Қалдық судан газ шығуда
Оңтүстікте алғаш рет биогаз әжетке жаратылмақ. Жаңа жоба Елбасымыздың «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын» орындау мақсатында жүзеге асты. Аталмыш газ Шымкенттегі тазартқыш құрылғы жанынан шығарылуда. Ол жерде негізінен қаладан шыққан қалдық су тазартылатын. Енді ол өңделіп, сұйықтан бөлінген көгілдір отын ел игілігіне жаратылмақ. «Биогаз өндіру құрылғысының» ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрмахан Жолдасов, «Шымкент су арнасы» ЖШС басшысы Анарбек Орманов қатысты. Метан газын өндіретін аумақ «Шымкент су арнасы» серіктестігіне қарасты жер. Жаңа қондырғы жобасы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсетілген. Бұл жөнінде айтқан өңір басшысы Ж.Түймебаев:
– Қондырғылар кешенінде халықаралық көрмесінде ұсынылған Чехиялық «HEDVIGA GROUP» компаниясының жаңа технологиялары қолданылды. Технологияның ерекшелігі қаланың сарқынды суларды тазалау ғимаратынан шыққан шөгінділерді өңдеп, одан биогаз алып қолдану арқылы, жылу және электр энергияларын өндіру болып табылады. Нәтижесінде бұл технология сыртқы ортаның ластануын едәуір төмендетіп экологияны жақсартуға үлкен үлес қосады. Жалпы облыста жаңғырмалы энергия көздері саласын дамыту басты назарға алынған. Мысалы, облыста жалпы қуаты 183,9 мегаватт болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның 4 жобасы жүзеге асырылды», — деді.
Инициаторы «Су ресурстары — маркетинг» ЖШС-гі болып табылатын жобаның құны 2 млрд. 200 млн. теңге. Технологиялық процеске сәйкес қондырғы қалдықтарды өңдеу арқылы тәулігіне 300 м3 метанды газды (биогаз) өндіреді. Мұнда тұрақты жұмыс орнымен 20 адам қамтылып отыр. Сонымен қатар, өндірілген энергия кәсіпорынның жылу энергиясына қажеттілігін толығымен, ал электр энергиясына қажеттілігінің 50 пайызын жабатын болады.
Жалпы облыс көлемінде Мемлекет басшысының жаңа энергетиканы дамыту тапсырмасына сәйкес көптеген жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Т.БОРАЛДАЙ.