Дос КӨШІМ: «Тарихи дерексіз атаулардан арылу керек»
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен іске қосылған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы аясында құрылған жұмыс тобы жылына бір рет ел аралап, орыс тілді азаматтарға мемлекеттік тілді білудің қажеттіліктерін түсіндіруде. Осы бағыттағы жұмыс біздің өңірде ұйымдастырылды. Жалпы, мұндай шаралар біздің қоғамға не береді, нәтижесін қашан көреміз? Сондай-ақ, тіл төңірегіндегі түйткілдерді шешудің қандай жолы бар? Осы тақырып бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми сараптамалық кеңесінің мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Дос Көшіммен әңгімелескен болатынбыз.
— Ассалаумағалейкум, Дос аға! Павлодарға қош келдіңіз! Біздің өңірдегі кездесулеріңіз қалай өтті? Қандай ой түйдіңіз, нәтижесі қалай болмақ?
— Рахмет! Павлодар облысында бір аптадай уақыт болып, аудандар мен ауылдарда тұратын орыс тілді азаматтармен сөйлестік. Кездесу барысында үш тақырып бойынша әңгіме өрбіттік, сұрақтарына жауап бердік. Біріншісі — Қазақстан халқының, соның ішінде орыс тілді азаматтарға мемлекеттік тілді білу қажеттілігін насихаттау, екіншісі — қазақ әліпбиіне қатысты орын алып жатқан өзгерістерді түсіндіру және ауыл халқымен бірлесе отырып, ономастика мәселесін талқылау. Сіздердің өңірлеріңізде тілге байланысты проблема әлі де баршылық екен. Әр кездесу сайын қазақ тілі туралы құнды деректерді келтіре отырып, тілдік ахуалдың жыл сайын өзгеріп келе жатқанын және соған орыс тілді азаматтардың дайын болуы керектігін ескерттік. Негізінен, бұл жоба өз нәтижесін қазір болмаса да, болашақта береді деп ойлаймын. Яғни, қазақ тілін әлі үйрене алмай жүргендер ойланып, бір әрекет жасайды деген сөз. Бәлкім, басқа елге қоныс аударуға дайындалады, не болмаса тіл үйрену жағын қолға алады. Сонымен қатар, балаларын қазақ тілді мектептер мен балабақшаларға бере бастауы да мүмкін. Екіншіден, осы жобадан нақты нәтиже шығару үшін жергілікті билік дәл осы кезде «атқа мінуі» керек. Өйткені біз әрбір жиын сайын кейбір ауылдар мен көшелерде орыс атаулары негізсіз тұрғанын айтып, нақты дерекпен түсіндіреміз. Міне, осыдан кейін бір-екі апта өткен соң жиналыс жасап, көшелердің атауын ауыстыруға кірісіп кетсе, ешкім қарсыласа қоймас. Неге десеңіз, біздің айтқандарымыздың бәрі естерінде тұрады. Ал енді бір-екі жыл өткен соң барып «көше атауын ауыстырайық» десе, қарсы пікір туындайды. Себебі алдында естігендері ұмыт қалатыны анық. Меніңше, қазақ тілін үйренбеуінің тағы бір себебі – біздің қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ… Тез арада жаңа «ҚР Мемлекеттік тілі туралы» заң қабылдап, сол заңға осы уақытқа дейін айтылған пікірлерді енгізіп, мемлекеттік тілге деген қажеттілік тудырмасақ – қоғамның тілдік мәселе бойынша екіге бөлінуін тоқтата алмаймыз. Ең қорқыныштысы – халық осы екі тілдік жағдайға үйреніп, қоғамда тілдік өзгеріс болмайтындығына сеніп бара жатқан сияқты.
— Осы жоба барысында орыс тілді азаматтармен тікелей кездесіп, сұхбат құрдыңыздар. Олар Тәуелсіздік алғаннан кейін ширек ғасырдан асса да, мемлекеттік тілді үйренбеу себебін не деп түсіндірді?
— Біз әр ортаға барған сайын «25 жылдың ішінде осы елдің мемлекеттік тілін әлі күнге дейін үйренбей жүрулеріңіздің қандай себебі бар?» деген сауал қоямыз. Өкінішке қарай, осы сұрағымыз жауапсыз қалды. Басында бегілі бір себептерді алға тарта ма деп ойлаған едім, бірақ ондай адамды байқамадық. Мәселен, бұрын 1990 жылдары кезінде сылтау айтатындар өте көп еді. Яғни, «біз әлі дайын емеспіз», «үйренуге мүмкіндік жоқ», «сөздіктер мен құрал-жабдықтар жетіспейді» деген секілді себептерді алға тартатын. Ал қазіргі таңда біздің елде ондай мәселе жоқ. Мемлекет бәрін жасады, көмекші құралдар жеткілікті. Міне, сондықтан болса керек, тілге байланысты бұрынғыдай қарсылық жоқ. Соған қарағанда осы өңірдегі тілдік жағдай белгілі бір өзгеріске түсіп отыр.
Мен тілдік ахуалды үшке бөліп қараймын. 1991-2000 жылдар арасы қарсыласу кезеңі болды. Мәселен, орыс тілді саясаткерлердің, ұйымдардың тарапынан «қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік дәреже берілсін» деген ұсыныстар түсіп жатты. 2000 жылдан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындау кезеңі болды. Бастапқы керітартпалық азайды. Бірақ үшінші кезең әлі келмей жатыр. Бұл – ниет. Яғни, қазақ тілін тез үйреніп алайын деп ниеттеніп жүргендерді сирек көреміз. Жалпы, Қазақстан бойынша, қазақ тілінің қолданысы жағынан ең артта тұрған өңірлердің алдында – Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысы. Ал одан кейін Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарын атауға болады.
— Тұрғындар тарапынан қандай сұрақтар көп түсті?
— Соңғы отырыстан кейін қысқаша талдау жасап шықтық. Көпшілігі латын әліпбиіне көшуге байланысты сұрақтар қойып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, ономастика мәселесі де көп толғандырады екен.
— «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы аясында билік өкілдерімен осындай диалог құрып, пікір алмасу ойларыңызда бар ма?
— Бұл мәселе менің де көптен бері ойымда жүрген. Болашақта Парламент және Сенат депутаттарымен, министрліктердің өкілдерімен кездескіміз келеді. Мұны жұмыс тобының мүшелерімен ақылдаса отырып шешерміз. Былтыр Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында ішкі істер органдарының, прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталығы және банк жүйесі қызметкерлерімен кездесіп, осы мәселені барынша кеңінен түсіндіруге тырыстық.
— Сөз басында ономастика саласында проблема бар деп қалдыңыз. Енді оның шешу жолдарын айтсаңыз…
— Ономастика саласындағы солтүстік пен шығыстағы проблема бірдей. Бұл – ешқандай дәлелсіз қарсыласу. Осының салдарынан тарихи дерексіз, яғни біздің өткенімізге ешқандай қатысы жоқ атаулардан арыла алмай келеміз. Мәселен, осы облыс орталығындағы Суворов және Кутузов көшелері болсын, Ақсу қаласына қарасты «Путь Ильича» ауылы болсын, қазақ тарихына «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» атауларды иеленіп тұр. Ал жерілікті орыстілді азаматтардың көпшілігі бұларды кеңестік кезеңнен тұрған тарихи атаулар деп қабылдап, алып тастағысы келмейді. Сондай кезде мен: «Айналайындар, егер тарихқа ғана сүйенетін болсақ, онда Қазақстанды «Қазақ Республикасы» деп атайық» деймін. Өйткені біз бұрын Қазақ Советтік Социалистік республикасы болып тұрып, кейін өзгерттік ғой. Халыққа ашық айтып, нақты іске көшу керек. Біріншіден, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар («Советская», «Октябрская», «Коммунистическая», «Ленин», «Калинин», т.б.) алынып тасталыну шарт. Егер «Десоветизация» бағдарламасын қабылдап, бұл атаулардан заңдық тұрғыдан құтылсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Екіншіден, Қазақстанға, қазақ елінің тарихына ешқандай еңбегі сіңбеген тұлғалардың аттарын алып тастау қажет. Суворов, Кутузовтар орыс елі үшін ұлы тұлға болар, бірақ біздің өз арыстарымыз бар ғой. Үшіншіден, Ресей империясының орыстандыру саясаты арқылы келген, немесе тың игеру кезінде қазақ жеріне келіп қоныстанған ұлттардың өздері келіп тұрған жерлеріне қойған жасанды атауларын алып тастап, сол жердің байырғы, тарихи атаулары қайтарылуы шарт. Біздің көзіміздің жеткені — қазақтілді қауым ескі атаулардан арылу керек екенін түсініп отыр. Алайда, жергілікті тұрғындардың көпшілігі болып келетін орыстілді азаматтар «жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек» деген ұстанымға сүйеніп, қырсығып отырған сияқты. Әрине, жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек, олар да бұрынғы атауды сақтап қалудың қажеттілігін дәлелдеуге мүмкіндік алуы керек. Кутузовтың немесе Ермактың қазақ тарихындағы алатын орнын дәлелдеп берсе, сөз жоқ. Ал ешқандай дәлелсіз топас қарсылық, маған «осы атау ұнайды» деп отырып алу – қоғамдағы тұрақтылыққа тірек болмайды. Осыны жергілікті билік жақсы түсінуі керек. Тұрғындардың пікірі ескерілу керек деген сөз — «бәрін жергілікті тұрғындар шешеді» дегенді білдірмейді. Сондықтан ономастика комиссиясы бір рет түсіндіру жұмысын өткізгеннен кейін, тұрғындардың арасынан қоғамдық мәселені түсінетін, елдің сөзін сөйлейтін он шақты адам жинап, солардың қолдауын алса жеткілікті. Бұл да жергілікті тұрғындардың пікірімен санасқан болып есептеледі.
— Қаладағы қоғамдық орындар мен көше жарнамаларын қазақшалаудың қандай ұтымды тұстарын айтасыз?
— Біз қазақ қоғамындағы бұл індетпен көптен бері күресіп келеміз. Алматыда өскендіктен, осы қаладағы біраз мәселенің шешілуіне ықпал еттік. Қаладағы банк жүйелерінің, сапаржайлардың және мейрамханалардың қызметін екі тілге көшірдік. Бұл жерде қандай мекемеге барсаңыз да, дипломатиялық қарым-қатынас жасай білу маңызды. Яғни, есіктен аттандап кіріп, «мынаның қазақшасы неге жоқ, сендерді сотқа беремін» деп тепсінетін болсаң, ешнәрсе өнбейді. Одан ары қырсығып алады. Ал керісінше мәселені ақылмен түсіндіріп, «сіздердің екі тілде қызмет көрсетулеріңізге көмектесейік» десеңіздер, олардың көнбеске амалы қалмайды. Мейрамханалармен де осы әдіспен жұмыс істеу керек. Осы ретте ертеректе жасап көрген бір тәжірибем еске түсіп отыр. Алматыдағы тамақтану орындарының көбінің ас мәзірі мен ақпараттық бұрыштары орыс тілінде ілініп тұратын. Сол кезде өзіміз қатарлас жігіттер жиналып аламыз да, мейрамханаларды аралаймыз. Бірақ кірген кезде жан-жақтан келген адамдар сияқты бір-бірден кіреміз де, ас мәзірінің қазақшасын сұратамыз. Өйткені топты адамның талап-тілегін тез орындайды. Егер бір адам ғана барып айтса, оны елемейді. Тіпті, күзетшісі арқылы қуып шығуы да ғажап емес. Ал көшедегі қате жарнамаларды да осындай тәсілмен түзету керек. Бұл ретте қазіргі интернеттің мүмкіндігін пайдаланған тиімді. Сондай-ақ, әртүрлі жастар ұйымдарының және жоғары оқу орындарының белсенді жастарын жұмылдырса, жұмыс жеңілдеу болады.
— Өзіңіз білесіз, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстік пен батыс аймақтардың көп жастары солтүстік пен шығысқа жол тартты. Бүгінде біздің өңірдің өзінде 1 мыңнан астам студент білім алуда. Мұны кейбір саясаткерлер өзге ұлт өкілдері көп облыстардағы тілдік ахуалды оңалтудың оңтайлы жолы деп жүр. Сіздің пікіріңіз қандай?
— Мен онымен толықтай келісемін. Бірақ ол үшін мына мәселені ескерген жөн. Яғни, «Серпін» бағдарламасы бойынша келіп жатқан студенттердің барлығын болмаса да, жартысын осы жақта қалдыру жағын қарастыру керек. Мысалы оңтүстіктен келген 600 студенттің кем дегенде 200-і үйлі-баранды болып, осы жақты мекен етіп қалатын болса, бағдарлама нәтижелі болар еді. Екінші бір мәселе бар. Осы жобамен оқуға түскендерге «Серпіннің» негізгі мақсатын да қоса түсіндірген дұрыс. Мысалы, елге белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастырып, білім алумен қатар, сол өңірдің қазақылануына да үлесін қосыңдар дегенді «құлақтарына құйып» жіберу керек. Егер, сол оңтүстіктен келген қазақ жастарының барлығы екі жылдан кейін орыс тілді болып кетсе, онда «Серпіннен» ешқандай пайда жоқ.
— «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасының қорытындысы бойынша Үкімет қандай да бір шешім қабылдай ма?
— Біз биыл алты облысты аралаймыз деп жоспарлап шықтық. Атап айтқанда, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан, Павлодар мен Шығыс Қазақстан және Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары. Іссапар аяқталған соң сараптамалық қорытынды жасаймыз. Яғни, орыс тілді азаматтардың аузынан шыққан ұсыныстарды тізіп, министрліктерге ұсынамыз. Мұны олар мүмкіндігінше өздерінің іс-шаралар жоспарына енгізіп, одан әрі жұмыс істейтін болады.
— Тіл жөніндегі келелі кеңесіңізге рақмет, жұмысыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді Сахаба.