«MAN’G’YSTAY’» Арнасында жаңа маусым
Телеарнада тарихи жаңалық. «Қазақстан-Ақтау» енді «Маңғыстау» арнасы деп аталады. Бұл ұлттық арна қолға алған ребрендинг аясында жүзеге асты. Осыдан 47 жыл бұрын алғаш хабар таратқан Маңғыстаудың тұңғыш арнасы бүгінде заман талабына сай дамып, өрісін кеңейтіп келеді. Телеарна ұжымы бүгін жаңа маусым мен жаңа атаудың тұсаукесерін салтанатты түрде атап өтті.
—Телеарна 47 жылдан бері өлкедегі болып жақан маңызды оқиғаларды бірінші болып көрсетеді. Жақсы жаңалықтарды насихаттауда да арнаның алар орны ерекше. Бұл ұжымның еңбегі. Біздің міндет — бізге дейінгі жасалып жатқан жұмыстарды жаңғырту. Қолдан келгенше заман талабына сай дамыту. Бұл жолда азғантай ғана ұжымымызбен қолымыздан келгенше қызмет етуге дайынбыз, деді шарада сөз алған MAN’G’YSTAY’» телеарнасының директоры Әнуар Бимағанбет.
Жаңа маусымдағы басты жаңалық — өр өлкенің өз дидарына тарихи атау беріліп, ұлт мүддесі ұлықталды. Енді маңғаз аймақтың арнасы Маңғыстау деп аталады.
-«Қазақстан-Ақтау» телеарнасы енді бүгіннен бастап, ресми «Маңғыстау» телеарнасы деп аталады және латын қарпімен жазылады. Бұған себеп болған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы. Маңғыстау арнасы аймақтардағы филиалдардың ішінде ең беделді арна деп есептеледі, дейді шараға Астанадан келген арнайы қонақ, «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ бөлім басшысы Иманбай Жұбаев.
Жаңа маусымда көрерменге тосынсый көп. «Оқиға», «Мемлекеттік қызмет хабаршысы», «Дастархан», «Әулет», «Талқы лайк», «100 жоба», «Стратегия» сынды 10 бағдарлама көгілдір экранға жол тартты. Олардың қатарында «Рухани жаңғырумен» үндескен тың тележобалар да бар.
—Жаңа маусымда біз негізінен рухани жаңғыру тақырыбына мән бердік. Сол тақырыпқа арналған жобамыздың бірі, «Алтын қазық». Бұл әр ауылдың өзінің тарихи-мәдени, жан-жақты ерекшелігін көрсететін хабар. Қыркүйек айында эфирге шықты. Көрермендер тарапынан өте жақсы қабылданып жатыр. Жалпы, бұл маусымда 10 жоба ұсындық. Мұнымен тоқтамаймыз. Жобалар ай сайын жалғасатын болады, дейді «MAN’G’YSTAY’» телеарнасының бас редакторы Гүлнұр Қалдыбаева.
Төларна кішкентай көрерменді де құралақан қалдырмады. Балаларға арналған 2 жоба жүзеге асты.
—Біздің жоба балалардың талантын ашу үшін бағытталған. Өз өнерін танытқысы келетін кез-келген жас бұл бағдарламаға қатыса алады. Бағдарламаға шыққан соң, киноларға да түседі, дейді «STAR BALALAR» жобасының жетекшісі Уәлихан Смағұлов.
Жаңа маусымдағы жаңашылдықтарды жергілікті билік, қоғам белсенділері мен өңір өнерпаздары да жылы қабылдап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
—Жаңа маусым дегеніміз бұл телеарнаның жаңаратын, яғни жаңа жобалар ұсынатын кезі. Елге тарататын жаңа жобаларыңыз көп болсын. Елбасы саясатын ең бірінші жүзеге асырып жатқан «Qazaqstan» корпорациясы мен «Man’g’ystay’» арнасы деп білеміз. Маңғыстау – бұл түбектің тарихи атауы. Сондықтан маңғаз аймақтағы жалғыз телеарнаның осы атпен аталуы ерекше жағдай, дейді Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құрманбек Жұмағали.
Салтанатты шараға телеарна ардагерлері де қатысты. Өлке дидарының өткені мен бүгінін салыстырып, тың бастамаларға сәтілік тіледі.
—Түбектің төл арнасында аға дыбыс режиіссері болып 32 жыл жұмыс жасадым. Ол кезде техника жағы мүлдем басқаша. Ол кезде кассетамен жұмыс жасайтын едік. Кейде ол кассета үзіліп кететін. Ал, қазір жағдай басқаша. Телеарна өте жоғары деңгейде дамып жатыр. Сәттілік тілеймін, дейді телеарна ардагері Сағынған Есқалиева.
Телеарна жаңалығы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта көрерменге ұсынар қызықты бағдарламаларымыз көп. Сондықтан, төл арна төріңізде қосулы болсын!
Айман НҰРМАҒАНБЕТ,
Суретті түсірген Талант Құсаин