Отпантау – әр қазақтың мақтанышына айналып келеді !

Ата – бабамыз ұрпағына аманат етіп қалдырған ұлан – байтақ жеріміздің әр пұшпағы бізге қымбат. Әйтседе, 362 әулиенің табаны тиген Маңғыстау түбегі шежірелі бай тарихымен өзіне тартып тұратыны рас. Маңғыстау өлкесіне бір сапарында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет болып, көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» — дегені бар. Бұл кемеңгерлікпен айтылған дана сөз!

Әр шоқысы тарих, әр белесі жұмбаққа толы, әрбір тасы сыр шерткен, ұрпаққа үлгі етер бабалар аманаты жетіп артылатын  Маңғыстау өңіріне Ел Президентінің Ералы Тоғжанов секілді ұлтжанды, ұстанымы берік, парасат-пайымы жоғары, ең сенімді өкілін әкімі етіп жіберуі де бекер емес секілді.  Облыс әкімі болып сайланған жеті айға жуық уақыт ішінде қыруар шаруаның басын қайырып, ел рухын көтерер елеулі істерге бастамашы болып, халықтың да ризашылығына бөленіп отырғаны қуантты. Әсіресе «Отпан» тарихи – мәдени кешенін  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына негіздеп, жалпы қазаққа ортақ  киелі мекен етуге талпынысы құптарлық іс. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, «Отпан» тарихи – мәдени кешеніне үш жүздің үш биінің монумент ескерткішін салғызуы сөзіміздің жарқын дәлелі.

Алланың қалауымен Киелі Маңғыстауға біздің де жолымыз түсті. Сапарымыздың мақсаты: «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ашылғанына 10 жыл толуына орай өтетін жиынға қатысу.  Бұған дейін Маңғыстау жерінде  Адай ата ұрпағы Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тауда «Отпан тау» тарихи мәдени кешенін ашқанын, оның авторы белгілі ақын Сабыр Адай екенін білетінбіз. Ел Президенті осы ақынның «Әр қазақ менің – жалғызым!», «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың!» деген ұранға бергісіз сөздерін сөз арасында қолданып айтып жүретінінен де хабардар едік.

Көзбен көріп, қолымызбен киелі жердің тасын ұстамағасын, тек тілеулес болып жүретінбіз. Енді міне арнайы келіп, ел игілігі үшін жасалған игі шараға, ата-бабалар рухын асқақтатқан айтулы мерекеге куә болып отырмыз.

Бір кездері бауарайы құлазыған жазық далаға, биіктігі жарты шақырымнан асатын Қаратаудың батысындағы биік шоқы Отпан-тауға — күмбезі көк тіреген Адай ата кесенесі мен «Ана келбеті» стеласы, қайсарлықтың символы «Көк бөрі» ескерткіші, «Ұран оты» алаңы салынып, заңғарға бастар етекте «Қазақтың үш биі» жол көрсетіп, «Ақсарай» орталығы мен «Қара шаңырақ» ғимараты бой көтереді – ау дегенге сену қиын болғаны анық. Қиялдағы ғажаптар адам қолымен жасалып жатқан мына заманда, асқақ идеяның да, қажырлы адамдардың арқасында жүзеге асатынына сенбеске шараң қалмайды екен.

2003 жылы «Отпан тау» тарихи мәдени кешені ашылғанда Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев құттықтау хат жіберіп: «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет – болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі» дегеніне көзіміз жеткендей болды.

ҮШ БИДІҢ ЕСКЕРТКІШІ – ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ СИМВОЛЫ

Сонымен, Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған еңсесі биік мерекеде алыс — жақыннан келген қонақтар  «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің жанындағы «Үш жүздің төбе билері» монумент ескерткішінің ашылуына қатысты. Бұл ескерткіштің авторы Маңғыстаулық мүсінші Көшер Байғазиев екенін айта кеткеніміз абзал.  Ұлы дала елінің дарабоздары Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің ескерткішінің шымылдығын облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, ақын Сабыр Адай жігерлі сөздерімен ашты.

– Қадірлі ағайын! Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміздің рухын көтеретін, елдігін танытатын істер атқаруды тапсырды. Өркениетті, дамыған мемлекеттердің ерекше қастерлейтін қасиетті жерлері болады. Түп- тамыры 10 жылдан емес, тарихтың көне ғасырларынан бастау алатын бұл орын арқылы ата- бабаларымыз елімізді, жерімізді жаудан қорғады. Мұнда кезінде жағылған ұран оты елді бірлікке,татулыққа шақырды. Отпан тау – көпұлтты Отанымызда тағдыр табыстырған өзге ұлт өкілдері үшін де қастерлі нысан.  Мұнда қазақстандық ұлт идеясы жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан ашылған «Үш жүздің төбе билері» монументінің тұғыры да осындай биік идеяларды көздеген асқар таудың басы болмақ. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Отпанның ұлыларымыздың өнегелі жолын насихаттау арқылы жас ұрпақтың санасына ұлттың генетикалық кодын сіңіріп, «Мәңгілік ел» стратегиясы негіздерінде тәрбиелеуде атқарған рөлі зор. Отпан тауды қазақтың қарашаңырағының отауы десек, бүгінгі «Үш жүздің төбе билері» монументінің Отпан тауда орын тебуі заңдылық. Ұлылардың ұлағаты ұрпақтың жүрегіне ұяласын! Ұлттық кодты сіңіру дегеніміз – міне, осы, – деді аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы.

– Кез келген киелі орын, кез келген аймақ сол жерде өмір сүріп жатқан өкілдерімен баянды. Кез келген қазақ даласының пұшпағы – қазақ халқының мәңгілік құндылығы, оның ары мен намысы, атадан балаға қалған мұрасы, оның болашағы. Жалғыз түп жусан түбінде біздің қазаққа ортақ намыс бар. Сол намыс, ұлттық рух оянбайынша, біз еш уақытта өркендеп, өсе алмаймыз. Ұлттың ішкі рухы – оның өсуінің кепілі. Сондықтан Отпанда жасалып жатқан қызметтеріміздің басты мақсаты – бұқара халықты жұмылдыру арқылы ұлттық санан ояту, салт- дәстүрімен қайта табыстыру. Сол салт-сананың, ұлттық дәстүрдің, қағидалардың аясында қазақтың бойындағы ар-намысты ояту арқылы туыстығын баянды ету. Сол туыстық арқылы біз жұмса жұдырық, ашса алақан болып, болашаққа аяқ басуымыз қажет. Бізден кейінгі ұрпаққа мынау ұлан- ғайыр даланың бізге дейінгі тарихын және бізден кейінгі баянын дәріптеп, кемел келбетін рухани тұрғыдан жүректерге сіңіруіміз тиіс. Отпан тауға қазақтың үш би – Қазыбек, Төле, Әйтеке биді  әкелдік. Бұл – Маңғыстау халқының қазаққа, тегіне деген құрметі. Қарашаңырақ та соның белгісі. Үш бидің ескерткіші маңғыстаулықтардың жүрегіндегі қазақ халқының бірлігіне деген символы. Батырларымыздың рухымен қазаққа ұран салсақ, енді бізге үш бидің рухы келіп қосылды. Маңғыстау халқын, алты алашты ортақ бірлікке шақырамыз.Ел аман, жұрт тыныш болсын! – деді «Адай ата — Отпан тау» тарихи-танымдық, этно-мәдени кешенінің авторы, ақын Сабыр Адай.

Тап осы күні «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің құрылысына атсалысып, қызмет еткен, тілектес болған Қазақ еліндегі, алыс- жақын шетелдердегі азаматтарға арнап алғыс тақтасы ашылды. «Ақсарай» мұражайының алдына орнатылған алғыс тақтасын ашу құрметі  ардагер дәрігер Сүлеймен Бердәулетов пен облыстық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетовке бұйырды.

«ЕЛБАСЫНЫҢ ШЫНАЙЫ ТІЛЕГІ ӘЛІ ДЕ ТАЛҚЫЛАНБАЙ ЖАТЫР»

Барша қазаққа  ортақ мерекелік шара аясында еліміздің түкпір түкпінінен келген қонақтар мен жергілікті халық өкілдері Адай ата кесенесіне барып ата-бабалар рухына құран бағыштап, сән – салтанаты келіскен Отпан таудың бүгінгі келбетіне сүйсіне қарады.  «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығының салтанатты ашылуы етектегі «Қарашаңырақ» нысаны алаңында өтті.  Облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау лебізін жеткізіп, елдік істердің атқарылуына атсалысып жүрген бірқатар азаматқа, мәртебелі қонақтарға  халықтың атынан алғыс білдіріп, сый-сыяпат табыстады. Осыдан кейін облыс әкімі алыстан ат арытып келген «Қазақстан заман»  саяси – қоғамдық газетінің директоры, «Ел-ана» қоғамдық қорының президенті, танымал қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызына құрмет көрсетіп сөз тізгінін ұстатты: — Өздеріңіз білесіздер осыдан он жыл бұрын «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің ашылуында Ел басы, Нұрсұлтан ағамыз арнайы құттықтау жіберді. Онда: «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет − болашаққа деген биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол сондай-ақ, Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекен-жайына айналады деп үміттенемін» — деген болатын.

Өкінішке орай, Елбасының осы киелі мекен – Отпан таудағы этно-мәдени орталық жайында айтқан шынайы тілегінің мән-жайына барып, жергілікті жерлерде және республикалық көлемде ғылыми тұрғыдан ақпарат көздерінде терең талқыланбағаны түсініксіз. Елбасының осы тұжырымдамасын басшылыққа алу – бұдан былайғы жерде баршамыздың міндетіміз бен парызымыз. Бұл жағдайды біз ақпарат бетінде де еске салатын боламыз. Тиісті орындар қаперіне алуы керек. Отпан тау туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрбір сөзінің астарында ұлттың тұтасытығы мен бірлігін аңсаған, ұлттық рухты аңсаған аманат пен үміт жатыр. Жеке адамдар мен топтардың қаскөйлігі мен надандығының қырсығынан кейбір шаруалар кенжелеп жатырса, оған көз жұмып қарау ұлттық мүдде тұрғысынан қылмыс. Осы орайда, өзге де басшы азаматтар сияқты, Маңғыстау облысының жаңа әкімі Ералы Тоғжанов бастаған азаматтардың «Отпан тау – Адай Ата» этно-мәдени орталығына аса мән беруі, халықтың және автордың талап-тілектеріне құлақ асуы нағыз көрегенділік, алғыс айтамыз! Бүгінгі өтіп жатырған шара – соның дәлелі. «Отпан тау – Адай Ата» этно-мәдени орталығы – Ұлт байлығы.

Сондай-ақ Отпан тауға келген қазақтың үш би елдің тұтастығын тілейді. Бұл шалдар текке отырған жоқ. Ынтымақ пен бірлік бар жерде, қазақ барын  көрсетіп отыр. Сөз соңында айтарым: Маңғыстау өңірін рухани жаңғырудың кіндігі – деп ойлаймын деді.

Алматыдан арнайы келген шығыстанушы, этнограф ғалым Ислам Жеменей: – Құрметті ағайын! Бүгінгі шаралар ұлтсыздықтан, дінсіздіктен, отансыздықтан қорғану, елдің ынтымағы, жеріміздің тұтастығын сақтау жолында жасалып жатқан жарқын істер. Бар қазақ бір- бірін: «әр қазақ менің жалғызым» деп жақсы көруі керек. Бар қазақ бір болсын! Ең биік нүктеде халық үшін мән-маңызы зор, елді ауызбіршілікке, бір болуға үндейтін істер жалғасын табады деген сенімдемін. Еліміздің мерейі үстем болсын! – деп сөзін қорытындылады.

                                      362 БАСПАЛДАҚ НЕНІ МЕҢЗЕЙДІ?

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұланғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз», – дегені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Отпан тау – тек қазақ халқы үшін ғана емес, киелі түбекті бізге дейін де жайлаған жеті жұрт үшін қымбат мекен. Отпан таудың ежелден арқалаған мақсат — міндеті бар. Ол — ынтымақ пен бірлік сақтау және ағайын арасындағы татулық туын тік ұстау.  Кешеннің идеологиялық көрінісі – ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасымен үндесіп,  ұлт бірлігінің ажырамас бөлшегі саналатынын айта кеткеніміз жөн.

Айтпақшы, басын бұлт шалған Адай ата кесенесіне жету үшін 362 баспалдақты басып өтуің керек. Маңғыстауда дәстүрлі дініміздің, ұлылар руханиятының ұрығын сепкен және оның үзілмей бүгінгі ұрпаққа жетуіне себеп болған 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ осы. Бұл баспалдақтар Ақсарай мен Адай атаның кесенесін жалғастырып тұр. Маңғыстау қойнауында мәңгілік мекен тапқан әулиелердің қасиетті рухы Отпан таудың басына келіп, осы баспалдақпен жүріп өткен жанға шапағаты тиер деген тілекпен ырымдап салынған. Осының негізінде болашақта осы жерде жастардың санасына ұлттық тәрбие ұялататын, ұлтымызға жүздеген жылдар бойы рухани азық болатын 362 әулиенің нышани ескерткішін тұрғызу жоспарланыпты. Ата дәстүрін дәріптеген ұрпақ барда, бұл игі шараның да жүзеге асарына сенбей көр! Бата төбе нысанын 2016 жылы Қосай ата ұрпақтары салып бастаған. Нысан болашақта ақсақалдардың жастарға, әскер қатарына бара жатқан ұландарға, жас жұбайларға, т.б. бата беретін, келушілердің ғибадат ететін, тағзым орнына айналмақ.

Жотаның бел  ортасында жорық жыршысы, өзі ақын, өзі батыр Қалнияздың бейіті жатыр. Ел аузында «Жорық жыршысы» аталған Қалнияз Шопықұлы 1870 жылғы патша үкіметінің басқыншы саясатына қарсы бас көтерген Иса–Досан көтерілісіне қатысқан өжет ерлердің бірі ретінде қудаланған соң, бас сауғалап, тәжік жеріне көшіп кеткен. Өмірінің ақырына дейін туған жері Маңғыстауды сағынып, оған келуді армандап, жырлап өткен. Ұрпақтары оның аманатын орындап, 2015 жылы мамыр айында ақынның сүйегін Отпан таудың баурайына әкеліп қойыпты.

«Той дегенде қу бас домалайды» деген рас — ау. «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығы құрметіне қолөнер шеберлерінің республикалық көрме-жәрмеңкесі мен ұлттық ойындардың жарысы да өтті.  Халық қарасы да көп – көрім.  Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен жыршы- күйшілер күмбірлетіп күй төгіп, құйқылжыта ән салды. Мерекелік бағдарламалар мазмұны мәдени шаралармен қатар ұлттық ойындарды да қамтыды. Шетпенің шетіндегі ат жарысы алаңында түстен кейін облыстық атан, тай жарысы өтті. Атан жарыста Сұлтанғали Кенебаевтың (Маңғыстау ауданы)  түйесі бірінші болып мәре сызығын кессе,  Әубәкір Баубектің (Маңғыстау ауданы) түйесі екінші келді. Жүлдегерлерге 200 және 100 мың теңге көлемінде қаржы табысталды. Тай жарыста Қилыбек Қойышбаевтың аты қамшы салдырмай, бірінші болып келді. Жүсіпбек Қонаевтың жүйрігі 2-ші келсе, 3-орын Азамат Қожахметовтің тұлпарына бұйырды. .

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ӨЗЕКТІЛІГІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ

Мереке аясында, Ақсарай ғимаратының  конференц-залында «Рухани жаңғырудағы «Отпан» тарихи- мәдени кешенінің рөлі» тақырыбында   дөңгелек үстел өтіп, онда көптеген түйткілді мәселелер көтеріліп,  көптеген ұсыныстар айтылды.  

                                      Жиынға қатысқандар:

Ислам Жеменей – филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы-ғалым;

Сәуле Мешітбайқызы  — Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директорының. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” Қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы;

Сабыр Адай — Қазақстанның  еңбегі сіңген қайраткері, ақын, кешен құрылысы идеясының авторы;

Отыншы Көшбайұлы- жазушы, өлкетанушы;

Алқажан Еділхан – өлкетанушы;

Нияз Тобыш  — педагог, аудармашы;

Тамара Қалмырзақызы Жұмалиева – Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры;

Мұрат Ақмырзаев- өлкетанушы;

Сәрсенғали Бекешов — Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетітінің тарих ғылымының кандидаты, доцент;

Пания Сармурзина — Маңғыстау облыстық мәдениет басқарма басшысының міндетін атқарушы;

Нұрлан Мусаев  — «дөңгелек үстел» жүргізушісі, «Отпан» тарихи-мәдени кешеннің директоры, облыстың мәдени қызметкерлері, айтыскер ақын.

Модератор Н.Мусаев кезекпе кезек жиналған зиялы қауымға сөз беріп, олардың еркін сұхбат құруына бар мүмкіндікті туғызып отырды. Біз енді сол дөңгелек үстелдегі өзекті деген ойларды теріп алып оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ақын Сабыр Адай: — Құрметті ағалар, ақсақалдар мына дөңгелек  үстелге қош келдіңіздер: Қысқаша айтқанда, рухани жаңғыру қазақтың тарихында рухтың өлмегендігі,  тәуелсіз ел болып отырғанымызда соның айғағы. Ұрпақтан ұрпаққа салт дәстүрлерді, қағидаларды бесігінен үйретіп отбасында, елдің ішінде, ақсақалдардың аясында, азаматтардың шеңберінде ұлттық мүддені бірінші қойып отырған…

Отпан тау — Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орныдары тізіміне кірді. Болашақта Амал көрісуді жалпы халықтық деңгейде жаңғыртайық. «Ағайын араласпаса жат»,- дейді  халық, Қарашаңырақ негізінде бүткіл қазақты, шет елдерде жүргендерді де біріктіру керек деген маңғыстаулықтардың тілегі бар.

Алаш батырға ескерткіш салуды қолға алатын кез келді. Образын жасауға республика бойынша байқау жариялауды ұсынамын..

Тағы бір қолға алынатын мәселе қазақтың рулық тақтасын осы Отпан тауда орналастырса орынды болар еді. Отпанның өзінің ақпараттық көзі болу керек деп ойлаймын, болашақта осы тұрғыдан да қызмет жасау керек сияқты…

Сондай-ақ, шет елдерде ғылым, білімнің айналасында жүрген отандас азаматтар жүр. Сол елдерде небір қазаққа байланысты құндылықтар, көмбелер тұншығып жатыр. Соларды жарыққа шығаратын аударма, зерттеу ортылығы ашылса деген тілегімді де жеткізсем деймін.

Тарихшы Ислам Жеменей: —  От – нұр мен даналықтың белгісі, адамзаттың философиясының негізі. Гомердің «Илиадасында» Прометей деген батыры болды, халыққа даналық жарығын әкелем деп азапқа түседі. Құдайлар батырды ең алыс жерге, мәңгілік азапта тұрсын, — деп, тауға апарып байлап тастайды. Оның философиясы неде: дене өлгенмен, сана, парасат өлмейді… Отпан тау деген тек қана адай емес, қазақ емес, адамзаттың жаратылысы философиясының негізі. Не деген бақытты халықпыз, бұндай үлкен философия өзіміздің жерімізде, әфсана- аңызымызда… Ешнәрсе кездейсоқ емес.  10 жыл бұрынғы көргеніммен, бүгінгі Отпанды салыстырғанда аспан мен жердей айырмашылық бар. Бұл дегеніңіз  ұлы елдің ықыласы ғой. Әлемді билейтін ой, бұл жерде әлемді өзіне қарататын орталық болу керек.

Маңғыстау туралы зерттеулерге менің қосатын үлесім:  бес зерттеуші ғалымның түпнұсқаларын парсы, түрік  тілдерінен қазақ тіліне аударып, зерттеу жұмыстарын  жүргізу. Деректер мен түпнұсқалармен жұмыс жасау. Сол кезде көптеген тың деректерге кездесеріміз сөзсіз!..

Тарихшы Сәрсенғали Бекешов: Бір кезде ғылыми зерттеу орталығы болды, сол орталық кейін жабылды. Археологиялық қазба жұмыстарынан кейін жәдігерлердің  көбін алып кетеді. Қайтадан орталықты жаңғырту керек деп ойлаймын.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Жұмалиева: 10 жылдан бері айтып келе жатырмын. Тарих, этнография, археология ғылыми орталығын ашу туралы. Егер ашылып жатса, тарихымыз құнды жәдігерлермен толығып, әлі де болса ел біле бермейтін тың жаңалықтардың ашыларына сенемін.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқарма басшысының міндетін атқарушы  Пания Сармурзина: Қыркүйек айында облыс әкімі мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Үлкен мәселенің бірі осы мәселе айтылды. Жиналыстың қорытындысымен хаттама шығып университетке тапсырма берілді, ғылыми орталық ашу туралы деп тарихшылардың ұсынысына жауап та берді.

Қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы: Бүгінгі мереке тек адайдың емес Алаштың мерекесі. «Берген жомарт емес, алған жомарт», —  дейді. Ұлытауға, Ордабасына барғанда қарным ашиды, көз алдыма Маңғыстау, Адай бабам есіме түседі. Отпан тау – ұлт байлығы, қазақтың, түркі тілдес халықтардың символы. Ел де ортақ, ер де ортақ, Отпан тау да ортақ. Осында келіп орналасқан үш бидің ескерткіші қандай керемет. Бұл үш шал, үш бабамыз қазақтың тілегін, бірлігін тілеп отырған әруақ. Отпан тауда 10 жыл ішінде жасалған жұмыстар рухани жаңғырудың жасампаз көрінісі деп білемін. Отпан тау -100 нысанаға енгенін газетімізге сүйіншілеп бердік. Қуандық, шын мәнінде Отпан таудағы кешендей қазақ жерінде мәдени кешен жоққа тән. Рухани жаңғырудың кіндігі Маңғыстау. Мұны мойындауымыз керек. Біраз ойларым бар: бірінші – Қазақстанның студент жастарын, мектеп оқушыларын осындай киелі жерлерге апарып тамашалату керек. Олардың сөйтіп рухын көтеру керек.Ұлытау мен Ордабасын осындай Отпан сияқты жасаса шіркін!  Бұл енді сол жақтағы азаматтарға сын, олар жетімсіреп тұр. Климаты да керемет, жайнап кетпей ме?. Нағыз идеология  — Отпан тау.

Екінші  ұсыныс: қазақ қағидатын (Амал, қарашаңырақ, қара қазан…) бүткіл қазақ еліне жеткізу.

Үшінші ұсыныс: республикалық , халықаралық дәрежеде Қарашаңырақ ғимаратында ұлттық көпшілік шаралар өткізу. Амал мерекесін қазақтың төл мерекесі ретінде дәріптеу қолға алынса…

Жазушы Отыншы Көшбайұлы:   Отпан тау бар қазақтың рухани орталығына айналады деп сенеміз. Себебі бұл аймақ қазынаға толы. Тек, ынтымақ пен бірлік керек…

Өлкетанушы Алқажан Еділхан: Отпан таудың шығысында екі шақырымдай жерде «Алтын қазған» аталатын көне кеніштің орыны бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары археологтар Ақтөбе облысының Мұңалжар тауындағы көрнекті үйікті қазып, б.з.д. 500-400 жылдарда жерленген жауынгердің сүйегін, қоладан жасалған қару-жарағын, ат-әбзелдерін тапты. Жебенің ұштары, үзеңгі, ауыздық құйылған металдың құрамын анықтау үшін спектральді сараптама жасаған кезде олардың Маңғыстаудың Шығыс Қаратауында, яғни Алтынқазғанның мысынан жасалғаны анықталды. Геологтар осы жерде ерте заманда ірі кеніш орталығының болғанын, жөнелтуге әзірленген дайын қортпалар тапқанын хабарлады. Жергілікті өлкетанушылар облыстық мұражайдағы Ақтау қаласының тұсындағы теңізден табылған мыс құймаларды осы Қаратаудағы кеніштерден өндірілген, теңіздің арғы жағына апарарда апатқа ұшыраған кемеден түсіп қалған деп есептейді.  Алтынқазған кеніші қай жылдарға дейін істеген десек, Астрахань қаласының мұрағатында сақталған құжаттарға жүгінеміз, оларда қазақ ханы Пірәлінің 1802 жылдары Қаратау кеніштерінде алтын өндірісін ұйымдастырғаны жазылған.

Осы маңайды зерттеп, оны туристік нысанға айналдыру үшін «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашу қажет болып тұр.

Отпан таудың айналасындағы мекендерге лингвистік, ономастикалық зерттеу жүргізу туризмді дамытудың алғышарттарының бірі екендігі белгілі. Мысалы, маңғыстаулық жас ұрпақ, шет жерден келушілер Шершелі құдығының атауы көне түркінің серше – торғай сөзінен, Ұланақ тақырының атауы көне түркі мемлекетінде болған батыстағы герцог, граф, маркиз дәрежелеріне ұқсас мырза, оғлан, ұланақ санаттарының аттарынан, Қыз қорған төбесінің атауы жаугершілік заманда қыз-келіншектерді қорғау үшін сол төбенің басына шығарып жіберіп отырғандықтан, Мылтық үй атауы мергендерге арналып тұрғызылған мұнараның атынан шыққанын білуге тиісті.

Өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев: Менің ұсынысым мынау: билер институтының саяси жүйесін қалыптастыру керектігі, Адай ата жазуының үстіне адам, алаш, алшын деген жазулар қажеттігін айтқым келеді.

ТҮЙІН:

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген қазақ неткен данышпан еді. Маңғыстау қай жағынан алсақта, барша қазақ баласына ата-бабаны, салт-дәстүрді дәріптеудің ерен үлгісін көрсетіп отыр. «Құланның қасынуына, шүріппенің басылуы» дөп келіп, Елбасының рухани жаңғыруы 362 әулиенің табаны тиген өлкеде жаңғыра түсуі кездейсоқтық емес болар. «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ашылғанына 10 жыл толғанымен, атқарылған жұмыстар аз деуге дәтің бармайды. Ынтымағы жарасқан ағайынның «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», Отпантауға шын-ниеттерімен қызмет көрсетіп жатқанына да куә болдық.  Алайда әлі де жасалуға тиіс шаруалар шаш етектен. Солардың бір сыдырғысын қайталап атап өткенді жөн көрдік.

 Олар: Отпантаудың басына əр рудың таңбаларын тасқа қашап қалдыру күн тәртібінде тұруға тиіс. Ол үшін Таңбалы тасты өрнектеуге республикалық конкурс  өткізу; Алты алаштың ескерткішін салып, елдіктің ерен үлгісін таныту; Рухани зерттеу орталығын ашу; Мектеп оқушыларын Отпантауға жиі əкеліп, бабалардің ізгі жолын саналарына сіңіру; Туризмді мемлекеттік тұрғыда жандандырып, қонақ үй мəселесін тез арада қолға алу; Келген қонақтарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, тез арада құдық қазып, су шығару; Ақтау-Шетпе жолынан Отпантауға жол тарту; Тағы басқа да кезек күттірмейтін мәселелер жетіп артылады. Осы айтылғандар ұлтын сүйер азаматтардың қолдауымен жүзеге асады деген ойдамыз.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Облысқа билік баспалдағында сатылап өсіп жетілген, ана тілінің сүтін арда емген азамат Ералы Лұқпанұлының басшы болып келуі де жақсылық нышаны! Елі үшін туған ерлердің Отпантау секілді барша қазақтың аруағын көтеретін игілікті іске бей-жай қарамайтынына сенгіміз келеді!

RS: Мақала баспаға жөнелтіліп жатқанда қуанышты хабар келіп жетті. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Отпан» тарихи – мәдени кешеніне келімді — кетімді қонақтарды күтіп алу үшін  кең ауқымда қонақ үй салуға тапсырма беріпті.

Нағашыбай Қабылбек