«Жас отаудың» Жарқын ісі– баспана мәселесін шеше алса игі!

Баспана мәселесі қазақ қоғамының ең бір жанды жері болып тұр. Өзгені қайдам, үмітін үкілеген жастарымыздың келешегі де осыған байланысты екенін кім жоққа шығарады?  Қай заманда да «Үйі жоқтың күй болмаған». Дамуға бет алған елдердің бәрі дерлік ең алдымен жастардың болашағына алаңдап отырады. Өйткені мемлекеттің болашағы солардың қолында. Жастайынан тұрмыс тауқыметімен жағаласқан ұрпақтың келешегі бұлыңғыр. Ертеңі тас қараңғы. Демек олардан еш қайыр болмайды. Көп жағдай да, жастардың ажырасуы, өзге де жетіспеушіліктер әлеуметтік проблемадан туындайтынын әлем мойындап отыр.

Статистика бойынша елімізде 2 миллион 300 мың адам баспанаға мұқтаж. Астана тұрғындарының ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар 40 мыңнан асады. Ал жер кезегінде тұрған 1 миллион 300 мың адамның 100 мыңға жуығы  Астана тұрғындары.

«Казжилстрой-Кооперация» кооперативінің анықтаған мәліметіне қарағанда мектеп пен ауруханада қызмет істейтіндердің 65-70%-ы жалдамалы пәтерлерде күн кешуде. Бұл мұғалімдер мен дәрігерлердің 2/3-сі үйсіз-күйсіз жүр деген сөз. Олардың көбі бір жалақыға сүйеніп өмір сүруде. Мұндай жағдайда халықтың саны қайдан көбейсін?!

Демографиялық өсім кең байтақ Қазақстанның дамуы үшін басты стратегиялық мәселе екені айдан анық. Үйсіздіктің салдары ұлт дамуына кері әсер етеді. Жас отауларды үймен қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін іс. Қазіргі кезде бұл қоғам боп шешетін әлеуметтік мәселеге айналды.  Мәселен, Астанада баспаналық тұрғын-үй кешендері күн сайын бой көтеруде. Алайда жоспарланған көрсеткіштер үйге мұқтаж адамдардың сұраныстарын қамтамасыз ете алмай отыр. Бүгінде қалалық жерлерде баспана ала алмай, пәтер жалдап жүргендердің басым көпшілігі жастар. Өкінішке қарай, оларда пәтер алуға жетерліктей қаражат жоқ. Сол жастар елдің келешегі, демографиялық өсімнің кепілі емес пе?! Қазіргі уақытта халықтың баспанаға қол жеткізуінің 2-3-ақ жолы бар: біріншісі, тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар мен кооперация болса, екіншісі, әкімдік арқылы пәтердің немесе жердің кезегінде тұру, ал үшіншісі, бастапқы жарна жинап, содан кейін ғана екінші деңгейдегі банктерден несие рәсімдеу.

Осы бір түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін 15 қараша  күні сағат 15:00-де Астанадағы «Журналистер үйінде» Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының тұсаукесері өтті. Тақырыбы: «Үйсіздік пен күйсіздік ұлттың саны мен сапасын жояды» деп аталды.

        Дөңгелек үстелде — «Жас Отау» қорының халық игілігі үшін атқаратын жұмыстары жайында сөз қозғалды. «Жас Отау» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Базарханұлы мен «Жас Отау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Айдын Ырысбекұлы көпшілік алдында өздерінің алға қойған мақсаттарын жан — жақты әңгімеледі. Көптеген көкейтесті сауалдарға нақты жауаптар алынды. Модератор қызметін «Қазақстан Zaman» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы тізгіндеді.

Аталмыш басқосуға қоғам қайраткерлері,  кәсіпкерлер, елдің ертеңін ойлайтын ұлтжанды азаматтар және бірнеше  БАҚ өкілдері қатысты.  Өкінішке орай осындай ең маңызды шаруаға  «Нұр Отан» партиясы тарапынан бір адамның келмеуі жиналғандардың ренішін туғызды. Заң шығарушы орган Парламент сенатынан Сәрсенбай Еңсегенов қана белсенділік танытты. Өзге шақырылған депутаттар төбе көрсетуге де жарамады. Ұлттық мүдде сынға түскен келелі жиыннан асқан қандай тығыз жұмыс болуы мүмкін…

Жас отбасылар мен табысы аз адамдарды баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан Республикалық «Жас Отау» қоры төмендегідей жұмыстарды атқаруға дайын екендерін анық аңғартты.

  1. Қала сыртынан кооперативті үйлер салу үшін Үкіметтен тегін жер телімдерін сұрау.
  2. Заманауи технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты қолжетімді үйлер салу.
  3. Инвесторлардан қайтарымды және қайтарымсыз қарыз алуға қол жеткізу. 90% қайтарымды қарыз жұмыс істейтін отбасылардың кірісіне қарай үстеме пайызсыз 1 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Ал 10% қайтарымсыз қаражат жетім-жесірлер мен мүгедектерге қайырымдылық мақсатта жұмсалады.
  4. «Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба – инновациялық толық автономды термосүйлер салу (Бұл үйлер жарық пен жылуды күн мен желден алатындықтан, энергиясы мен суы толық автономды болады.

 

Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қоры ұйымдастырған дөңгелек үстелден кейін жиналған зиялы қауымды сөзге тарттық. Алуан түрлі пікірлер айтылды. Алайда барлығы да «Жас Отау» қоғамдық қорының бастамасын бір ауыздан қолдайтындарын білдірді.

ҮЙСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ – ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНА ӨЗ ӘСЕРІН ТИГІЗУДЕ

Ертай Айғалиұлы — Қазақстан Zaman газетінің Бас редакторы: — Бүгінгі бас қосуға алтын уақыттарыңызды қиып, жиналысымызға қолдаушы болып қатысып отырғандарыңызға шын көңілден рахметімді айтамын. Газетіміздің алдыңғы аптағы нөмірінде, «Үйсіздік пен күйсіздік ұлттың саны мен сапасын жояды» деген мақала жарияланды. Авторы орталарыңызда отырған Айдын Ырысбекұлы деген азамат. Әрине көтеріп отырғаны өзекті мәселе болғандықтан, газетімізден лайықты орын беріп оқырман назарына ұсындық. Бүгін осы жігіттердің бастамаларына қолдау білдіріу мақсатында осында жиналып отырған жайымыз бар. Қазіргі күннің күрделі проблемаларының бірі баспана мәселесі екені баршаңызға белгілі. Осы қиыншылықтың кесірінен қаншама адамдар алуан түрлі тағдырға тап болып жатыр. Қызметтен қолдары тимейтін қаншама азаматтардың айлық жалақысы жалдап отырған пәтерлеріне төлеуден арыға бармайтындығын да естіп біліп жүрміз. Осылай жалғаса берсе, ұлтымыздың болашағы не болады?- деген қоқыныш та сананы билейтіні сөзсіз. Себеі осы үйсіздіктен туындаған сан-алуан мәселелер еліміз қоғамының дамуына кері әсерін тигізумен келе жатыр. Осындай қиындықтарды жеңілдету мақсатында, алдарыңызда отырған мына екі азамат тамаша бір жұмыс бастап жатыр екен. Қазірге дейін біраз шаруалар тындырыпты, жастарға арналған қолжетімді баспаналар салып, оны пайдалануға беріп те жатыр екен. Нақты мән-жәйді өздері де түсіндіріп, айтып береді деп ойлаймын. Алайда азаматтарыдң игі істеріне кедергілер де кездесіп жатқан көрінеді. Онымен де таныс бола жатасыздар. Бүгін осы мәселе төңірегінде ой өрбітіп, талқыға тасталған тақырЫп төңірегінде сіздердің көзқарастарыңызды білсек, ашық пікір талас оздырып, қисынға келер дүниелер болса талқыға салсақ деген ниетіміз бар. Ал біз осында айтылған өрелі ойлар мен ұсыныс пікірлерді екшеп көріп қоғам таразысына ұсынамыз деген ойдамыз. Яғни ақпараттық демеуші ретінде.

БАСПАНА БҮГІНГІ ЖАСТАРДЫҢ – БАСТЫ ПРОБЛЕМАСЫ

Өмірзақ Озғанбай — ҚР Ардагерлер Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары: -Мынау игі істеріңе шын ризашылығымды білдіремін, «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, қазіргі таңда баспана мәселесі, еліміз тұрғындары үшін, өте-мөте жас отбасылар үшін бас қатыратын мәселелердің біріне айналып кетті. Елімізде жастардың саны 4 милиионның төңірегінде деп айтылып жүр. Осылардың ішінде әлеуметтік жағдайлары жақсы делінетін адамдардың саны да көңіл қуантпайтыны белгілі. Жастар еліміздің болашағы десек, бұл мәселелердің біздің елдігімізге тікелей әсер ететінін де естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан жас отбасылардың баспана мәселесін шешіу, біраз дүниенің оңалуына әсер ететіні белгілі. Қазір баспасөзден ештеңені жасырып қала алмайтын болдық. Ол мейлі отандық болсын, әлде шетелдік болсын. Кім не айтқысы келсе, соны ғаламторға жариялап салып қарап отыратын болды. Солар біздің Қазақстан туралы да сан түрлі пікір айтып, тоғыз саққа жүрігтіп отырады. Соның ішінде қоғамда орын алып жатқан түрлі қылмыстар мен ұлтымыздың намысына тиетін ақпараттар да таралып жатыр. Олар тіпті Қазақстанды қаралап, қазақ қыздарын жезөкше етіп көрсеткісі келеді. Жасыратыны жоқ, бізде ондай жағымсыз әрекеттер жоқ деп айта алмаймыз. Біздің демографиялық жағдайымыз да нашар. Ажырасу мөлшері де жоғары деңгейде сақталып отыр. Осы ажырасу дегенге талдау жасағанда басым бөлігінің ажырасуына себеп болып отырған дүние- өздеріне тиеселі баспаналарының жоқтығы екен. Екінші орында жұбайлар ара татулықтың бұзылуы, бір-бірлерінің көзіне шөп салу секілді жағымсыз әрекеттер болса, үшінші бір себебі азаматтарымыздың жалқаулығы болса керек. Осыған жалғас,қазіргі таңда 500 мыңға жуық «кәрі қыздар» бар деген ақпарат таралып жүр. Жастар неге үйлене алмай жүр? Шынымен де ер мен әйелдің саны жағынан осыншама алшақтық пайда болды ма? Осының барлығына өз әсерін тигізіп жатқан себептердің бір осы баспана мәселесінің тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Себебі үйсіз отбасылардың өмірлері де тыныш болмайтыны белгілі. Үйсіз жүрген жұбайларды демографияға үлес қоса алады деп тағы айта алмайсың. Нарықтағы бағалардың удай қымбатқа түсуі де, жас отбасылардың жүгін ауырлатып жіберді. Тізе берсек кете береді. «Жас отау» қоғамдық бірлестігінің бастап жатқан игі жұмыстарына сәттілік тілейміз. Бастамаларың жас отбасыларына көмегін тигізіп жатса, олардың аяққа тұрып кетуіне ықпал етіп жатса оған неге қуанбасқа? Біз Қазақстан ардагерлер қауымдастығы сіздердің бастамаларыңызды шын ниетімізбен қолдаймыз!

БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЕТІП ҮКІМЕТКЕ ЖОЛДАЙМЫН!

Сәрсенбай Еңсегенов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты: — Уақыт байланысымен өз ойларымды қысқаша жеткізгім келіп отыр. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бір паспана екені барлығымызға белгілі. Яғни адамдардың көпшілігі ағылып жатқан ірі қалаларда тұрғын үй бағасы қымбатқа түсіп тұр. Оған нарықтың заңдылықтары мен еліміздің экономикалық әлеуетінің де ықпалы бар екені сөзсіз. Ал жас отбасылардың үйсіз жүргені мен демографиялық өсімнің баяулығын, қылмыстық әрекеттердің туындауының барлығын баспанаға әкеліп тіреп қоюға өз басым қослмаймын. Әрине белгілі деңгейде әсері бар шығар. Мысалы біздер бір-екі бөлмелі саман кірпіш үйде туып-өстік. Ата-әже, әке-шешелерімізбен қоса отбасында 6-7 ден бала болатын еді ол кезде. Яғни демографиялық ақуалымыз қазіргі кезбен салыстырғанда әлде қайда жақсы еді. Қылмыстық әрекеттер мен қазіргі таңда орын алып жатқан келеңсіздіктер ол кезде өте аз ұшырасатын. Мен салыстырмалы түрде айтып отырмын. Заман басқа, заң басқа екендігін жақсы түсінемін. Жаңа ғана Өмекең ағамыз ортаға салып отырған көп проблемалардың бір себебі тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Себеі адамдар жақсылыққа ниет етсе, дұрыс жүріп-тұруға, адал еңбекке, өнегелі отбасы болуға талпынса, барлығы басқаша болар еді. Бүкіл қиыншылықты әкеліп баспанаға тіреп қоюға келмейтін шығар. Ал сіздер осы бастап отырған жұмыстарыңызда тап болып отырған кедергілер мен осы төңіректегі басқада мәселелер жайындағы ұсыныс-пікірлеріңіз болса, бізге жазып әкеліңіздер. Біз өзгеде әріптестерімізбен ақылдаса отырып, үкіметке депутаттық сауал жолдайық. Сосын алдағы уақытта Астана маңынан салған үйлеріңізді көрсетіңіздер, арамызда құрылыс департаментінің адамдары бар, ол жұмыстарыңызды көзбен көрейік. Қаперге алатын жерлері болса оны да ескереміз, ұнамайтын жерлері, қаланың жалпы жоспарына кедергі келтіретін жерлері болса оны да ойластырып көрген жөн шығар. Ал қазірге «бастамаларыңды қолдаймын немесе қарсымын» деп айта алмаймын.

ҚОЛ ЖЕТІМДІ ҮЙЛЕРДІ КӨБІРЕК САЛЫП, АЛЫС-ЖАҚЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫ ШАҚЫРСАҚ

Үзбен Құрманбай – «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры: — Барлығын өкіметтің мойынына артып қоймай, өзіміз осылай бастама көтерейік деген «Жас Отауды» ұйымдастырушы азаматтардың талап –тілегін қолдаймын. Өте жақсы бастама.  Меніңше, нәтижесі жаман болмайды. Бұған шеттен келіп жатқан қандастарымызда ілігеді деген ойдамын. Бұл өте қажет нәрсе. Менің айтпағым: бұл жұмыс мемлекет саясатымен ұштасып отыр. Қазір біздің мемлекетіміз бойынша Петропавлда, Қостанайда, Павлодарда оңтүстік тұрғындарын апарып қоныстандыру саясаты жақсы ниеттен туғаны белгілі. Бұл ірі шаруа! Бұған қосарым, Монғолиядан, Қытайдан т.б шет елден келетін оралмандардың тізімін шығарып, сонда апарып орнықтыруға зор мүмкіндік тумақ. Мұны қалай жасаймыз? Ол үшін бірлестіктер бірігіп, ауызбіршілік танытуымыз керек.  Ұлттық мүдде жолында бірікпесек құрдымға кетеміз. Аз уақытта қол жетімді үйлерді салып алып, алыс-жақындағы қазақтарды шақырсақ, қанекей! Сол үшін келіп отырмыз. Сіздерді қолдаймыз!

 БІЗ ИДЕЯЛАРДЫ ЖАҚСЫ АЙТАТЫН ХАЛЫҚПЫЗ…

Өтен Ахмет — жазушы, сыншы-драматург: — Өмір қайшылыққа толы, сол қайшылық арқылы дамимыз ғой. Қазір баспасөзде, интернетте бір шу шығып жатыр. Біздің Үкіметтің бір адамы Парижден 65 млн еуроға керемет бір тарихи ғимарат сатып алыпты. Ол кісінің аты-жөні айтылмайды. Жұмбақ! Ал біз мұнда баспанаға зәру жастардың проблемасын көтеріп отырмыз.  Көрдіңіздер ме, қандай қайшылық!

Біз жалпы идеаларды жақсы айтатын халықпыз.  Идея деген – жетеді.  Алайда ол  туралы сөз етпеймін.  Себебі  біреудің ауласына түсіп кетемін бе деп қорқамын. Әйтседе ол идеалардың «нәтижесі қайда, жүзеге асырылуы қайда?» — деген өзекті ой көптің көкейінде жүргенін жасыра алмаймын. Егер бүгінгі күні сіздер келтірген статистика бойынша 2 млн бәленбай мың адам баспанасыз болса, жоғары да айтқан иделардың нәтижесі сопаң етіп көзге түсіп тұр емес пе? Сондықтан бүгінгі отырыста айтылып жатқан сөзбен, қолға алынып жатқан шараларыңыз тамаша! Негізінде осындай корпарация бар. Ресейде біраз уақыттан бері жұмыс істейді. Атауы «Геркулес» болуы керек қателеспесем. Олар біздің қазақстанда да жұмыс істейді. Мен солардың біраз шаруаларымен танысқанмын. Бірақ оларда сіздер айтқандай, «бірден үйді сала қоямыз, шаршы метрі 60-70, әрі  кетсе 120 мың,  үй салу оп-оңай»  деген бір ауыз сөз жоқ. Осыларды сараптай келе сіздердің сөздеріңіз маған жұмбақтай көрініп тұр. Оған тағы бір себеп, жас кезімде құрылыспен айналысқан едім. Енді қараңыз, шаршы метр дегеніңіздің бағасы қайдан шығады? Ол құрылыс матриалдарынан шығады ғой. Онда арзан құрылыс материалдары қайда бар? Қайдан алынады? Қалай келеді ол? Соншалықты арзан құрылыс материалдары болса, ол қандай материал? Аяқпен илеп, қалыпқа құйылатын саман кірпішпен салынған үйлердің өзін салу оңай шаруа емес. Менің күмәнданып отырған себебім осы. Бұл тұрғыда айта берсек сөз көп.  Мысалы қаржыландыру қалай болады? Қаржы қайдан келеді? Табыстың тағы қандай көздері  бар? Демеушілер кімдер болмақ? Әлде үкімет өзі қаржы бөле ме?  Үй кезегіне қалай тіркеледі?  Сұрақ осылай туындай береді?

ЕЛ БОЛЫП ҚАЛАМЫЗ ДЕСЕК, ЖАСТАРДЫ БАСПАНАМЕН ТЕЗ АРАДА ҚАМТУ КЕРЕК

Сәдібек Түгел – жазушы, қоғам қайраткері: — Пәтер мәселесі әлеуметтік саладағы ең өзекті проблема. Тұрғын үй мәселесі шешілмей, толық қанды елміз деп айтудың өзі қиын шаруа болып тұр.  Менің самсаған цифрлардан байқағаным: 2 млн 300 мың адам тұрғын үйге мұқтаж екен. Сонау 31-32 жылдары ашаршылықта 2 млн 300 мың адам құрбан болыпты. Бұл неткен ұқсастық!

Баспана – біздің еліміздегі номері бірінші – проблема екені даусыз!  Сол проблеманы жас жігіттер Асхат пен Айдынның  көтеріп, бастамашы болып отырғаны әспеттеп айтсақ – көзсіз ерлік! Бұл үлкен, ұлы бастаманың бірі! Сондықтан жігіттерді жаратушы иеміз қолдасын! Одан кейін мемлекетіміз демесін! Депутаттар қорған болсын!  Шынтуайтыны келсек, бұл бастама тек қана Үкіметтің қолдауымен, күшімен, ықпалымен, тегеуірінімен, бағдарламасымен іске асатын жұмыс. Бұл жалпы ұлттық мәселе.  Тіпті Парламентте қаралатын іс.

Бізде не көп, бағдарлама көп. Жақсысы да, жаманы да бар. Мысалы «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама шыққанда алғашқы қарсы шыққан мен болатынмын. Онымды кейбіреулер жақтырмай қалды. Мен неге қарсы шықтым?  Себебі бағдарлама шикі. Мен сонда айтқанмын, сіздер арбаны аттың алдына қойдыңыздар. Өйткені ауыл құрып жатыр. Жастар сонда ауылға барып дипломдарын бастарына жастанып жата ма?   Бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөлінген.  Соның 5 млрд — ы ұшты-күйлі жоғалды. Әлі күнге табылмай, қайтарылмай жатыр.

Ал мынау «Жас Отау» бағдарламасы өмірмен қабысқан реалный екен. Бұл қазаққа керек дүние. Тұрғын үйдің жоқтығы – жастарды күйзеліске түсіріп жатыр. Ұлт осылай жойылады. Оның ұшқындары көрініп жатыр. Соңғы үш жылда қазақтың тоғыз жарым мың қызы шетелдіктерге, әсіресе  негрлерге тұрмысқа шығып кетті. Бұдан өткен сұмдық бола ма?  1 Млрд 300 млн халқы бар Үндістанда Авдий деген атақты блогер бар. Сол дуылдатып жазып жатыр. Қазіргі сексиндустрияның  отаны  — Қазақстан. Астанасы – Алматы деп. Бұл жағдайға біз қалай жетіп отырмыз. Біз осыны көріп, естіп тұрып, қалай жер басып жүрміз. Ел болып қаламыз десек, жастарды тұрғын үймен тез арада қамтуды қолға алу керек. Әйтпесе кешігеміз. Үйсіз — күйсіз жүрудің арты трагедияға айналып барады.  Сөз соңында айтарым:  «Жас Отау» бағдарламасының, оны ұйымдастырушы азаматтардың жолы болсын дегім келеді.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК