Депутат жыл сайын Мағжан оқуларын өткізуді ұсынды
Біз бүгін, ақынның өз сөзімен айтсақ, «арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «қырандай күшті» жастарға сенген біртуар тұлға Мағжан сенімінің аманатын ақтауымыз үшін биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы келесі жылы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса деген ұсынысымызды Мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Мағжан оқулары алдағы жылы бүкіл республика аумағында өткізіліп, ал оның қорытындысы Мағжан Жұмабаев туған өлкесі Қызылжарда (орысша Петропавл) жасалғаны жөн. Бұл жөнінде бүгін Мәжілістің пленарлық отырыс барысында Берік Дүйсенбинов мәлімдеді.Фракцияның депутаттық сауалының мәтіні төменде берілген.
Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы!
Баршамызға мәлім, биыл «Алаш» автономиясы мен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Астанада, Алматыда, еліміздің басқа да өңірлерінде халықаралық, республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар болып өтті. Кезінде Алаш қаласы атанған Семейде Әлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш орнатылды, Астанада Алаш көсемінің есімі үлкен даңғылдардың біріне берілді, Батыс Қазақстанда Алаш мұражайы ашылды. «Ақ жол» партиясы да өз мүмкіндігінше бұл үлкен шараларға өз үлесін қосып келе жатыр.Қорыта айтқанда, Алаш мұрасын, оның арыстарын ұлықтауда қоғамдық ұйымдар мен мен мемлекеттік органдар ұйымдаса отырып біршама шаралар атқаруда.
Бірақ, Алаштың маңыздылығы биылғы жүз жылдықты атап өтумен ғана шектелмейді. Алаштың мәні мен құдіреті-ұлттың рухы мен еліміздің қанына сіңген темірқазықтай биік те берік ұғым.
Жақында ғана Астанада өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының қатысушыларына жолдаған құттықтауында Елбасы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының сипатына: «Алаш қозғалысының ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады» деп баға берді. Ендеше, Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түсудің, Алаш идеяларын, әсіресе, жас ұрпаққа таратудың маңызы зор.
Оның үстіне Алаштың туының астына тек саясаткерлер ғана емес,көзі ашық көкірегі ояу талантты, дарынды, көкжиегі кең азаматтар бас қосқаннан кейін, Алаштың әсері тек саясатқа қана емес, сонымен қатар білімге,ағартушылыққа,мәдениетке,әдебиетке зор ықпал етті.
Көзіңді аш,оян қазақ,көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты,
деп жырлаған Алаш арысы Міржақып Дулатұлының жігерге толы жолдауы бүгінгі рухани жаңғырумен жалғасып жатыр емес пе!
Қазақстанның Азаттығы жолына бар өмірін арнап, саналы түрде құрбандыққа барған Алаш арыстарының мәңгі өшпес істерінің құндылығы,жүз жылда бір аталып өтетін шара болып қалмауы керек!. Мәселен, келесі — 2018 жылы:
«Не көрсемде Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін, қолдарынан келгенін –
деп халқына деген шексіз махаббатын жырлаған, өзі «хакім» деп атап, ұстаз тұтқан Абай салған даңғыл жолды жалғаған, Алаштың бас ақыны атанған, қазақ поэзиясының хас шебері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толады.
Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін.
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Мен жастарға сенемін !
Ел тарихындағы тығырыққа тірелген тұста айтылған ақиық ақын Мағжанның жырларының жаңғырығы біздің заманға жетіп, егемен еліміздің еркін ойлы жастарын елшілдікке, патриоттыққа шақырып тұр емес пе?!
Біз бүгін, ақынның өз сөзімен айтсақ, «арыстандай айбатты», «жолбарыстай қайратты», «қырандай күшті» жастарға сенген біртуар тұлға Мағжан сенімінің аманатын ақтауымыз үшін биылғы Алаштың 100 жылдық мерейтойы келесі жылы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса деген ұсынысымызды Мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Мағжан оқулары алдағы жылы бүкіл республика аумағында өткізіліп, ал оның қорытындысы Мағжан Жұмабаев туған өлкесі Қызылжарда (орысша Петропавл) жасалғаны жөн. Ал болашақта Мағжан оқулары, атаулы даталарда ғана емес, жыл сайын тұрақты өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты бағытына сай келетін бұл ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, қолға алуын сұраймыз.
15 қараша 2017 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі