Жас отбасылардың жағдайларын қалай түзеуге болады?
Ауылдағы жастардың бәрі тоқсаныншы жылдардан бастап күнкөріс қамымен ата-аналары мен тұрып жатқан шаңырақтарын тастап қалаға қарай ағылды. Ол урбанизация, ол көш әлі де толастаған жоқ. Өйтпей қайтсін, істейтін жұмыс жоқ, баяғыдай бағатын көп мал жоқ, колхоз-совхоз тарап кеткен, егетін бау-бақшадан да келер пайда шамалы. Сосын амал жоқ ерлі-зайыптылар бала-шағасын асырау үшін аудан, облыс орталықтарына, үлкен қалаларға шұбырды. Ал мұнда, бейтаныс қалаға келгенде оларды бастарынан сипап қарсы алатын көкелері жоқ, әрине. Ә дегенде істейтін жұмыс орны, тұратын баспаналары болмаған соң аздап естерін жинап, алғашқы еңбекақыларын алғанша деп уақытша тұруға туыстарының, таныстарының үйлерін сағалайды. Оларға да ұзақ жата алмайсың. Қалада бір күн аш қалсаң ешкім көмектеспейді. Қалада тек қиындыққа төзе білген жанкештілер ғана тұрақтап қала алады. Сөйтіп ауылдан келген жас отбасылар тағы бір жұмыссыздар мен баспанасыздардың қатарын толықтырады. Олар үй жалдап, пәтерақысын бір айдан келесі айға дейін созып төлеп, үй иесінің қас-қабағына қарап жетім баланың күйін кешеді. Жарығы, жылуы нашар сыз үйлерде тұратын жастардың денсаулықтары да нашар. Одан соң баспана алу үшін несие төлеп, қарызға белшесінен батып жүрген жас отбасылар бүгінгі таңда жетерлік. Қазаққа той жасау үшін, автокөлік алу үшін банктен қорықпай несие ала салу үйреншікті нәрсе боп кетті. Сол несиені төлей алмай өздеріне қол салып, суицид жасап жатқан жас отбасылар қаншама? Осылардың бәрін көріп-біліп отырған биліктегі шенеуніктер неге әрекет жасамайды? Әй, бір селт етпейді-ау, селт етпейді! Былтыр ауылда тұратын бір туысымыздың баласы асылып өлді деген хабар келді. Артында әп-әдемі келіншегі, 5 баласы қалды. «Бұған не болды екен десек» төлей алмай отырған неиесі бар екен, соған шыдамай өзін өлімге қиған екен.
Мұндай оқиға қалада да көп. Жоғары қабаттан өзін тастап жіберу, үстіне бензин шашып өртену деген сияқты. Таяуда теледидардан 5-6 жасар кішкентай баланы полициялар тауып алғанын хабарлады. Бірнеше күн бойы әке-шешесі табылмады. Сөйтсе отбасылық жағдайына байланысты анасы оны тастап кетіпті. Тұратын баспана, ішер тамақ жоқтықтан балаларынан өз еркімен бас тартып жатқан осындай аналар көбейіп кетті. Бұл да жас отбасылардың ең күрделі әлеуметтік мәселесі емей немене? Міне, өкімет осыған тез арада көңіл бөлмесе елімізде тастанды сәбилердің саны арта бермек. Бұқаралық ақпарат құралдары темір дүңгіршекте және бір бөлмелі лас, тар жатақханаларда тұрып жатқан көпбалалы аналар жайлы көп айтады, көп көрсетеді. Осындай қиын кезеңде үйсіз-күйсіз жүрген жас отбасылар амалсыз бала санын шектеуде. Алдымен жағдайымызды жасап алайық деп 1-2 баламен қалады. Ал кейін жастары 40-қа жақындағанда денсаулықтары сыр беріп, бала туу кеш болған талай ерлі-зайыптыларды көріп жүрміз.
Қазақстанда жасы 29-ға толмаған жұбайлар жас отбасы боп саналады. Ал толық емес отбасына айырылысқан, не жесір қалған немесе баланы ата-анасының біреуі жалғыз тәрбиелейтін отбасы жатады екен. Көптеген жастар бірін-бірі сүйіп қосылады. Социологтардың мәліметіне сүйенсек, мұндай отбасылар 70-75% екен. Шын, құштарлық сезімсіз есеппен үйленгендер 15-20%. Шамамен 5-10% отбасылар әл-ауқатты әулеттерден шығады. Сондай-ақ студенттік кезде отбасы құрғандар да бар.
Жас отбасыларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
Жас отбасыларды мемлекеттік қолдау аймақтық және салааралық бағдарламалармен айналысатын жерлердегі меморгандары арқылы жүзеге асырылады. Қолдаудың шаралары жас отбасылардың әлеуметтік мұқтаждықтарына сараптама жасау негізінде белгіленеді. Қазіргі кезде жас отбасыларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан мынадай істер жоспарда тұр екен:
* Жас отбасыларына жеңілдік жолымен несие беру;
* Студент ата-аналарға оқу орны әкімшілігінің келісімі бойынша жаттығу сабақтарына еркін қатысу;
* Бала бір жарым жасқа дейін академиялық демалыс беру;
* Жас отбасыларға мәселелері бойынша психологиялық, құқықтық, педагогикалық тегін кеңес беру;
* Жас отбасылардың мәселелерімен айналысатын және оларға әлеуметтік қызмет пен қолдау көрсететін коммерциялық емес ұйымдар жүйесін жетілдіру (НПО);
* Жастар мен балалардың сауығу мен ұйымдастырылған жазғы демалыс жүйесін дамыту және сақтау;
* Әл-ауқаты төмен студенттер отбасына оқу орындарына қатысты жатақхана баспана беру.
…Иә, жастар − біздің болашағымыз дейміз. Елбасымыздың өзі өткен сайлауда жастармен кездесуінде «Әрбір жас отау құрмас бұрын баспаналы болу мәселесін шешіп алу керек!» деген болатын. Ал бұл мәселені кім шешеді? Сондықтан жаңа отау құрған ерлі-зайыптылар некесін берік ұстап, аяғынан нық тұрып кетуі үшін жан-жақтан көп көмек күтетіні анық. Бұған әсіресе мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау мен қамқорлық ауадай қажет.
Қамқорлыққа, көмекке зәру жастарға, жас отбасыларға тағы да қандай көмек қажет?
Урбанизация үдерісі тоқсаныншы жылдардан басталып, қазірге дейін жалғасып отыр. Ауылдарда негізінен қарттар ғана қалған. Миллиондаған жастардың қалаларда екінші өмірі басталды. Олар ешкімге жалынбай өздерінің күндерін өздері көруге талпынып жатыр. Бірақ қала оларды барынша қабылдамады. Ең сұмдығы жастарымыздың бір бөлігі жезөкшілікке салынып тәндерін сатса, енді бір бөлігі еңбектерін сатып, құлдыққа, күңдікке түсті. Қыздарымыз, яғни болашақ аналарымыз жат жұрттықтарға тұрмысқа шығып жатты. Жастардың көбісі қазір отбасы болуға құлықсыз. Оның себептеріне жоғарыда тоқталдық. Біз, яғни мемлекет жастардың қалаға келуіне барынша жол ашуымыз керек. Ол үшін мына мәселелерді тез шешкен жөн.
- Оларды жұмыспен қамтуды күшейту;
- Баспанамен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыру. Қол жетімді баспаналар, жатақханалар салу;
- Қалаға тіркеуді жеңілдету;
- Балабақшаларды арзандату;
- Жастардың рухын көтеруде демалыс, спортпен айналысуға жағдай жасау;
- Жоғары оқу орындарында тегін оқыту. Әйтпесе Ресей ондай жастарымызды мың-мыңдап өз оқу орындарына шақыруда;
- Денсаулық сақтау салаларында қазақ жастарына тегін емделуге мүмкіндік жасау;
- Балаларға көмек ақшаларын жоғарылату. Бұл демографиямыздың өсуіне кепіл беретін ең сенімді жол.
- Жастарды имандылыққа, үлкенді сыйлауға, әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелеуді күшейту үшін арнайы бағдарламалар ұйымдастыру.
Сонда ғана жағдайы мен тұрмысы түзелген жас отбасының мемлекетімізді гүлдендіріп, демографиялық ахуалымызды жақсартуға өз үлесін қосатынына сенімдіміз.
Шаргүл Қасымханқызы