Шымкентте үздік жастар марапатталды

Оңтүстікте үздік жастар марапатталды. Үлгі етуге тұрарлықтары еленіп, еңбектері бағаланды. Бұл қошемет «Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған «Үздік жастар премиясы» салтанатты іс-шарасында көрсетілді.

Оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты. Мерекелік басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен белсенді жастар, жұмысшы жастар ұйымы мен ерікті жастар да келді.

Айтулы іс-шара жастардың арасында мәдениеттілік пен әдептілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Жиында сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев:

  • Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық руханияттың жаңа тұғыры десек, оны жүзеге асыру бәріміздің алдымызда тұрған басты мақсат. Бүгінде Ұлыстың ұйытқысы атанған — өңірімізді жан-жақты дамыту жолында жігерлі жастарымыздың үлесі бар, әлі де көп еңбек етіп, облыстың дамуына сүбелі үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Сіздерге тек еңбекте ғана емес, Тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналып, барлық салаларда үлкен жетістіктерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін», – деді.

Салтанатты шарада облыс әкімі жыл бойы түрлі салаларда өзіндік үлес қосып жүрген 20 көшбасшы жасқа 15 номинация бойынша «Үздік жастар премиясын» табыстады.

Мерекелік басқосуда  арнайы дайындықтан өткен 22 жұп би кешіне арналған салтанатты киімдерін киіп, вена вальсын биледі.

Одан кейін «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында «Оңтүстік» жастар театрының талантты өнер иелері өзбек драматургы Х.Хурсановтың «Өлдік те, құрметті болдық» атты тәрбиелік мәні зор  қойылымы көрсетілді.

Т.БОРАЛДАЙ.