Оралхан Дәуіт «түгендеуші ме,әлде…»?!
- Айтылмаса сөздің атасы өледі
Оралхан Дәуіт «түгендеуші ме», әлде қара күйе жағудың «шебері ме?»
Аллаға сансыз шүкіршілік етемін, мені халқым «Ел Ана» деп атайды. Осы атты қойғаннан емес-ау. Әу бастан ата бабаларымнан, әкелерімнен аналарымнан қан арқылы келген туа бітті қасиетім болар, әйтеуір адамдарға әділетсіздік жасалып жатса шыдамаймын. Қалай болғанда да оған, оларға көмектесуге жанұшыра кірісемін. Және сол әрекетімнен нәтиже шығаруға тырысамын. «Ел Ана» деген ат маған үлкен жауапкершілік артады. Сондықтан да жан-жағымда болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмаймын.
Екі күн бұрынғы ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мырзаға жағылып жатқан жала, өсек-аяң мен қаракүйе мені де елеңдетіп, мазамды кетірді. Күні кеше «Жас алаш» газетіне Оралхан Дәуіт деген азамат «Нұрлан Нығматулин қайда жүр?» деген жалаң ойға, жалған долбарға құрылған «Сәуегей» мақала жариялады. Бұл қайдан шыққан дөкей деп қарасам, менің кенже баламнан да кіші болып шықты. Сондықтан балам деп сөйлемекпін төменде.
Сол мақалада «Айдың к ү н і а м а н д а білдей бір азаматтың қа р а с ы к ө р і н б е й қ а л ғ а н соң, бұл жағдайдан астар іздеп, сан-саққа жүгіртіп, КЕЛЕР КҮННЕН НЕ КҮТЕМІЗ? НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН ҚАЙДА? алаңдап жатқандар да баршылық. Адам қашанда арам ойға жүйрік емес пе? «Жұмысынан шикілік шығып, істі болып қалды ма екен? Әлде аңдысып жүрген «жаулары» алып жықты ма? Отбасына жақын бір кәсіпкердің басына іс түсіп, елден безіп кетіпті деген әңгіме шығып еді, әлде соның салқыны тиді ме екен?» деп, қысқа күнде қырық рет құмалақ шашып, әртүрлі жорамалдар айтылуда» деп «аңыратып» бастап, қара аспанды «төндіріп» тастапты. Бұл әрине өтірік пайым. Жалған толғау. Қатігез пайым! Бұл негізі өсер елдің баласының сөзі емес. Керісінше, кері кетер ұлттың тасбауыр ұрпағының ой-өрісі!
Біздің кейбір журналистерде өте жаман бір әдет-әрекет бар. Шенеунік десе, әсіресе лауазымды шенеуніктерге есебін тапса қара күйе жағуға тырысады. Мейлі ол шыңдыққа жанаса ма, жанаспай ма, әйтеуір сенсация тудыру үшін, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп «қылышын» сермей салады. Оның артында не болады, не қояды, оған ой жүгіртіп жатпайды. Журналистің этика, мәдениеті деген болмай ма? Міне, осы ғайбат айтылған сөздерден адамның ар-намысына тиетін пікірсымақтардан сонда «кім жаман, шенеунік жаман, кім жаман лауазымды тұлғалар жаман» деген ой қалыптасады. Ол ойды қалыптастырған менің әріптестерім. Елдің тыныштығы, ыңтымақ-бірлігі осыдан бұзылады. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» — деп Әбіш ағам айтпақшы, ағайын-ау! Жан-жақтарына қарасандаршы бір сәтке! Қатықтай ұйып отырған анау араб елдері, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің шат шәлекейі шығып, іріп-шіріп жатқанын көрмей, білмей тұрсыздар ма? Қазақстанымыздың тыныштығына қызғана қараушылар қаншама? Іріткі салғысы келіп небір құйтұрқы өсек-аяңды бұрқыратып жатқандардың көздегені бесенеден белгілі ғой.
Журналист халық пен биліктің арасында алтын көпір екені белгілі.. Шешілмейтін мәселе жоқ ,мәселені шешетін де сол билік. Халықтың жанайқайын нақты деректермен, фактілермен өріп, биліктің құлағына жеткізу біздің міндетіміз. Біздің парызымыз. Мен де қарапайым жұрттың бірімін. Кәсіби журналист болмасам да, кей-кейде әділетсіздікке шыдамай, қолыма қалам алып, шама шарқым жеткенше, араша түсуге тырысамын. Маған ол шенеунік болсын, қарапайым күзетші болсын, бәрібір. Тек нақақтан-нақақ күйіп кетпесін деймін.
Осы оймен қалам тартып, талай-талай мәселелердің шешілуіне, тіптен баспана ала алмай жүргендердің баспаналы болуына да мұрындық болдым.
Ендігі айтпағым, шенеуніктерде аспаннан түскен жоқ, оларда халықтың арасынан шыққан қазағымның балалары. Нұрлан Нығматулин мырза сонау комсомолдан бері өзінің білімімен, еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түскен, Еңбекпен жетілген азамат. Елбасымыздың саясатын шын жүректен орындайтын сенімді серігі, халық қалаулысы. Қай салада қызмет істесе де іскерлігімен, жаңашылдығымен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, халықпен тіл табыса білетін ойлылығымен көзге түскен белгілі тұлға.
Әріге бармай-ақ қояиын, Нұрлан Нығматулин Парламентте спикер болып қызмет еткелі, оның тың бастамаларға үнемі қолдаушы болып жүргенін, Оралхан балам білмесе де, халық біліп отыр. Оның өзі бас болып, қаншама рет баяндама жасауға келген министрлерді тығырыққа тірегенін, дайындықсыз келгендерін залдан қуып шыққандай зілмен сөйлегенін, қаржы саласындағы түйткілді мәселелерді талай рет қадап-қадап айтқанын, игерілмей қалған қаржылардың халық игілігіне қызмет жасамай отырғанын тәптіштеп отырып мәлімдегені неге ескерусіз қалуы керек?
Депутат деген атқа кір келтіретін кей азаматтардың қылығына күйініп, қаншама жыл тартпада жатқан «Депутаттық этика» туралы заң жобасын айналымға түсіріп, қатаң шара қолданған да Нұрлан Нығматулин мырза.
Оны айтасыз, Мәжіліске орынбасарларын жіберіп, өздері тасада қалатын кей министрлер мен әкімдерді қатты сынға алып, келешекте депутаттарға есеп беруге олардың өздерінің қатысуын қатаң талап еткенде осы Нұрлан Нығматулин.
Мәжілістің ашық болуын қадағалап, жалпы отырыстарды тікелей эфир арқылы таратуы да ерлікке пара пар іс емей немене? Бұл дегеніңіз, біздің жұмысымызды халық бақылап отырсын, көзімен көрсін, көкірегіне түйсін деген астар жатқан жоқ па? Өзіне сенім артқан Елбасына, қалың жұрты қазағына бұдан артық не істей алады енді?
«Жерден жеті қоян тапқандай» даукес мақалаға қайта оралайын. Оралхан балам былай көсіледі. «Мәжілістің төрағасы жұмысында неге жоқ?» деген сұрақты депутаттардан да сұрап көрдік. Шыммен бекітілген ағын судың алдын ашып жіберген сияқты мәжіліс жиыны біте салысымен бет — бетімен кабинеттеріне асығатын халық қалаулыларын соңынан қуалай жүріп, сұрап білгеніміз мынау: мәжіліс төрағасының орынбасары, депутат Гүлмира Есембаеваға өзімізді таныстырғаннан «Дәлізде ешқандай сұраққа жауап бермеймін», – деп теріс бұрылып, тезірек лифтіге мініп кетуге тырысты.
Нұртай Сабильянов мәжіліс төрағасының сырқаттанып қалғанын айтады. «Менің білуімше, Нығматулин науқастанып қалуына байланысты демалысқа шығып, ем алып жатыр. Өмір болған соң, адам ауырмай-сырқамай тұрмайды ғой… Оның үстіне қазір қыс ауасы. Аяқастынан күн суытып кетті», – дейді Н.Сабильянов. Ал депутат Азат Перуашев біздің сұрағымызды мұқият тыңдап, азды-кем ойланғанымен, бір нәрсе деуге ыңғайсызданды ғой деймін, әйтеуір, «Бұл мәселені мәжілістің баспасөз қызметінен сұрап білген дұрыс шығар», – деумен құтылды. Мәжіліс аппараты басшысының орынбасары Ер- жан Нүкежановпен әңгімелескенімізде, спикер Н.Нығматулиннің науқастанып қалғанына байланысты демалыста жүргенін растады. «Біз бұған дейін де ақпарат құралдарының осы мәндес сұрақтарына жауап беріп, мәжіліс төрағасы Н. Нығматулиннің науқастанып қалуына байланысты демалыста жүргенін айтқан болатынбыз. Мұның астарынан ешқандай саясат іздеудің қажеті жоқ шығар», – деді ол» .
Көріп отырғандарыңыздай бар шындық осы. Ешқандай бал ашуға негіз жоқ. Сөйте тұра журналист балам «түймедейді түйедей» қылып көрсетуге шебер екенін байқатады.
Өздеріңіз айтыңыздаршы, шенеунік адам емес пе, оған ауыруға болмай ма? Соншама оның сонынан шам алып түсіп, ананы да, мынаны да айтып, түрлі болжамдардың ізіне салып, көптің құлағын елең еткізіп, оны мазалаудың не қажеті бар еді? Меніңше тиісудің одан басқа жолы болмағасын, журналист, түрлі қауесеттерге сүйеніп, байбаламға салып отыр. Мұнысы енді ұят –ақ!
«Жас Алаштың» тілшісі Оралхан баламның шетелде болған оқиғаны «әрлеп» әкеліп, Нұрлан мырзаға таңуын түсінбедім. Қандай дерек көзіне сүйеніп тұрғаны да белгісіз? Нақтылық жоқ? Демек, бұл мақалада дәлдік болмағандықтан – құны қатын-өсекке пара пар дүние болып шыққан…
Тағы айтамын: мен ешкімді жақтап мақтаудан аулақпын. Ел ішінде дау болса сырттан жау келеді емес пе? Кейінгі кезде демократия шапанын жамылып алып, әлеуметтік желілерде осындай дүдамал ойларымен «атың шықпаса, жер өртемен» жалаулатып жүретіндер көбейді. Ғаламтор деген санаға, қанға түскен қара құрт болды. Нысанаға оқ дарыта алмағандар, олардың Отбасына, тіпті бала-шағасына, жұмысына дәлелсіз себептермен қара күйе жағудан шаршамай жүр. Қуануды, жақсылықты көруден қалдық. Қазақ осындай халық па еді, бұрын, айналайындар-ау?!
Егер біз бір-бірімізді жамандаудан, сатудан мүйізіміз шықса тарихқа үңіліңдерші бір сәт! Мың өліп, мың тірілдік емес пе? Ынтымағымыз, бірлігіміздің жоқтығынан ақтабан шұбырындыға ұшырап, ғаламат аштықтан жартымыз қырылып, саусағымыздың ұшымен көрсеткеніміздің кесірінен қаймағымыздан, талай арыстарымыздан айрылдық емес пе?
Енді ес жиып, етек жинап, тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болып, бүкіл төртқүл әлемге танымал болғанымызды неге шүкіршілік етпейміз?
Жақсылық демекші, қазіргі мемлекетіміздің ұшан-теңіз халқына жасап жатқан, қамқорлығын біз, журналистер көп айта бермейміз. Өйткені, біз оны білмейміз, көрмейміз. Тек жамандықты, келеңсіздікті жіпке тізуге шеберміз. Жақсылықты, игі істерді іздеген адам табатынын ескергіміз келмейді.
Біздің газетіміз, он жылдан бері «Нұр Отан» партиясымен, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігімен бірлесіп «Ауыл экспедициясын» ұйымдастырып, республикамыздың түкпір-түкпірін жиі шарлаймыз. Сонда байқағаным, байығысы келген, кәсіппен айналысамын деген адамға барлық жағдай жасалған. Ауылдың жағдайы уақыт өткен сайын жақсарып келеді. Кемшілікте жоқ емес, оныда Астанаға ел аралап келіп билік өкілдерін АШМнің министріде келген жылдар болды ,вице министрлерлер қалған емес бірліктің еңбектің арқасында нәтижесі қалың оқырман қауымына белгілі Газетімізге үнемі көрген білгенімізді жетістік кемшілігін жариялап отырамыз. Билік тарапынан көптеген игі істер, жақсылықтар, көмектер жасалып жатыр. Қалаларда да солай.
Шындықты мойындауымых керек, журналистер қауымы біз неге сол жақсылықтарды көрсетпейміз?! Оралхан балам, неге осындайды жазбасқа. Қоғамның тек қана қараңғы тұсын ғана шарламай, күнгей бетіне де жиі – жиі көз салып тұрсаңшы, арагідік? Сонда көрер едің билікте де жақсы-жайсаңдардың жүргенін! «Битке өкпелеп тонды отқа жаға беру» жас жүректі қатайтып жіберетінін есіңнен шығармашы, ботам! Сен секілді жігерлі жастар, дау-дамайды, өсек-аяңды аңдымай, халықты ынтымаққа, бірлікке шақырса, қандай жарасымды болар еді… Сенің дерек-дәйексіз жазылған «жаптым жала, жақтым күйе»мына мақалаңды газет басшылығы қалай берді екен ұялмай? Өсек айтқанмен газеттің беделі көтерілмейді. Оның өзіңде білесің! Халық қазір мұны түсінген. Ауыз өзіміздікі, газет қолымызда деп айызы қанғанша ақ итті кіргізіп, көк итті шығарып айтылған өсек, китұрқы сөз, жала біздің қазағымыздың көсегесін көгертпейді. Айналайын -ай әлде алдау арбауға түсіп қалдыңба ..? Сайтта жарияланған мақаланың астына жазылған пікірлерді қарап отырып, көзі қарақты, оқиға мәнісін түсінетін бір топ бауырларымның пікірлеріне риза болдым. Олардын ішінде, Нұрлан Нығматулинге ыстық ықыластарын, ниеттерін білдіргендер көп. «Мұндай ұятсыз адамдарды соттау керек!» деп ашына айтқан оқырмандарда баршылық. Алланың алдында, арының алдында жауап береді! Әрине авторды қолдаушылар да бар…
Иә, аз қазақтың ішін ала тайдай бүлдіріп, арандатушылардың миға сыймайтын әрекеттерін көріп, аналық жүрегім жылайды. Мұндағы олардың мақсаты не, мен соны түсінбеймін. Елдің бірлігін, ынтымағын нығайтудың орнына мұнысы несі деп назаланамын. Қалам сөзі Құран кітабында жазылған: Қалам — ол қасиетті, ол киелі нәрсе. Онымен байқап жұмыс істемесең, бір елді түп-тамырымен құртып жіберуге қауқары бар. Қадірлі әріптестер, жеңіл сенсация іздемейік! Елдің бірлігінен тыныштығынан артық не керек…! Салиқалы ойлар айтайық! Біз бүйте берсек, ел алдында тірнектеп жиған абыройымыздан айырылып қаламыз, беделіміз төмендейді.
Әрбір сөзімізді қастерлеп, елдің болашағын ойлап отырып жазайық! Күйе жаға беру береке әкелмейді, абырой әпермейді. Аналық жүректен шыққан сөзімді марқұм Әб- ағаның сөзімен аяқтағым келіп тұр. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дегендей бағымызды, осы жеткенімізді, игіліктерімізді, жақсы азаматтарымызды бағалай білейік, және осыны естен шығармайық, Оралхан балам!
Сәуле Мешітбайқызы
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы және «ҚазақстанZaman»халықаралық газетінің бас директоры.