Геннадий Шиповских: Қазақтың жерін басқан әр адам қазақ тілін білуі керек
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских латын әліпбиі өз тілін білмейтін қазақтарға ана тілін үйренуге керемет мүмкіндік екенін айтып өтті.
“Елбасымыздың сәуір айында шыққан кезекті бағдарламасында халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртатындай үлкен бағыттар берілді. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу. Біз латын әліпбиіне көшпейміз – ораламыз. Себебі, өздеріңіз білетіндей, 1929 жылдан бастап, 1940 жылға дейін біз латын әліпбиін пайдаланып келдік. Алайда белгілі бір саяси себептермен біз басқа жазуға көшуге мәжбүр болдық”, – дейді Геннадий Шиповских.
Мұнымен қатар, ол 90-жж әліпбидің ауысуына көп ешкімнің бас қатырмағанын айтып өтті. Себебі, сол кезде қазақстандықтардың алдында бұдан да маңызды мәселелер тұрған еді.
“Араға 25 жыл салғанымызды ескеріп, әліпбиді ауыстыратын уақыт келді дегенге кәміл сенемін. Әр адам Қазақстанда қазақтың жерін басып жүргеннен кейін қазақ тілін білуі керек. Ешбір тілді шеттетпейміз. Қазақ бола тұра қазақ тілінде сөйлей алмайтындар да баршылық. Меніңше, латын әліпбиі өз тілін білмейтін қазақтарға қазақ тілін меңгеруде керемет мүмкіндік”, – дейді ол.