ОҚО-дағы түлкібастық кәсіпкер көкөніс консервілерін Қытайға экспорттауда
Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы «Байтерек 4» ЖШС-нің жұмысы қарқын алған. Көкөністерді консервілеумен айналысатын мекеме жылына 1,5 мың тонна болатын 28 түрлі өнім шығаруда.
Кәсіпкер тауарлардың басым бөлігін Алматы қаласы мен еліміздің батыс өңірлеріне жіберуде. Бүгінде табиғи, экологиялық таза өнімдерге Қытай халқы да қызығушылық таныта бастаған.
«Күн санап біздің өнімге деген сұраныс күшейіп келеді. Тұтынушылардың көңілінен шыққандықтан деп ойлаймын, қазір шетелдік нарыққа аяқ басып отырмыз. Жазғы уақытта 40 адам жұмысқа тартылған. Ал, қазір 20 адам жұмыс жасауда», — деді «Бәйтерек 4» ЖШС директорының орынбасары Бақытжан Оспанов.
Өңделетін көкөністер Сайрам ауданынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен де сатып алынуда. Кәсіпкер алдағы уақытта шикізатты да өзі өндіруді қолға алмақ. Осы жұмыстарды іске асыру үшін аудан әкімшілігімен бірлескен түрде тиісті жұмыстар атқарылуда.
Айта кетсек, «Байтерек 4» ЖШС-нің «Көкөніс консервілеу базасы 2015 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Жобаның жалпы құны 115 млн. теңге. Өндіріс орны Қытай, Ресей, және Болгария елдерінен алынған заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған.