Отбасылық аула клубтарының берері көп

21 қараша күні сағат 10:00-де Астана қаласында аз қамтылған отбасыларға арналған «Замандас» отбасылық аула клубының ашылуы өтті. Салтанатты шара барысында, келешекте жаңа орталықта барлық отбасы мүшелеріне арналған қызмет түрлері көрсетілетіні айтылды. Клубта балалармен жасөспірімдерге арналған 20 шақты тегін үйірме қызмет көрсетіп қана қоймай, ата-аналар үшін «Бақытты отбасы» сабақтары өткізіліп тұрмақшы.

Жалпы отбасылық аула клубының концепциясы Астана қаласы үшін нақты жолға қойылған. Бүгінгі таңда қала бойынша 700-ден астам баланы қамтитын осындай 3 орталық жұмыс істейді. Мұнда арт-терапия, хареография, шахмат, сәндік-қолданбалы өнер, авиамодельдей, театр, каратэ, домбыра, ушу-кунгфу, брейк, вокал, сөйлеуді дамыту, тоғызқұмалақ, робототехника, гитара, гимнастика сияқты үйірмелер тегін негізде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, сколиоздың алдын алу, репродуктивті денсаулыққа қатысты тренингтер мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған сабақтар да өткізіледі.

Жобаны Астана қаласының әкімдігі және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Замандас 21» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр.

Аула клубтарының ашылуы «Samruk-Kazyna Trust» және «Замандас 21» қоғамдық қорының бастамасы болса, қала әкімдігі аталмыш жобаны іске асыру үшін үш ғимарат ұсынып отырған көрінеді.

Орталықтың ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Үкіметпен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Рахметов, «Замандас 21» Қоғамдық қорының директоры Ляззат Алшинова және «Астана қаласы тұрғын үй басқармасы» ММ «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК жетекшісі Александр Строчков қатысты.

 

Нағашыбай Қабылбек