Жылы киімдерді қалай күткен жөн?
Жылы киімдер жазғы киімдерге қарағанда өте ауыр әрі шәлкез матадан жасалады. Оларға дұрыс күтім жасамаса, түрін кетіріп алады. Сондықтан бүгінгі материалдан жылы киімдерді күту жолдарын біле аласыздар.
Қысқы трикотаж
Күзде немесе қыста гардероб сөрелерінен свитер, кардиган, шарф, снуд шарфы секілді киімдер орын ала бастайды. Мұндай киімдер жүннен немесе оның түрлерінен жасалады. Жүнді матаға деген жалпы талаптар бірдей. Олардың талшықтары өзгеріске ұшырамас үшін суық суға қолмен жуған жөн. Жууға арнайы құрал немесе сусабын қолдану керек.
Трикотаж киімдерді қатты бұрап сығуға болмайды. Қолмен жуылған тоқыма киімді түкті сүлгіге ораңыз. Ол ылғалды сіңіріп алған кезде кептіргіш жатығына құрғақ сүлгі төсеп, үстіне тоқыма киіміңізді жайып қойыңыз.
Лайфхак: қой жүні тікенек материал болып келеді. Егер қой жүнінен тоқылған киім денеңізді қышытса, оған шашқа арналған қарапайым бальзам жағып, жақсылап суық суға шайып алыңыз.
Кашемир
Кашемир – жоғары сапалы жүннің бір түрі. Егер киіміңіз нағыз кашемирден жасалған болса, ол міндетті түрде ұзақ қызмет етеді. Кашемирді дұрыс күтудің басты ережесі – оны аз жуу. Кашемир иісті тез сіңіріп алады. Сондықтан жағымсыз иіс (мысалы, темекі тартатын орын) бар жерлерден алшақ жүріңіз. Егер дезодорант қолдансаңыз, кашемир киімді ол толықтай кепкен соң киіңіз. Кашемир киімді пакетке салып, сөреге бүктеп жинаған жөн. Егер киімді ілгішке ілгенді жөн көрсеңіз, ілгіштің жұмсақ иықты түрін таңдаңыз. Лайфхак: кашемир киімді ұзақ киген соң кесектер пайда болуы мүмкін. Оларды қолмен жұлуға болмайды, абайлап тырнақ егеуішін пайдаланыңыз.
Ангора
Бұл матаны ангор қояндарының жүнінен дайындайды. Адамдар ангораны жеңілдігі әрі жылылығы үшін жақсы көреді. Алайда бұл матаның оңатын жағымсыз ерекшілігі бар. Ангор киімді міндетті түрде бөлек жуу керек. Оны жуу кезінде арнайы құрал пайдаланған жөн. Мұндай киімді шайған кезде суға глицерин (10 литр суға 1 шай қасық глицерин) қосыңыз. Ангор киімін кепкен соң тарауға болады.
Лайфхак: ангор киімдер уақыт өте келе созылып кетеді. Оны бастапқы қалпына келтіру үшін мұздатқышқа 12 сағатқа салып қойыңыз.
Мохер
Мохер – қолайлығымен ерекше болып келетін жүнді матаның бір түрі. Мохер қарапайым жүнге қарағанда жылырақ және беріктеу, ол денені қышытпайды. Мохерді үтіктеудің қажеті жоқ. Егер қыртыс пайда болса, оны ваннаға іліп қойыңыз. Ол будың әсеріне тегістеледі.
Лайфхак: Мохер киімді жуып болған соң, ылғал кезінде оның пішінін түзеп алуыңызға болады. Мысалы, жеңі қысқа болса, созып алуға болады.
Пальто
Суық мезгілде сыртқы киімге де күтім жасау үлкен сұрақ тудырады. Мысалы, өз иесінен аса ерекше зейін талап ететін киімнің бірі – пальто. Мамандардың айтуынша, пальтоға дұрыс ілгіш алу керек. Ілгіш сіздің иығыңызбен бірдей болғаны жөн. Пальтоны ілгішке ілерде қалтасындағы барлық заттарды шығарып қойыңыз. Пальтоны жылытқыштан ары іліңіз. Ал жылы мезгілде оны арнайы қапқа салып, суықтау жерде сақтаған жөн. Пальтоның көбісі жүннен жасалады. Алайда пальтоны басқа жүннен жасалған киімдер секілді жуудың керегі жоқ. Оны жылына бір рет химиялық тазалау орталығына апарып тұрыңыз.
Лайфхак: химиялық тазалауға апаратын уақыт келмесе, алайда пальтоға дақ түсіріп алсаңыз, үй жағдайында кетіріп көріңіз. Ол үшін суға аздап жууға арналған құрал құйыңыз, осы сұйықтықпен дақты сулаңыз. 5-10 минут күтіңіз, содан соң оны ылғал губкамен сүртіп шығыңыз.
Мамықтан жасалған сырт киім (пуховик) Мамықтан жасалған сырт киім пальтоға қарағанда ыңғайлы болып келеді. Алайда ол да ерекше күтімді қажет етеді. Оны жайылған күйде мақта-мата қапта сақтау керек. Оған күннің тіке көзі түспегені дұрыс. Мамық сырт киімді ластануына қарай және жинап салып тастар алдында жуу керек. Егер ол қатты лас болмаса, қолмен жуып көруге болады. Бастысы оны жақсылап шаю керек. Әйтпесе, күрткеде сабынның іздері қалып қояды. Жуып болған соң көлденең жайып кептіру керек. Егер іліп кептірсеңіз, күрткедегі барлық мамық төмен түсіп кетеді. Қазіргі мамықтан жасалған күрткелерді кір жуу машинасында жууға болады.
Күрткені кір жуғыш машинаға салмас бұрын, қатты кірленген жерлерін (жағасы, жеңі) кір сабынмен ысқылап жіберіңіз.
Лайфхак: Күрткенің ішіндегі мамық кесектерге бөлініп қалмас үшін кір жуғыш машинасының барабанына арнайы шарлар салып жіберіңіз. Олар жуу, шаю және кептіру кезінде күрткені қосымша ұрып тұрады. Былғары етік
Суық мезгілге табиғи материалдан жасалған етік алған дұрыс. Етікті қымбатқа алсаңыз да, ол күтімді талап етеді. Әр сыртқа шығып келген сайын етікті көшедегі ластықтан тазартқан жөн. Етікті жылы суға суланған дәкемен сүрту керек. Табиғи материалдан дайындалған етік ылғалды жақсы көрмейді. Етікті жылытқыш батареясына кептіруге болмайды. Батареяға кептіре берсеңіз, етіктің былғарысы өзгеріске ұшырап, желім ашыла бастауы мүмкін. Етікті бөлме температурасында кептіру керек. Жылдам кебу үшін етік ішіне газет салып қойыңыз.
Лайфхак: Етіктегі дақты сірке араласқан суға (1:1 қатынасында) суланған дәкемен сүрту арқылы кетіруге болады. Содан соң етікті майсана майымен сүртіп шығыңыз.
Толығырақ: https://massaget.kz/kyizdarga/shayra/48986/