Балаңыз ақша жұмсай білеме?
Кішкене кезіңізде үйге қонақтар келгенде қолыңызға ақша ұстатса, қуаныштан дүкенге қарай жүгіріп, барлығын тәттіге жұмсап қоятын ба едіңіз? Балалар ақша ұғымын аса жақсы түсіне бермейді, сондықтан қолында барды тек жарату керек деп ойлайды. Осы жағдайдың алдын алу үшін, ертеңгі күні балаларыңызға ақша ұстауды үйрету үшін мына кеңестерді қаперіңізге алыңыз.
Балаға ақша табу үшін қанша еңбектенетініңізді айтыңыз, банк тек оны қауіпсіздікте ұстайтын жер екенін түсіндіріңіз. Есін біле бастаған шақтан, 4-5 жасынан бастап, қолына ақша беріп қойыңыз. Орынды жеріне өзі жұмсай білуді осылайша үйренеді. Бала өз бюджетімен өзі жұмыс істей білетін болуы керек. Егер оған бірнәрсе қажет болса, қалаған нәрсесін сатып алуы үшін өзі ақша жинасын. Сіз берген ақшаны тек маңызы аса жоғары дүниелерге ғана жұмсауды үйренеді, артылғанын жинап қояды. Көздегеніме қол жеткіземін деп ақша жинау жолында адамгершіліктен аттап кетпеуді де ескертіңіз. Өмірде жетістікке жетудің бастапқы сатылары ретінде қалағанына өз күшімен қол жеткізгенін жатқызуға болады. Мұның марапаты ретінде өзі жинаған ақшаны дүкен кассасында өзі төлеуіне мүмкіндік беріңіз.
Бала мұны ешқашан ұмытпайды әрі аса қуанып қалады. Өз таңдауына өкінбес үшін ұнатқан нәрсесін алдымен жан-жақты қырынан саралап алуды үйретіңіз. Қазіргі балалар интернетті ата-анасынан жақсы біліп жатса да таңғалмаймыз. Оларға ғаламтор арқылы басқа сауда орындардағы бағаны, сапаны салыстырып, ең жақсысын таңдау керек екенін айтыңыз.
Содан кейін ғана тапсырыс беру арқылы не барып сатып алуға болады. Сатып алуда ғана емес, өмірде де өзі таңдаған нәрседен бас тартуға, оған өкінуге болмайтынын ұқтырыңыз. Шығындарын қадағалау. Кез келген адам артық шығын жұмсамауы үшін ақшаның қайда кетіп жатқанына есеп бере алатындай болуы керек. Ол үшін ерінбестен жұмсаған ақшасының тізімін жазып отырған дұрыс.
Балаңызды мұндайға кішкене кезінен дағдыландырып, шағын блокнот беріңіз не есебін ноутбукке, планшетке жазсын. Әлде чектерін жинап жүретін әмиян берсеңіз де, балаға бұл қызықты болады. Балаға қолындағы ақшасының белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа беруді, өзгелерге сыйлық алуды үйретіңіз. Сонда оның санасында ақша тек қажеттіліктерді сатып алу үшін емес, басқаларға қуаныш сыйлау үшін де қажет деген түсінік бала кезінен қалыптасады.
Толығырақ: https://massaget.kz/kyizdarga/shayra/49000/