Өмірлік мақсат

Мектеп бітірген соң әйтеуір оқуға түсті деген аты керек болды, сөйтіп суретшілікті таңдады. Ол жұмыс жанға рақат сыйлауы тиістігін білетін. Ал, оған сурет салу ұнайтын. Осылай тағдырлы таңдау жасалды: ол сурет училищесіне түсті.
Ол кезде заттың сұлбасы натюрморт, табиғаттың суреті пейзаж, адамдікі портрет екенін ұғынып қалған кезі. Таңдалған мамандығының тағы басқа біршама қырларын меңгеріп үлгерген-ді. Енді бұдан да көп білуге жол ашылды. «Ойыңдағыны жеткізу үшін нотаға түсіріп үйрену керек, — деді кіріспе лекция кезінде маңғаз оқытушы, атақты суретші. – Сондықтан дайындалыңдар, әлқиссаны әліппеден бастаймыз».
Бұл «нотамен ойнауға» дайындалды. Куб, шар, құмыра… Жарық, көлеңке, жартылай көлеңке… Қолдың қалыбы, өзгерісі, композиция… Ол көп жаңалықты білді, кенепті қалай керу керектігін, топырақты қалай пісіру керектігін, кенепті қалай қолдан ескірту, түстердің нәзік құбылуын қалай келтіру керектігін… Оқытушылары үнемі бұны мақтайтын, бір күні тіпті ұстазынан: «Құдайдың өзі суретші болуды маңдайыңа жазған!» деген сөзді естіді. «Өзгелердің маңдайына жазбай ма екен?» деп ойлады ол, бірақ естіген мақтатуына көңілі өсіп қалды.
Көңілді студенттік шақ келмеске кетті. Қалтасында суретшінің дипломы бар. Ол көп нәрсені білді. Білгенінен үйренгені тіпті көп. Білімі мен тәжірибесі толысты. Енді бойындағы құдіретті бере бастау ғана керек еді. Бірақ… Бірдеңесі келіспеді, бәрі ойдағыдай болмай шықты…
Жоооқ… Сурет салу қолынан келмеді емес… Мәселе, мамандығы ұнамай қалғанда да емес… Шамасы есейіп кетті де, бұрын көрмегенді көре бастады… Ал, көргені мынадай еді: айналасында өмір қайнап жатты, ол жердегі өнер баяғыда тауарға айналып кеткен, әлемге айтары бар адам жетістікке жетпей желкесі қиылып жатыр, керісінше, өзінің шығармашылығын сауатты түрде ұсына білетін, сата алатын адам алға шығыпты, дер кезінде керек жерде маңызды адамдардың жанынан табыла білетін пысықтардың заманы туыпты. Ол, бұл әдетті бойына сіңіре алмады. Достарының ары-бері шапқылап, күн астынан орын іздеген, өзін іздеген талпыныстарын байқады да, сол шапқыластан өз «мендерін» бүлдіріп, сұранысқа ие еместіктерін ішімдіктің түбінен іздеп, бағытынан айнып кетіп, құлдырап бара жатқанын ғана көрді. Ол бір нәрсені анық білді: майталманның қолынан шыққан шынайы дүние өз дәуірінің шындығынан асып туатын, олар өз бағасын тек өлгеннен кейін ғана алатынын да білетін. Бірақ бұл білгені көңілді алдарқатпады.
Жақсы жалақысы бар жұмысқа тұрды. Күні бойы неше түрлі буклет, визитка, плакаттар әзірлейтін. Кейде осынысына да кәдімгідей жаны рақаттанып қалатын. Ал, сурет салуға ынтасы бола қоймады. Күннен күнге сурет салуды азайта берді. Шабыттың шалқуы да сирей берді… Жұмыс, үй, теледидар, күйбең тірлік… «Менің тәлейіме жазылғаны осы ма еді? Мен осылай «пунктир» болып өмірден өтем бе? Қарындаштың сызығына айналғаным ба? Өз өмірімнің картинасын қашан салам? Бастаған күнде соны салу қолымнан келе ме? «Құдай талантты етіп жаратқаны қайда?» Ол шеберлігінен айырылып бара жатқанын сезді. Күні бойы тек айтылған нәрсені ғана орындайтын мәңгүртке айналып бара жатқаны жанына батты. Осы нәрсе қинай берді.
Осындай ойлар кеміріп, есінен адасып кетпеу үшін ол жексенбі күндері кенебін құшақтап, Шеберлер қиылысына келетінді шығарды. Онда өз ісінің небір шеберлері отыратын. Қолдан тоқылған шәлі, қабықтан жасалған бұйымдар, майда моншақтан істелінген әшекейлер, құрақ көрпелер, саз балшықтан істелген ойыншықтар, тоқылған себеттер – бұл жерден жан қалауының бәрін табатынсың. Суретші бауырлар да бір бұрышта бүлінбеген кенептерін керіп, сурет салуға дайын тұратын. Мұнда да пендәуи бәсекелестік бар болатын…
Бірақ ол бәсекелестікке пысқырып та қарамайтын. Жаны сурет салуға ғана ынтық еді. Ол тапсырысқа портрет салатын. Қағаз, қарындаш, он минут – портрет дайын. Кәсіби суретшіге бұның еш қиындығы жоқ еді. Тек көзге көріне бермейтін ұсақ детальдерді байқау, пропорцияны сақтау, сосын тапсырыс берушіге аздап мақтау айтсаң, жеткілікті. Ол мақтай білетін. Оның портреттері иелеріне ұнайтын. Адамдарға суреттегі өзі өмірдегі болмысынан да артық көрінетін. Оған көл-көсір алғыстарын жаудыратын.
Осыдан кейін барып өмір сүру көңілдірек бола бастады. Дегенмен, мұндай сурет салушылықты «Құдайдың берген таланты» деуге келмейтінін сезетін. Әйтеуір, жоқтан бар екені рас.
Бір күні кезекті портретін салды. Алдында мұрны ұзын, кексе келіншек отырды. Оны «сұлу» ету үшін біраз әбігерленді. Мұрынды бірақ ешқайда тығып тастай алмайсың. Бірақ бет жүзінде адам баурайтын (тазалық па екен?) бір жылылық пайда болды. Суретші осынысына екпін түсірді. Жаман шықпаған секілді.
— Дайын, — деді ол, портретті келіншекке беріп жатып. Анау портретті ұзақ қарады. Сосын тосыннан жанарын көтеріп, бұның көзіне тік қарады. Бұның сасқаннан көзі жыпылықтап кетті. Көзі өткір келіншек екен, өңменінен өтіп кетті.
— Бірдеңесі ұнамай қалды ма? – деді бұл келіншектің суық көзқарасынан шошып.
— Тума талантсыз! — деді келіншек. – Сіз адамның жан дүниесіне тереңдей біледі екенсіз…
— Иә, көзім тура рентген сияқты, — деп әзілдеді бұл.
— Жоқ, олай емес, — деп басын шайқады келіншек. – Сіз адамның өзін емес, жанын кенепке түсіреді екенсіз. Мына суретке қарап ойланып тұрмын: мен шын мәнінде де осындаймын. Келбетімдегінің бәрі тысқары дүние. Сіз бетімдегі бояуды сүртіп тастап, соның астындағы «жауһарды» салдыңыз. Ол жауһар – мен. Енді мұны анық білдім. Рақмет!
— Разы болсаңыз болғаны, — деп ұяла сыбырлады бұл, әдеттегі портреттің ақысын қолына ұстап тұрып.
Кексе келіншек жүрген бір әпенді екен. «Жанымды салдың» дей ме-ау? Не салғанын кім біледі бірақ? Мүмкін, жаны болса, жаны шығар… Әр адамның сыртқы бетпердесі болады ғой. Көзге көрінбейтін қабығы. Өмір өзі жапсырып қоятын перде. Ал, табиғат әр адамды өзінше жауһар етіп жаратқан ғой. Суретші ретінде дәл осы ойға қатты сенетін.
Осыдан кейін сурет салудың мәнісі арта берді. Технологиялық жаңалық ашқан жоқ, сол баяғы қағаз бен қарындаш. Сол баяғы он минут. Бірақ ойы үнемі «сыртқы бетпердесін шешу керек» дегенге тоқтай беретін болды. бетперденің астарынан өзіне беймәлім бір «жауһар» жарқ ете қалатындай көрінетін де тұратын. Солай болған да секілді. «Натурасының» алғашқы көзқарасын бақылау қатты ұнайтын. Елдің бет жүзі сондай құбылатын.
Кейде «жаны» «сыртқы сымбатынан» әлдеқайда қорқынышты «модельдер» жолығатын. Сондай кезде болмысының жарқын жағын іздеп, соның бояуын қоюлата түсетін. Егер көзқарасыңды жақсы жаққа бұрсаң, әр адамның бойынан жарқын жағын тауып алуға болатын. Әйтеуір, әзірге бойында жақсылығы жоқ адам бұған кездеспепті.
— Әй, бауырым! – деді бір күні қара күртеше киген бір мығым денелі бір жігіт. – Сен, не ғой… есіңде ме, жоқ па… өткен жексенбіде менің енемнің суретін салған ең.
Енесі есінде еді, кәртейген құрбақа сияқты, оның қызы – қартайса тура атжалман болады, мынау мығым денелі де солармен бірге болды, айтып тұрғаны рас. Сол күні әлгі құрбақадан тәуір дүние жасау үшін, оның бойынан титтей жақсылық көру үшін біраз терлегені бар.
— Ал? – деп ақырын сұрады бұл, мынау мығым денелі шомбал не дегісі келетінін анық түсініңкіремей.
— Не ғой… Ол өзгерді. Жақсы жағына қарай. Портретке қараса болды – адам бола бастайды. Ал, былайынша , бұл әңгіме арамызда қалсын, иә, оны білгелі бері, ол құрбақа десе құрбақа еді…
Суретші амалсыз күліп жіберді: онда қателеспепті, ішіндегісін тура көргені ғой…
— Мен содан сенен сұрағым келген: сен оны майлы бояумен сала аласың ба? Ақыры салған соң қатырып қояйық! Эффект сақталсын. Бағасына саудаласпаймын. Дегеніңді берем! Ант ұрсын!
— Қатырсақ қатырып қоялық. Майлы бояумен де, маринадпен де, майонезбен де. Тек майлы бояумен сурет салмайды, суреттейді…
— Тура-тура! Сұлу қылып суреттей бер. Бәрін төлеймін. Әңгіме жоқ!
Суретші көңілденіп сала берді. Нақ бір «Дориан Грейдің портретін» салатындай болды. Ұсыныс түсіп тұрса, неге салмасқа?
Көрді. Суреттеді. Енесі риза боп қалды. Мығым денелі де. Оның әйелі, әлгі құрбақаның қызы, оны да ғасырларға осылай қалдыруды талап етті. Қызғаныштан ба, әлде көреалмаушылықтан ба, онысын кім білсін… Суретші оныкін де салып берді. Шабыты шалқыды. Әйелдің бейнесіне адамның құмарлығын оятатын сыйқырын қосты, қас-қабағына мейірімнен септі, жан жылуын алдыңғы қатарға шығарды… Әйел емес, құдды ханшайым ба дерсің!
Шамасы әлгі мығым денелі тәпелтек жай адам болмаса керек. Жомарттығынан суретшінің таланты туралы өз ортасына мақтанып айтып барыпты. Сөйтіп, суретшіге тапсырыс үйілді. Суретші туралы ел ішінде әпсаналар айтыла бастады. Оның суреттері адамның өміріне игі әсерін тигізетіні көп жырланды. Отбасыға ынтымақ әкеп, әрі жоқ әйелдер сұлуланып, күйеуі жоқ жас аналар бірден тұрмысқа шығып, еркектердің қуаты күшейіп кетеді-мыс.
Енді жексенбі сайын Шеберлер қиылысына баруға уақыт тапшы боп кетті. Кеңсесін де қуана-қуана ұмытты. Үйінде отырып, тапсырыстарды орындайтын болды. Тапсырыс берушілердің бәрі бай адамдар еді. Қолдары ашық. Жүрген жерлерінде мақтап жүрді. Ақшасы бояуына да, кенебіне де, қара уылдырыққа да жетіп артылатын болды. Тіпті күнде жейтін болды. Пәтерін сатып, үлкендеуін алды. Бір бөлмесін шеберхана жасады. Жақсылап жөндеуден өткізді. Басқа не қаласа болады? Осы кезде санасына тағы да бір ой жылт етті: мұның өмірлік мақсаты — түрлі «құрбақалар» мен «атжалмандарды» суреттеу ғана ма екен? Солардың болмысынан бір жақсылық іздеп өмірін өткізбек пе? Жоқ, әрине, бұл істің де бір қайыры бар, әлем үшін бір пайдасы бары анық… Бірақ, жаны жай таппады. Жаны бір жаққа шақыратындай, бірдеңе сұрайтындай… Бірақ не? Суретші ести алмады.
Бір күні бәрінен жалыққаны сонша, у-дай мас болып ішкісі келді. Дымнан дым жоқ, есінде ештеңе қалмастай мас болғысы келді. Өз ойынан өзі шошып кетті. Бұл жолға түскен өнер адамдарының тұңғиыққа тез батып кеткенін талай көрді. Олардың жолына түскісі келмеді. Бірдеңе істеу керек болды. Ойына сап ете қалған алғашқы лептің жетегінде кетті. Тапсырыс берушілерді таратып, кенеп пен жиналмалы орындығын алып, Шеберлер қиылысына келді. Бірден сурет салуға кірісті. Көшенің бұрышын, адамдардың, саябақтың, жолдың арғы бетін жылдам-жылдам кенептің бетіне түсіре бастады. Жеңілдеп қалғандай… Жанын жегідей жеген ауыр қайғысы сәл сетінегендей…
— Кешіріңіз! Сіз портрет саласыз ба? Осы жерден бірден алып кететіндей, – деген дауысқа селк етіп, басын көтеріп, бұған үңіліп тұрған жас келіншекке қарады. Өзі жас, бірақ жанары ауыр мұңға тұнып тұр. Түнімен жылаған адамдың кескіні. Үйінде біреу өлген шығар деген ой туды. Әлде басқалай қайғысы болды ма екен…
— Саламын. Он минутта дайын болады. Өз портретіңізді салғызғыңыз келе ме?
— Жоқ. Қызымның.
Осы кезде барып қызды көрді – көрді де, көзіне сенбей қатып қалды. Жұтына беріп қақалып қалды. Шамасы алты жасар бүлдіршін, бөгде ғаламшарлық мақұлыққа ұқсайды: күн мамыражай, жып-жылы боп тұрса да ол сұп-сұр комбинезон киіп алған, ұл екенін де, қыз екенін де айыру қиын. Басында жабыстырып кигізген тақиясы бар. Түрі – мөлдір қабықтай, көзі… Көзі өлім аузындағы кәрі шалдың көзіндей… Аз ғана ғұмырында көрмегені жоқ, күресуден шаршаған, әбден қажыған, ажал аузында тұрғанын білетін көздер. Көзінде өлім көлбеңдеді. Суретші мұны анық көрді.
Басқа ештеңе сұрап әурелемеді. Мұндай балаларды теледидардан көргені бар. Бұл балада обырмен ауыратыны айтпаса да түсінікті. Радиология, иммунитеті нөлде. Сондықтан еш бетпердесі жоқ, тірі қалуға да үміті сөнген. Мұның бәрін қайдан білгенін өзі де түсінбеді. Бірақ түйсігіне сенді.
Барлық детальді бірден байқайтын суретшінің қырағы көзқарасы… Ол анасына жалт қарады. Біледі екен. Іштей өзін дайындап қойыпты. Портретті де сол үшін салғызғысы келген-ау… Өйткені, ең соңғысы…Тым болмаса титтей ескерткіш қалсын дегені…
— Отыр, Ханшайым, қазір мен сенің суретіңді салам, — деді ол бөгде ғаламшарлық қызға. – Бірақ сен байқа, айнала берме, шошаңдамай отыр, мақұл ма, әйтпесе дұрыстап салынбай қалады.
Қыздың шошаңдауға да, шыр көбелек айналуға да шамасы жоқ-тұғын. Қимылының өзі ауыр еді. Құдды денесі шалт қимылдан шашылып қалатындай. Ұсақ бөлшектерге бөлініп кететіндей. Айтқан жерге отырды да, қолын тізесіне қойды. Тасбақа Тортилланың ақылды көздерімен суретшіге қадала қараған күйі қатты да қалды. Бар балалығы ауруханадан аурухана тоздырумен өтсе керек, содан да тым төзімді іспетті. Төзімсіз адамдар бұл әлемнің жұтаңдығына жұтылып кетеді.
Ол қатты алаңдады, қыздың жанына үңілгісі келіп, тырмысып бақты. Бірақ оған бірдеңе кедергі келтіріп тұрғандай. Сиықсыз комбинезон ба, әлде көзіндегі жас па, ескі амалдың бәрі бүгін көмектеспейтінін білгендіктен бе, басқа бірдеңе табу керек боп тұрды. Жаңаша шешім керек! Суретші оны тапты. Аяқ астынан: «Егер дені сау босла, бұл қыз қандай болар еді? Сұрықсыз комбинезон емес, әдемі көйлек киіп отырса ше? Жабысқан тақия емес, бантик болса ше?» деген ой туды. Қиялы ғаламды шарлап кетті. Қолы өз өзінен салып жатқандай. Қағаздың беті өздігінен түрленіп жатты. Үдеріс қайнай бастады.
Бүгін басқа күндердегідей емес, ерекше ынтамен тырысты. Миы бұл үдеріске мүлде қатыспады. Өшіп қалды. Басқа бірдеңе қосылды. Шамасы, жанымен салды. Ол жан-жүрегімен салып жатты. Бұл портрет қыз үшін емес, өзі үшін соңғы суреттей көрінді. Бейдауа дерттен қыз емес өзі өлетіндей. Ал, уақыты таяп қалды. Он минут зыр ете қалатындай.
— Дайын болды! — ол мольберттен ақ парақты жұлып алды. – Қарашы, сен қандай сұлусың!
Қызы мен анасы портретке қадалып қарады. Бірақ бұл шын портрет емес, әрі қыздың қазіргі көшірмесі де болмай шықты. Суретте ақ сарафан киген аппақ қою бұйра шашы бар қыз қолына доп ұстап шалғынды көкте асыр сап ойнап жүр. Табан астында көк майса, көкте – күн шуағы мен көбелектер, ыржиып күлген, күш-қуаты тасып толған бөбек. Неге екенін портрет жай қара қарындашпен салынса да, түрлі-түсті екендігіне күмән тудырмады, ондағы шөп – жасыл, аспан – көк, доп – сарғыш, сарафан – ақ дақтары бар қызыл түсті екенін көрініп тұрды.
— Мен осындаймын ба? – деген қыздың бәсең дауысы бетіне киген масканың астынан әрең естілді.
— Тура осындайсың!— деп сендірді суретші. – Яғни, қазір мұндай болмасаң да, аз күнде осындай боласың. Бұл келесі жаздың портреті ғой. Тұп-тура. Фотодан да анық.
Анасы тілін тістей қойды. Ол портретке емес, оның ар жағына қарап тұрғандай. Бар күшін жинап, өзін ұстап тұрған тұрысы.
— Рақмет. Рақмет сізге, — деді ол, оның да дауысы бәсең шықты, ол да көзге көрінбейтін маска киіп алғандай. – Қанша төлейін?
— Бұл сыйлық, — деді суретші. – Атың кім Ханшайым?
— Аня…
Портретке өзінің қолын қойды да, басына «Аня» деп жазды. Сосын датаны жазды, күнін бүгінмен, жылын келесі жылмен.
— Ұстаңыз! Келесі жазда кел. Мен сені күтем. Міндетті түрде келіңіздер!
Анасы портретті сөмкесіне салды. Қызын құшақтай сала тезірек кетуге асықты. Оны түсінуге болады. Ол келесі жаздың болмайтынын ойлап қайғырған болар. Есесіне бұл ештеңе білмеді, білгісі келмеді. Сосын ол жаздың суретін сала бастады. Жаз, Шеберлер қиылысы, өзі отыр, аллеяда бақыттан басы айналған келіншек пен қолына доп ұстаған ақ бұйра шашты қыз кетіп барады. Ол жаңа өмірді салып жатты. Өзіне ұнайтын өмірді салды. Қолынан келетін өмірді салды. Суреті сондай шынайы еді. Жылын, жылын жазып қою керек. Ғажайып қашан келетінін біліп жүрсін.
— Болашақты суреттеп жатсыз ба? – ту сыртынан жақындаған біреудің дауысы саңқ ете қалды.
Басын көтеріп, артына қарады. Алдында сұлу әйел тұрды. Сұлу болғанда да сұлу. Не дерін де білмеді. Періште ме екен? Мұрыны сәл ұзындау демесең…
— Таныдыңыз ба? – періште-келіншек күлімсіреді. – Баяғыда менің де келешегімді өз қолыңызбен құйып беріп едіңіз. Енді, міне, мына қыздың келешегін де өз қолыңызбен өзгерттіңіз! Туындыгерсіз! Рақмет!
— Қайдағы туындыгер? – деген сөз өздігінен айтылып кетті. – Жай ғана суретшімін, әуесқой суретшімін, ұлылыққа жетпей қалған бейбақпын… Жұрттың бәрі туа біткен талантсың деуші еді… Ал, мен… Шатпақтап жүрмін ақырындап… Өзімнің өмірдегі орнымды іздеп жүрмін… Менің қолымнан не келер екен?
— Сіз әлі түсінбедіңіз бе? – періште-әйел сәл қабағын көтерді. – Сіз шындықты өзгерте аласыз. Бұныңыз өмірлік мақсат емей немене?
— Мен? Шындықты өзгерту? Ол мүмкін бе?
— Неге мүмкін емес? Ол үшін тым көп нәрсе керек емес екен! Тек адамдарды жақсы көре алсаң болғаны. Талант. Өзіңе деген сенім. Осы ғана. Осының бәрі сізде бар. Маған қараңызшы! Бар өзгеріс сізден басталды ғой. Бұрын кім едім? Қазір кіммін?
Әйел суретшіні иығынан қақты. Қанатын қағып, ұшып бара жатқандай әсер қалдырды. Күлімсіреп, бұрылып кетті.
— Ал, қазір кімсіз? – келіншектің соңынан көзін тіккен қалпы кешіккен сауалын айтып үлгерді ол.
— Періштемін! – деп кері бұрылды келіншек. – Рақмет саған! Жасампаз!
… Ол суретші қазір де Шеберлер қиылысында отырады. Ескі мольберті, жиналмалы орындығы, көркем суретке керекті ұсақ-түйегі салынған кішкентай шабаданы, үлкен қолшатыры бар… Оның алдында үнемі ұзын-сонар кезек тұрады… Ол туралы аңыз-ертегілер ауыздан ауызға көшіп жүр… Ол адамның бойында жасырынып тұрған қасиетін көреді-мыс. Адамның келешегін салып бере алады екен. Жай суретін салып бермейді, келешекті жақсы жағына біротала өзгертеді екен. Ол суреттеріне басқа шындықты салу арқылы көптеген науқас балаларды құтқарып қалған деседі. Оның шәкірттері көп екен. Кейбіреулері оның сыйқырлы қасиетін бойына жұқтырыпты-мыс. Олар да әлемді өзгерте алады екен. Әсіресе, араларында ақ шашты бұйра қыздың таланты керемет дейді. Оның картиналары жан дертінен арылтады екен. Өйткені, ол әр адамның дертін жүрегінен өткізіп салады екен.
Ал, суретші үйретіп жүр, сурет салып жүр… Оның атын ешкім білмейді. Оны жұрттың бәрі Туындыгер атап кеткен. Адамның өмірлік мақсаты сол болса, қайтесіз енді…

Эльфика
Аударған Шынар Әбілдә