тұру үшін электроникамен бақыланады. Сурет өте үлкен емес, 74 те 53 сантиметр шамасында. 16 ғасырда салынған осы суреттің құны екі жарым миллиард долларға бағаланыпты. Суретті 1911 жылы Винченцо Перуджей деген музей жұмысшысы ұрлап кетіп, 1913 жылы Италиядан табылыпты. Ал 1956 жылы көрмеге келген Уго Унгаса деген фанат суретті таспен ұрып, сол шынтағына зақым келтіріпті. 1941 жылғы соғыс кезінде суретті Шамбор деген қорғанға тығып, сақтаған екен. Сол күні кешкісін Париждегі қазақ қоғамының басшысы Мұстафа және оның орынбасары Абаймен жолығып, біраз әңгімелестік. Мұстафаның айтуына қарағанда, Парижде қазір 300-ден аса қазақ отбасы тұрады екен. Қоғамның жұмыстарын өздері сайлаған сегіз азамат жүргізеді. Олар наурыз мерекесінде және ораза мен құрбан айт мерекелерінде, туған күндерін атап өту кездерінде үнемі бас қосып, осы мерекелерін тойлап отырады. Қазақ жастарынан құралған жеті футбол командасы өзара жарыстарын өткізеді. Құрама командасы өткен жылы Парижде бірінші орын алып, қала кубогының жеңімпазы болыпты. Футболшы жігіттерді Қазақстанға үш рет алып келіп, Қарағанды және Шымкент қалаларында ойындар өткізген. Қазақтар жиналатын жердегі үйді айына 1200 евроға жалдап тұрады екен. Сол жерде қазақ жастарын қазақша сөйлеуге, домбыра және қыздарға қазақ билерін үйретуді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сол жерден би үйренген қыздарды Алматы мен Астана қаласына алып келіп, өнерлерін көрсетіп қайтыпты. Жасы үлкен адамдарға сый-құрметтері ерекше. Қайтыс болған адамдарын Түркияға жерлейді екен. Оның шығынын қоғам өтеп келеді. Жалпы Еуропада қайтыс болған қазақтарды туған жерлері Түркияға жерлеу рәсімі қатаң сақталған. Мұстафаның сөзіне қарағанда, Мьюнхенде — 170, Кельнде — 150, Голландияда — 60, Швецияда — 30, Венада — 35, Лондонда — 30, Берлинде — 40,Швейцарияда — 5, Бельгияда — 6, Данияда — 4, Италияда 2 қазақ отбасы тұрады. Олармен үнемі байланыс жасап отырады. Жылына екі рет Еуропа қазақтары жиын өткізуді әдетке айналдырған. 2008 жылы Қазақстаннан 70 адам барған өнер адамдарының концерттері мен айтыс ақындарының өнерлерін тамашалағандарын ерекше ықыласпен еске алды. Осындай атқарылып жатқан істер мен бірге біраз қиыншылықтары да бар екен. Ең басты проблема қазақ жастарын қазақша оқыту мен финанс жағы болып отыр. Қазақша оқытатын маман жоқ. Жергілікті қазақтардың өздері түрікше сөйлейді. Ай сайын әр жанұя 10 евродан жинап жалға алған үй ақысын төлейді. Ал ол жерді сатып алу құны 350 мың евро екен. Ондай қаражат оларда жоқ. Егер өз жеріміз болса, талай жұмыстарды іске асырар едік. Қазіргі жастар қазақша білмейді. Осылай кете берсе, енді 15-20 жылдан соң қазақ болудан қаламыз ба деп қорқамын. Бұрынғыдай емес, кейінгі кезде жағдай айтарлықтай емес. Көпшілігі жәрдемақыға қарап қалған. Егер Қазақстандағы қолы ашық кәсіпкерлер қол ұшын беріп, жәрдем көрсетсе, ол азаматтар біздің құрметті азаматтарымыз болар еді. Біз мұндай ұсынысымызды әлі ешкімге айтпадық. Айтсақ, қол ұшын беретін азаматтар табылып қалатынына сенеміз. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, тарыдай шашылып кеткен ұлтпыз ғой. Қазақстан егемендік алған кезде біздердің қуанышымызда шек болмады. «Алла бізге оң көзімен қарады» деп қатты қуандық. Сыртта жүрсек те елімізге, атажұртымызға деген ықыласымыз ыстық және елдің тілеуін тілеп отырымыз, — деп сөзін аяқтады. Сөзіміз біткен соң, қош айтысып тұрып Мұстафаға: «Сенің сәлеміңді елге жеткізуді мойныма алайын», — деп тарқастық. Егер қол ұшын беремін деушілер табылып жатса, олардың мекенжайлары мен банктегі есеп-шот нөмірін тауып бере аламын. «Көп түкірсе — көл» деген аталы сөз бар. Қайда жүрсе де қазақ бауырларымыз аман болсын!
Беркін Әкебаев,
Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері