Суармалы егіс көлемі ұлғаяды
Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында жайылымдарды суландыру бойынша ұңғыма қазу жұмыстары жүргзілуде. Бұл бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан тірлік. Атап айтсақ, 2015 жылы облысымызда 202 құдық қазылған. Міне, соның 47-сі субсидияланды. Одан кейін 2016 жылы 273 құдық қазылған. Сол құдықтардың біреуінен басқасы түгел субсидияланған. Үстіміздегі жылы 167 құдық қазылған. Оның 62-сінен басқасына қаржылай қолдау көрсетілген. Алдағы жылы 120 құдық, арғы жылы 200 су көзі қазылады деп күтілуде. Мұның барлығы да «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында қолға алынуда. Нәтижесінде өңірде 7,8 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылған. Ал 643 гектарға жаңбырлатып суару әдісі енгізілген. Қала берді, өңірде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін 2 су қоймасы іске қосылған. Ордабасы ауданы мен Түркістан қаласында жалпы көлемі 57,2 млн текше метрді құрайтын тағы екі су қоймасы салынбақ. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов мәлім етті.
Облысымызда су арналарындағы су сыйымдылығын төмендету мақсатында ылғалдандыру және тұзданған аймақтарда сор шаю жұмыстары ұйымдастырылуда екен. Ол жиында:
– Бұдан бөлек, алдағы жылы облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 802,5 мың гектарға ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, алдағы 4 жылда 209 мың 700 тұрғыны бар 84 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облысымызда жаңартылатын энергия көздерінің 14 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы қуаты 173,3 МВт құрайтын 10 жобаны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес облыста бүгінгі таңда қайта өңделген қалдықтар көлемі 1,4 млн. тоннаны құрап отыр, – деді.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарды жүйелеп, «Жасыл экономика» тұжырымдамасының толықтай орындалуына күш салуды тапсырды.
Т.БОРАЛДАЙ.