Қонаев: Тағдырдың бұл тәлкегi жанымызға қатты батқанын да жасырмаймын
Жеңгеңiз Зухра қайтыс болғалы берi Сiздiң “Жұбайлар бар әңгiмесi таусылған, Ал махаббат – таусылмайтын әңгiме!” деген екi жол өлеңiңiз есiме жиi оралатын болды… Кезiнде осы өлеңiңiздiң төңiрегiнде Зухра екеумiз ұзақ әңгiме өрбiткенбiз… Тiптi Сiздiң Қорлан сыйлаған жүзiктi 51 жыл бойы қолына тағып келiп, о дүниеге де өзiмен бiрге әкеткен Естай ақын туралы жырыңызды да ол теледидар арқылы берiлген кешiңiзден ұғып, маған таңдана айтып берген едi…
…Зухра жеңгеңiздiң бүкiл өмiрi iзденiспен өттi деп айта аламын. Мысалы, ол дүниеге мүлде қызықпайтын. Бұл жағынан да екеумiздiң арамызда ерекше ұқсастық бой көрсеттi.
Сiзге тағы бiр сырымды ашайын. Зухрамен жарты ғасырдан астам жұбайлық ғұмыр кешсек те арамызда бала болмады. Тағдырдың бұл тәлкегi жанымызға қатты батқанын да жасырмаймын. Бiрде әулетiмiздiң ақылман қариялары жиналып: “Димаш, келiннiң ерекше жақсы адам екенiн бiлемiз. Ата дәстүрге жүгiнсек, өзiң сияқты атпал азаматтан ұрпақ алып қалмау – елдiгiмiзге сын. Тiптi, Мұхаммед Пайғамбар да осы салада үлгi көрсетпедi ме? Бәлкiм, бұған келiн де қарсы болмас!” – дедi. Рас, Зухра да қариялардың ұсынысын қолдады. Өзiм көнбедiм. Себебi, мен үшiн Зухра сияқты әйел жалғанда бiреу ғана. Сондықтан оның маған деген шексiз махаббатына көлеңке түсiргеннен гөрi, тағдырдың пешенемiзге жазғанына мойынсұну әлдеқайда жеңiл санадым.
(“Қонаевпен сырласу” атты кiтаптан)