Болашақта жоғары сұранысқа ие болатын мамандықтар

Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Заман талабына сай кей мамандықтар да еңбек нарығында жоғалуы мүмкін. Мысалы, Стратегиялық бастамалар агенттігі келер онжылдықта жойылатын мамандықтардың тізімін жасапты. Сол тізімде кітапханашы, турагенттік қызметі, лектор, лифтер, билет сатушы, тігінші мамандықтары бар. Еңбек нарығындағы жаңа өзгерістер елімізге де келе жатқанын осы жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты. Сондықтан еліміз үшін білімді, бәсекеге қабілетті әрі білікті кадрлар даярлау – маңызды міндеттердің бірі. Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидиновамен осы тақырыпта әңгімелескен еді.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы төртінші өндірістік революцияға сәйкес келді. Ал аталмыш революция кейбір мамандықтардың мазмұнын өзгертуде. Мысалы, болашақта олардың кейбірі жойылып, оның орнына жаңасы келуі мүмкін. Бұл өзгерістер қоғамның көптеген саласына әсер етеді. Ол – еңбек нарығы, қоғам, саяси жүйелер, технологиялық құрылым және т.б салалар. Тәжірибелі сарапшылар 2025 жылы сервистік және дербес робот техникасына қызмет көрсету саласына сұраныс артады деп болжап отыр. Демек осы салаға алдағы уақытта 15 мың маман қажет. Ал 2025 жылы жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі – робот техникасының программистері болады. Ал жаңа мамандықтарды бүгіннен бастап меңгеру қажет. Өйткені, мектеп кезінде оқушылардың инженерлік дағдыларын қалыптастыру өте маңызды», — дейді ол.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы ресейлік мамандар «Жаңа мамандықтар атласын» жасағанын атап өтті. Сарапшылар да бұл мамандықтар алдағы уақытта жоғары сұранысқа ие болатынын айтып отыр екен.

«Қазіргі таңда әлемде «Жаңа мамандықтар атласы» өте танымал. Оны Ресейдің стратегиялық бастамалар агенттігі мен мәскеулік «Сколково» басқару мектебі жасады. Молекулярлы диетолог, киберпротез жасаушы, ГМО-агроном, энергия құралдарының дизайнері, интеллектуалды энергия торабының жүйелік инженері, ақылды жолдар құрылысшысы, космостық туризм менеджері, космос жолын жөндеуші-инженер, роботтарды басқаратын нейроинтерфейстер жобалаушысы, интеллектуалды меншікті бағалаушы, электронды киімдер рецептісінің программисі және т.б. Бұл – жаңа ғасырда сұранысқа ие болатын мамандықтар тізімі. Сонымен қатар бұл кәсіптерді біздің балаларымыз меңгеруі қажет», — дейді басқарма төрайымы.

Еліміздегі білім беру жүйесіндегі өзгерістер заман талабынан сай жасалып отырғаны белгілі. Оның мақсаты – бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу. Осы орайда Күләш Шамшидинова ендігі оқушыларға қандай талап қойылатынын айтты.

«Еңбек нарығы адам баласынан жүйелі ойлауды, салааралық коммуникацияны, жобаларды басқаруды, компьютерлік бағдарламалар даярлау, көп тілде сөйлеу және көпмәдениеттілікті, көркем еңбек пен клиенттің қажеттіліктерін өтейтін дағдыларын талап етуде. Әрине, білім адам өмірінде басты рөлді атқара береді. Сонымен қатар қазіргі таңда пәнаралық жан-жақты білім, білік және дағдыларды жетілдірудің де маңызы артып отыр. Мектеп балалардың бойында оқу, жазу, есептеу, сызу дағдыларын, пән ауқымындағы білім негізін қалыптастыруды, оқу, жаратылыстану сауатын жетілдіруді жалғастырады. Бір сөзбен айтқанда, білім беру саласындағы тренд – оқушыларды аз оқытып, олардың өздігінен білім алуына жағдай жасау. Ал білім берудің жаңа парадигмасы мектеп түлектерінің еңбек нарығында өз орнын табуға негізделеді», — деп түйіндеді сөзін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы.