Ресей бензиніне тәуелділіктен қашан құтыламыз?
ОКҚ-да өткен брифингте еліміздегі АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиндердің бағасына қатысты сұрақтарға жауап берген «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС бас директоры Қуандық Құлмырзин: «Мұнай өнімдерімен айналысатын кез келген компанияның ережелері бар. Олбойынша, компания отынды өзі сатып алған бағадан арзан бағада сатпауы керек.
Біз — делдал компаниямыз. Тек қана отынды сатып алып, белгілі бір шекті бағада қайта өткізуіміз керек. Егер біз оны арзан бағада сатып алып, оған шығындарымызды қоссақ, арзандамайды деуге де келмейді. Біз қазан айында бензин литрінің 160-161 теңге болуын қазақстандық АИ-92 мен импорттық АИ-92 бензині арасындағы орташа баға болатынын айтқанбыз. Бірақ қазіргі мәселе АИ-92 бензинінде емес, дизельдік отында. Ал АИ-92 бензинді Атыраудағы және Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарымен бірге Павлодар мұнай зауыты да өндіріп жатыр. Сондықтан, бензинді Ресейден импорттаудың қажеттілігі жоқ. Ортақ қордағы қазақстандық бензиннің үлесі артса, бұл бензин бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазақстандық бензиннің бағасы орташа есеппен литріне 155-160 теңге болса, Ресейден келетін импорттық бензин литріне 160 теңгеден 174 теңгеге жетеді.
Осы себепті елімізде бензиннің бағасы 161-163 теңгені құрайды. Рас, елімізде АИ-95 маркалы бензинге қатысты тапшылық бар, бірақ ол алдағы уақытта шешіледі. Себебі, біздің мұнай өңдеуші зауыттарымыз АИ -92 маркалы бензиннің тапшылығына байланысты тек аталған жанармайды өндірді. Алайда қазіргі таңда біздің зауыттарымыз АИ -95 маркалы бензинді өндіруді қалыпқа келтіруде. Алдағы 3-4 күнде аталған бензиннің көлемі артып, Қазақстанның ішкі нарығына жіберіледі.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз өнімдері» компаниясы 15 мың тонна АИ-95 маркалы бензинді әкелу жөнінде келісім жасады. Біз оларды «ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекеттеріне жеткіземіз. Алдағы уақытта Алматы, Астана және тағы басқа 2-3 қалада АИ-95 маркалы бензинді еркін сататын боламыз»,— деп сендірді.