Жабайы жыныстық тәрбиенің қасіреті
Соңғы бес жылда қоғамның барлық саласын «жыныстық тәрбие» деген ұғым жайлап алды. Әсіресе білім беру жүйесінде бұл ұғым арнайы пән болып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ұрпағымызды жыныстық тұрғыда қалай тәрбиелеп одан қандай нәтиже алып жүргеніміізді бір сәт аңдап көрейікші. Пән етіп енгізгіміз келіп құлшынып жүргеніміз не тәрбие? Қазақ қазақ болғалы көрмеген тәрбиенің мұндай тұрпайы түрі қолданыста бар әрі уақыт өткен сайын уын сорғалатуда. Ұлт тарихы мен бүгіні, соған сәйкесінше ертеңі «жыныстық» деп аталатын тәрбиеге телінген, тектіліктен бұра қашқан жайттарды зерттеп, зерделеуге тырыстық.
Озық елдерден «озып» кетіппіз
Әлемнің дамыған елу елінің қатарына кірдік. Ал ендігі мақсат озық отыз елдің қатарынан танылу екені баршаға аян. Ал сорақы көрсеткіштерге келгенде, біз сол озық елдерден анағұрлым «озып» кеткен екенбіз. Алпауыт АҚШ өткен ғасырдың 40-жылдарында ғана аузына алып, араға елу жыл салып барып қолға алған жыныстық тәрбиені біз тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде «төңкеріп» тастадық. Ғарыш Бұл «озықтық» емей немене?! Іргелес Ресей осы атты пәнді қайткен күнде мектептерімізге жолатпаймыз, ұлт бітімін сақтап қаламыз деп тырмысып отырғанда, біз оған керісінше жыл сайын осындай пән енсізсек, шіркін деп «бастамашыл» болып алдық. Ойына келгенін істей беретін орыстың өзі бұл аты ұятты тәрбиенің түрінен бойын аулақ салуға жанталасып отырғанда, біз одан асып түсіп, жыныстық «тәрбиелеуге» көшіп-ақ кеттік. Бұл озықтық емей немене?! Германияда бұл тексіздік тәрбиесі міндетті пән ретінде тұтас білім беру жүйесіне енгізілген екен, одан біз неге қалыс қаламыз дегендей жыныстық тәрбиені түрлі сипатта оның шоғын маздата үрлеп отырмыз. Көрші Ресей ұлт болашағын қайткен күнде де бүлдірмеу үшін, азғындық көрсеткіштері жыл санап өсіп бара жатса да, «баланы зиянды ақпаратпен улауға хақымыз жоқ» деп отыр. Ал біз тіпті бейкүнә балаларымызды ластау қарекетін қасақана күшейттік. Дәлел келтірейін. Күйінген ұстазды көрдім. Қыздар жиналысында жүктіліктен сақтану жолдарын айтыпты-мыс. Әйелдер дәрігерлері мектептерге барып, осындай мазмұндағы дәрістерін оқитыны бар емес пе? Сондай бір «дүбәра» дәрістен соң 8-сыныптың оқушысы ұстазына келіп, дәрігер дәрі ішу керектігін айтқанын, бірақ ол дәріні не үшін қабылдайтынын білмей тұрғанын жайып салған. Мұны көрген ұстаз кіршіксіз таза бала жанына арамдықтың алғашқы түйіні түскенін, бірақ одан оны құтқаруға өзінің еш қауқарсыз екенін айтып, зар шекті. Озықтығымыз осылайша шектен шығып, әрбір тастанды сәби хикаясының соңын ала, бүкіл ақпарат құралдары айды аспанға шығарғандай бірінен соң бірі шуылдата еріксіз назар аудартып қойғанда, сол атышулы арсыздық уақиғасынан сабақ алсын деп, мұндай дәрістер тым көп жүргізілетін болып кетті. Біздің өзімізге ғана тән табиғатымыз- кесапаттың алдын алуды емес, оның соңғы салдарын қазбалауды ғана білеміз. Әсіресе, Тараздағы әжетханаға баласын туып тастап кеткен оқиғадан соң мұндай «соңғы амалдар» саны артып кетті. Тексіздік тасқынының қайдан басталғанын білмей дал ұрып, тек оның соңын «тазалаумен» айналыстық. Көрші Ресейге ұқсап, балаларымызды зиянды ақпараттардан қорғамадық, қорғауға тырыспадық та. Бұл «оқ бойы озықтығымыз» жеткіншектеріміздің заңнан, ардан қорықпай, әкеден, анадан тайсалмай, теріс кетуіне алып барды. Жеткіншек көшеге бала лақтырса, тіпті оны өлтірсе де, жазасы ауыр емес екенін білді. Кешірімшіл қазақ заңы тұрғанда, азғындар неден қорықсын?! Тексіздік хикаяларын жіпке тізумен ғана шектеліп, қол қусырып отырған түріміз бұл. 2016 жылы ел бойынша 79 мың әйел жасанды түсік жасатса, оның туп-тура 1418-і 15-17 жас аралығындағы жеткіншек қыздар екені анықталып отыр. Аждаһа көршіміз Қытайда жасанды түсік жасататын ең жас әйелдер 20-29 жас аралығын қамтып отыр. Ал біздегі сорақы көрсеткіштер өскен сайын, анау айтқан пәнді енгізуге барымызды салып жүрміз. Жалғыз құтқарушымыз сол пән болыпты-мыс. Тығырықтан шығар сәтті жол бұл емес-ау. Себебі, жыныстық тәрбиені балабақшадан бастап міндетті етіп енгізген Германия жеткіншектер арасындағы азғындау деректеріне батып отыр. Ал көрші елдер өзге жол іздеп аһ ұруда. Тек қазақ қана төтеден шығар «соны соқпаққа» жыныстық тәрбие деп ат қойып, кенедей жабысты да қалды.
Пән етпесек те, «ән» етіп алдық
Жә, мектептерде міндетті түрде оқытылмаса да, тәрбиенің бұл тым тұрпайы түрі арнасынан аса жүргізіліп жатыр. Әншілеріміз «қалаймын», «қарсы емессің бе мендей жігіттің елтуіне» немесе «ләззатқа мас болып ұйықтап қалыппын» деген мәтінді әндерді шырқайды. Оны балаларымыз сүйікті әндеріне айналдырып, жатқа айтып жүр. Бұл жабайы жыныстық тәрбиенің тамшылары ғана. Ғибратты әндер жоқ емес, бар. Бірақ сөзі сұйық әндердің тез хит болып кететінін ескерсек, ұлағатты ойлы әндер көшін бірнеше есеге көбейту қажет, әрі балаларға жетуіне жол ашса жөн.
Келесі бір «тәрбие» Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы таратқан қос парақ буклетте «тұнып» тұр екен. Аты құлаққа жағымды естілетін орталық ойдан шығып, көңілді жадырата алмады. Буклетті оқыған есті жан есінен адасардай болды. Жоғары мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған бұл ақпараттық парақша жыныстық жолмен берілетін жұқпалардың алдын алу мен оның қасіретін сөз етіпті. Бастапқы сөздері әдемі басталыпты: «некеге дейін жыныстық қатынасқа түспеу керек.» Басқа сөздері сайтанның сыбыры секілді. Әр сөйлем дерлік «мүшеқап пайдалан» деп аяқталып отырған. Оның өзін ұялғандықтан да, белгісіз, орысша нұсқасында жазыпты. Аты өшкір затты қалай қолдану керектігін тәптіштеп жазып көрсеткен бөлімі де бар. Сонда салауаттылық салты осындай ма? Мүшеқаппен «ойнаса», салауатты өмір салтын ұстанатын «ұлыларға» айналып шыға келіміз бе?Міне, бұл қазіргі қолданыстағы өзіміз «жыныстық тәрбие» деп ат қойған, шындығында сексуалды сипаттағы ауру қоғам құру қамы еді.
Терең тақырыптан гөрі арзан сөз өтімді болып тұрған бүгінгі екіұдай шақта отандық телеарналар игі іс атқарса жарар еді. Жоқ, мұнда да жабайы жыныстық тәрбиенің тетіктері қосулы. Сол баяғы мүшеқаптың «мүмкіндіктері» мен еркектің бел күшін арттыратын дәрі-дәрмектер жайлы жарнамалар жер жарып тұр. Шетелден әкелінген телехикаялар хақыпда мүлде айтпай-ақ қояйық. Шеттегі ешбір елдің қазақты тәрбиелейтін телехикая түсірмейтіні бесенеден белгілі ғой. Ал «сенде әлгіндей бар ма?» деп ашық қылымсып, еркектің соңынан өзі жүгіріп жүрген әйелді жарнамадан минут сайын көрген жеткіншектерде не оңды ой тусын?! «Әлгіндейді» өзі де «әлінше» қолданып көруге тырыспай ма?
Ақпараттық індеттің алас ұрған айдынына айналған ғаламтор бұл ретте тұрпайы тәрбиені қоздырып-ақ тұр. Кез келген жастағы бала ғаламторға емін-еркін кіріп, ұятсыз көріністер мен айтуға ауыз бармайтын ақпараттарға қарық бола алады. Ата-ана жұмыста, мұғалім қағаздың астында. Балаға кім қарайды? Бала толығымен ғаламтор құрсауының құрығында. Әлеуметтік желілерге бас сұғып, балалардың өзара әңгімесіне үңілдік. Махаббаттан көңілі қалған, өмірден баз кешкен, өзін түсінетін адам таппаған тағының кейпін аңдадық. Ғаламтордағы құбыжық ойындардың құрбаны болған бала жайлы естісек, бас шайқан қоя саламыз. Ата-ананы нан табу тақсіретінен, яғни тұрмыс тапшылығынан құтқаруды, ал мұғалімді қағаз көпіршіктерінен арашалап алуды «білмеген боламыз.» Әлеуметтік педагог, мектеп психологы, мектеп инспекторы деген мамандар бар. Бірақ олардың ақиқаттары да тек қағазда ғана сайрайды. Шынайы назардан тыс қалған бала жын мен ібілістің ойнағында-ғаламтордың кесірлі қара түнегінде самғап жүр. Оны заңмен тыймақ болғанымыз, зобалаңның қанатын қырқып, отқа тастамақ болғанымыз сол баяғыдай «талпыныс» түрінде қалып отыр.
Пән қылып енгізбесек те, «ән» қылып сорғалата айтып жүргеніміз осындай болып шықты. Бұл тексіздік әнінің қашан, қалай толастары белгісіз. Өйткені қазақ үшін одан шығар жол, тіпті иненің жасуындай да тесік қалмағандай. Шетелдің жыныстық тәрбие деген «ғибратты әдістемесін» көшіріп алмақ болып, ақыры арпалысып қалдық. Өзіміздегі өрелі тәрбиені аттап өтіп, тауып алғанымыз, «қалаулы әніміз» осы болды.
Өзгенің өткелі емес, өз көпіріміз керек
Басқадан жұқтырған былапыттың емі өзгеден табылмады. Яғни, қазақ өзінің сырқатының емін өзі ойлап табуы керек. Қандай амал қазақ тарихында болмаған бұл дертінен біржолата айықтыра алар екен?2013 жылдың соңында Дариға Назарбаева ойластырылмаған жыныстық қатынастың соңы кемтар бала тууына алып келеді деп «тосын» пікірін жайып салған еді. Жасөспірімдерді мүгедек балалар интернаттарына арнайы апарып, «әлгімен» кездейсоқ айналысудың қасіретін тайға таңба басқандай етіп көрсету шараларын қолға алуды бір сәуледей көрсетіп еді. Ал дәл бүгін түрлі сала мамандарына, қоғамның әр сатысындағы тұлғаларға, тіпті оқушыларға да сөз бердік.
Тілеужан Кінкенебаев, заңгер:
— Кәмелетке толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу ҚР ҚК-нің 122-бабында қылмыс деп көрсетілген. О Өзара келісіммен орындалған жыныстық қатынас кейіннен он алтыға толмаған қыздың жүктілігі кезінде әшкере болған сот отырысына да қатысқаным бар. Сонда сол азамат кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынаста болғаны үшін, екеуара ымыра бола тұра айыпты деп танылды. Мұндай заң аталған азғындануды жоя алмас. Дегенмен мектеп жасындағы балаларға құқықтық тәрбие беру керек. Олар өздерінң әрбір әрекеттері заңмен қалай қабылданатынын білуі керек. Бәлкім, сонда тексіздікті мүлде аластап тастамасақ та, қарсы тұруға қауқар туар. Ал аталған пән енгізу дұрыс емес. Ол қазір бар пәктік гүлін аяусыз отап тастайды.
Нүсіпова Орал, ҚР білім беру ісінің үздігі:
— Кеңестік жүйе мен отандық білім беру деңгейлерін бірдей көрдім, басымнан өткердім. Сонда кеңестік білімнің бір ғажабы-«Әдеп» деп аталатын пән болатын. Жоғары сынып оқушыларына отбасылық құндылықтарды сімірте сусындататын. Ал егемендік алған соң, бейәдеп күйге түсіп, бәрін «ашық-шашық» тастадық. Қазір әлдебір үрейлі рухани ашаршылықты көріп жүрмін. Жүкті болып қалмас үшін дәрі ішіп «делебесі қозатын» қыз ертең қандай ана болады? Мүшеқап туралы «көп білетін» жеткіншектен қандай ұлт болашағы туады? Өзгенің өресізін өрекпіте бермей, ұлтық тәрбеині іске қосатын толғақты сәт келіп жетті. Өз ұстаздық тәжірибемнен білемін, тәрбиеге көнбейтін бала болмайды.
Шолпан Аманбаева, ұстаз, ана:
— Бұл пәнді енгізген күні қазіргі тексіздік көрсеткіштері аспанға бір-ақ шығады. Қазақтың өзіне о бастан Алладан біткен текті табиғаты бар. Оған жат қылық қазақты тек қана бүлдіреді. Біздің басты қателігіміз де осында. Шетелдің шатпырақтарын бала назарына шексіз көлбеңдетіп, енді, міне, улы жемісін жеп отырмыз. «Уды у қайтарады.» Қазақы тәрбиенің жаңғыруы ғана бұл жойқын ұлт ұрпағының дүмбілезденуіне тосқауыл бола алады.
Ержан Кәрімов, мемлекеттік қызметкер:
— Қазір жаңалықты қоссақ болғаны, тастанды сәби, жастайынан лажсыздан ана атанған қыздар туралы айтып жатады. Сондықтан бұл атты пән керек. Тек оны шетелдің әдістемесімен емес, қазақы менталитеттің илеуімен қандыру керек.
Шаяхмет Имашұлы, ҚР кино қайраткері:
— Қазақ бұл пәнді бүлдіршіндеріне оқыта бастаған күні-ақ өледі. Ал өлместің амалы-қазақы тәрбиені жандандыру болып табылады. Бала өзіндік ой қорытатын жасқа жеткенше, оны мұндай ақпаратпен арамдауға болмайды.
Ерғали Мухиддинов, Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш президенті, профессор:
— Қытайда қазақ күресі мектептерде оқытылады. Ал қазақ күресінің иесі бола тұра, бізде ондай пән жоқ. Аты арсыз пәнді білім жүйесіне арнайы кіргізуге деген зор «құлшынысты» байқап сескеніп қалдым. Өзіміз жақсылықтың жолына жоңышқа шығармай жатқан жоқпыз ба? Балаға патриоттық тәрбие беретін қазақ күресін мектептерде енгізе алмай жүрген түрімізге қарамай, жыныстық тұрғыдан жетілсек дейміз. Бұл-қазақты іштен іріту. Кімнің болса да, іріткі салуына жол бермеу керек.
1-оқушы: Тіпті атын естуге ұяламын.
2-оқушы: Мүлде қажет емес. Әйелдер дәрігерлері мектебімізге келіп, «12 жастан айналысасыңдар, білеміз» деп дәріс оқыды. Жерге кіріп кете жаздап отырдық. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітпей ме?!»
3-оқушы: Тәуліктің кез келген уақытында қалаған сайтқа кіріп, «ұнамды» бейнежазбалар көре аламын. Бұған ешкім, ешбір заң тыйым салып отырған жоқ. Ең алдымен ғаламтордағы әдепсіздіктерге шек қою қажет. Ондай тәрбие көрмеген кезде де қазақ өсіп-өнген.
Міне, қоғамның түрлі өкілдерінің басты көзқарастары осындай. Азғындық деңгейінің өскеніне қарап, жыныстық тәрбиені күшейту қажеттілігі туды деген далбаса ұғымды түнекке тастауымыз керек. Өйткені қажеттілік басқада. Қазіргі уақытта беріліп жатқан анайы, тым жабайы жыныстық тәрбие жеткіншектеріміз бен жастарымыздың рухани байлығын қасақана сыпырып алу үшін әзірленіп жатқандай. Әйтпесе салауатты өмір салтын мүшеқаптан іздеп, қыз тәрбиесінде жүктілікке қарсы дәрілерді басым бағыт етіп алмас едік. Шетел тәжірибесі көрсеткендей, мектептерге анау аталған пәнді міндетті етіп қолдансақ та, азғындық құтымызды қашыруын қоймасы анық. Сондықтан кесел созылмалы сипат алмай тұрғанда, оған қарсы айла-шарғылардың таза қазақы, отандық емін тапқан абзал.
Айзат Рақыш