Жан дертіне арналған тауық сорпасы

Бастауыш сыныпта оқитын кезім. Сегізінші сыныпта оқитын бір бұзық бала өзінен-өзі ұрынып, ішімнен бір қойды. Ішім қатты ауырды. Оның ұрғанына қатты намыстандым. Жәбірленгеніме өлердей ұялдым. Қайтсем де кек қайтаруым керек деп шештім.

Келесі күні мектептегі киім ілетін жерде сол баланы торуылдап, кегімді қайтарам деп ойладым. Кешке таман ойымды әжем Нанаға айттым. Бекер-ақ айтыппын. Ол тамақ ішіп болғанша олай жасауға болмайтыны туралы лекция оқыды. Оның айтқан сөздерінен іш пысты. Басқа-басқа, бірақ сөйлегенді қатыратын еді, шіркін! Бұл лекция құлағыма кірмеді. Тек бір сөзі ғана есте қалыпты. Әлгі бала туралы ойлап қайғырмауымды айтты. Нана былай деді: «Жақсы іс адамгершілікке бастайды. Жамандық тек жамандық тудырады». Мұнысына мен, әдепті түрде, әрине, үнемі жақсылық жасайтынымды, бірақ соның қайтымы болмайтынын айтып жауап бердім. Әжем сонда да берілмеді: «Сен жасаған бар жақсылық ерте ме, кеш пе, саған оралады. Жамандығың да солай».
Осы сөздердің өзгермейтін аксиома екендігіне көз жеткізуіме отыз жыл қажет болыпты. Нана өмірінің соңғы күндерін Лагуна-Хиллстегі пансионатта өткізді. Сейсенбі сайын мен оны кешкі асқа апаратынмын. Қоларбасына отырған күйі шыға берістегі есіктің жанынан мені күтіп алатын. Ақырғы кездесуіміз есімде мәңгілікке қалды. Нанаға бұқтырылған ет алдым, өзіме гамбургерге тапсырыс бердім. Тамақ алдымызға келді. Бірақ Нана алдындағы тәрелкеге қол созбады. Содан соң мен оның ыдысын алдыма алып, етін ұсақтап турап, тәрелкені қайтадан оның алдына қойдым. Әжем сонда ғана етті аузына салып, байыппен шайнай бастады. Сол кезде бала күнімде әжемнің маған етті осылай ұсақтап турап беретіні есіме түсті. Көңілім босап кетті. Жанарым жасқа шыланды. Оның жақсылы-ғы өзіне қайтуы үшін қырық жыл қажет болыпты. Нана дұрыс айтыпты. Не ексек, соны орады екенбіз. «Бір күні барлық жақсылығың алдыңнан шығады».
Сегізінші сыныптағы бұзық баланың күйі не болды екен дерсіз? Оның сазайын тоғызыншы сыныптағы бір бұзық берді.
Баяғыда бір данышпан айтқан екен: «Әр адамның достарының қателігі мен сүйгендерінің сатқындығын көметін ойдан жасалған арнаулы бейіті болуы керек», — деп. Кешіру — тұтқынды бостандыққа шығару ғой. Ең бастысы, тұтқын өзің екенін түсіну.

Майк Бьюттел
Аударған — Шынар Әбілдә