Намазды тастап кеткен кісі қайта бастаса, намазы қабыл бола ма?

Сəлеметсізбе! Менің мынадай сұрағым бар еді. Намазын бірінші тастап кетіп, кейін қайтадан оқығысы келетіндерге көзқарас қандай? Намазы қабыл бола ма,күнəсі кешіріле ме? Әйгерім.

Сәлеметсіз бе! Намазды тастап кеткен кісіге намазды қайта бастау парыз. Осындайда «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген тәмсіл ойға келеді. Қателескендігін аңғарып, тәубеге келіп, қайтадан намазға жығылып жатса, Ғафур Алла кешірмейтін күнә жоқ.

Намаз оқымау қалай күнә болса, оны тастап кету де соншалықты ауыр күнә екендігін ұмытпаған жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтады: «Намазды әдейі тастап кеткен адам, Алланың панасынан ұзақтайды», — дейді[1].

Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Мұсылманға амал парыз. Кәпірге иман парыз. Ал, екі жүзді мұнафиққа шынайылық пен ықылас парыз», — деген[2]. Ендеше, өзін мұсылман санайтын әрбір жанға намаз оқу парыз.

Алла сабырлылармен бірге. Құлшылыққа да сабырлық танытып, табандылық көрсету керек. Сонда, оқыған намазымыз о дүниеде нұрын шашып, иманымыз таразға түсіп жатқан сәтте мұсылманшылығымызға айғақ, ал тозақ отына қалқан болмақ[3].

Алла тағала біздерді өзінің тура жолынан айырмасын.


[1] Табарани: Муъжәмуль Кәбир.
[2] Әл-Уәсия: 7-ереже.
[3] Ахмәд ибн Ханбәл: Мүснәд. №1220: Сахаба Абдулла ибн Ъамрдің айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні намазды тілге алып былай деді: «Намазына берік кісіге, қиямет күні намаз (жарқыраған) нұр, айғақ және (тозақ отынан) құтқарушы болады. Ал кім оны тастап кетсе, онда оған нұр да, айғақ та құтылу да жоқ. Қиямет күні ол адам Қарунмен бірге, Перғаунмен бірге, Һаманмен және Үбәй ибн Хәләфпен қатар тұрады (хадис мәтінінде «келеді» делінген)».

 

Абдусамат Қасым