Қылмыстық былыққа батқандар түрмеде отыруы тиіс
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев RBK банкіне қатысты жағдайға түсініктеме берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» басқарма төрағасы Светлана Романовская президентке жүгініп: «Қазір RBK банкімен байланысты өте өткір мәселе тұр. Біздің ойымызша, банк әділ, дұрыс істеп жатқан жоқ. Маусым айынан бері бұл банк күрделі проблемаларға тап болды, банктің клиенттері, салымшылары, кәсіпкерлер ақшасынан айырылып жатыр.
Маған 300-ден аса адам көмек сұрап жүгінді, сондықтан осы мәселені қарауды сұраймыз. Екі аптадан бері банктің барлық карточкасы бұғатталып, кәсіпкерлер маусымнан бері жұмысшылардың жалақысын төлей алмай жатса, студенттер шәкіртақысын ала алмауда.
Ұлттық банк осының бәрін көріп отырып, маусымнан бері ешқандай шара қолданбай отыр. Банк салымшыларына көмектесуіңізді өтінеміз», — деді ол. Бұған Н. Назарбаев: «Мен бұл мәселені де, онда не болып жатқанын да жақсы білемін.
Өз адамдарын қаржыландыру үшін ұрлық жасаған акционерлердің былығы бұл. Барлығын тәртіпке келтіреміз. Ұрылар тиісті жерде отырады. Оларды ақшаны қайтаруға мәжбүрлейміз. Бұл банктің жұмысын тұрақтандыруға тырысамыз. Әсіресе, жеке тұлғалар өз қаржысын қайтарып ала алады. Қазіргі уақытта үкімет ұлттық банкпен белсенді жұмыс істеп жатыр»,— деп жауап берді.