Бос жұмыс орындары бақылауда болса…
Жақында облыстық қазақ драма театрының ғимаратында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Бұл шараны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қызметкерлері жастарға, мүмкіншілігі шектеулі жандарға, пробация қызметінде есепте тұрғандарға және басқа да жұмыссыздар үшін арнайы ұйымдастырды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Қырмызы Айтқалиеваның айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Орал қаласынан және аудандардан келген 48 жұмыс беруші қатысып отыр. Олар барлығы 868 жұмыс орнын ұсынуда.
–Биыл жыл басынан бері осымен жетінші рет бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылып отыр. Атап айтар болсақ, бұл жолы 12 өндірістік кәсіпорын 237 бос жұмыс орны, құрылыс компаниялары -22, жеті медициналық мекеме -118, үш білім мекемесі -13, мәдениет саласының бір мекемесі -14, мұнай-газ кәсіпорны – 4, бес сауда компаниясы – 162 және басқа саладағы кәсіпорындар 289 бос жұмыс орнын ұсынуда. Бұған дейінгі ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қаладан 128 жұмыс беруші қатысып, 114 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Сондай-ақ, 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 64 адам қоғамдық жұмыстарға орналасты. Жастар практикасына 32 адам және екі адам оқуға жолданды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналастыруын сұрап 7978 адам жолықса, соның 3012-сі жұмыссыз деп танылды. Тұрақты жұмысқа 2357 адам, жастар практикасына 678 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 96 адам, қоғамдық жұмыстарға жыл басынан бері 1153 адам жолданды. 629 адам кәсіптік оқуға жіберіліп, екі адам шағын несие алды. Жұмыс сұраған 172 мүгедек адамның 142-сі және пробациялық есепте тұрған 71 адамның -44-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Биыл 1 қазанға дейін мемлекеттік қолдау алған адамдардың саны 4 915-ті құрап отыр. Былтыр мемлекеттік қолдаудың барлық шараларымен 231 адам қамтылған болатын,-деді ол шараның маңызын түсіндіріп.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошевтің айтуынша, мұндай жәрмеңкелер, әсіресе, жастарға керек. Себебі, қолдарында дипломдары болғанымен, тәжірибесі болмаған соң оларды жұмысқа алатындар некен-саяқ. Сол себепті, жұмыссыздардың денін жастар құрайды.
Бұл жолы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі екі кезеңде өтті. Алғашқы кезеңде жұмыс іздеушілер жұмыс берушілерге түйіндемелерін тапсырып, сұрап отырған жұмыстары бойынша ақпараттарға қанықса, келесі кезеңде олар «Бизнес-бастау» тренингіне қатысып, жеке кәсіпті қалай ашуға болатыны жөнінде кеңестер алды. Семинар–тренингті облыстық кәсіпкерлік палатасының мамандары жүргізді. Жиналғандар, әсіресе, аталған мекеме заңгері Нұрбек Айтбаевқа көптеген сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Шара барысында жұмыс берушілер өздеріне жолыққан адамдарға мұғалімдер мен дәрігерлерден бастап, инженер, электрик, темір ұстасы, ағаш шебері, электрмен және газбен дәнекерлеуші, тас қалаушы, аспаз секілді мамандарға бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс ұсынушылар қатарында «Домашний сервис» жеке агенттігі де болды. Бұл агенттіктің қатысқанын бөле-жара айтып отырған себебіміз, жұмыс іздеушілер, көбінесе, осы агенттік өкіліне жолықты. Агенттік өкілінің айтуынша, қызмет ұсыну мұнда ақылы түрде жүргізіледі. Бұл агенттіктен жұмыс алу үшін жұмыс іздеуші мекемеге 1000 теңге ақшасын төлеп, біраз уақыт күтуі керек. Өздеріне ақшасын төлеп тіркелген адамдардың өтініші бойынша агенттік өкілдері оларға 1 жылға дейін бос жұмыс орындарын қарастырып, жұмыс табылған кезде өтініш білдірушіге бұл жөнінде хабарлайды. Аталған агенттік көбінесе, мұнай-газ саласы бойынша және бала күтуші, үй қызметшісі секілді соңғы кездері пайда болған үлкен сұранысқа ие қызметтерді ұсынды. Өкілдің айтуынша, бюджеттік мекемелерден бір айырмашылығы, агенттік ұсынған жұмыс орындары жұмыс іздеушінің жасына, тәжірибесінің бар-жоғына қарамайды. Және жұмысшылар мен қызметкерлерге ұсынып отырған жалақылары да жоғары. Яғни, мұнда мемлекеттік мекемелер секілді, жұмыс іздеушіге «өзі жас болсын, өзінің тәжірибесі болсын» деген сияқты талаптар қойылмайды. Сол себептен бе, сырт қараған кісіге нақ осы агенттікке жолыққан азаматтар қатары көп секілді көрінді.
Айта кету керек, бұл жолы бюджеттік мекемелер ұсынған қызметтер сан алуандығымен ерекшеленді. Жәрмеңкеде ұсынылған қызмет түрі көп болғанымен, неге екені белгісіз, шараға келушілер саны аз болды. Тіпті келгендердің өзі жұмыс берушілерге түйіндемелерін тастап қарқ қылған жоқ. Осы жағдайға байланысты бірқатар жұмыс іздеушілермен тілдесіп көрдік. Олардың бірі осындай бос жұмыс орны жәрмеңкесіне үнемі қатысатынын, бірақ өтінішін тастаған мекемелерден бір де бір рет шақырту алмағанын айтып, реніш білдірді. Өкінішке орай, бұл кісі өзінің аты-жөнін айтпады және суретке түсіруге қарсылық білдірді. Оның айтуынша, бюджеттік мекемелердің қызметкерге ұсынатын жалақысы аз болғаны өз алдына, оларда жұмысқа сұранушыларға қойылатын талап көп. Сол жерде бұл пікірге тағы бір азамат қосылып, бюджеттік мекемелердің жалақысымен мынандай қымбатшылықта өмір сүру қиын екенін жеткізді. Ол осы себепті жоғарыда аталған агенттікке шетел компаниясынан жұмыс сұрап, өтініш тапсырғанын айтты. Жігіт ағасы қазіргі кезде жекенің жұмысын жасап, күнделікті тапқан табысымен күн көріп жүрген көрінеді.
Жұмыс іздеп жүрген жасы ұлғайған кісілердің көбі осы агенттікті жағалап жүргенін сол шараға қатысқан жұрттың бәрі де көрді. Олардың айтуынша, жасамыс адамдарға бюджеттік мекемелерге жұмысқа кіру қиын. Жасы ұлғайған кісілерді тек бюджеттік мекемелер ғана емес, сонымен қатар «Конденсат» АҚ секілді жергілікті «ақшалы» компаниялар да жұмысқа алмайтын секілді. Өйткені, аталмыш компанияға қарайтын «Нафта» ЖШС өкілінің ұсынылған бос жұмыс орындарына тек қана түр-тұлғасы келіскен, сымбатты жастарды қабылдайтынын айтып жатқанын құлағымыз шалып қалды.
Әділдігін айту керек, бұл жолы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар әлсін-әлсін ортаға шығып, дыбыс ұлғайтқыш арқылы хабарлап, жұмыс іздеп жүргендерге үнемі жөн сілтеп отырды. Тек сенімдеріне селкеу түскен жұмыс іздеушілердің жұмыс берушілерге көп жақындамағаны болмаса…
Жұмыссыздар санын азайту үшін жасалып жатқан осындай шаралардың маңызы жөнінде айтудың өзі артық. Дегенмен, мұндай жәрмеңкелердің тиімділігін арттыру үшін жұмыс іздеушілердің жоғарыда айтқан пікірлерін ескергендері жөн. Ол үшін осындай шаралардың нәтижесін құзырлы орындар тексеріп, бақылауда ұстаса дейміз. Осылай еткенде ғана бос жұмыс орындары жалпы жұртқа қолжетімді болып, Үкіметіміздің жұмыссыздықты азайту бағытында атқарып жатқан жұмыстары нәтижелі болмақ.
Айша ӨТЕБӘЛІ,
Батыс Қазақстан облысы