«Ысқырып атқан киіктің киесі жоқ»

Осы мәселеге орай қазақтың тамақтану дәстүрін, ырым- тыйымдарын зерттеп жүрген баспагер, жазушы Кедірбек Сегізбайұлының пікірін білген едік.

«Рас, қазақтың өз малын өзі соя алмайтын деңгейге жеткеніне жүрегім ауырады. Мал бауыздауды ұмытып қалған. Ауылда соғымның жөнін білетіндердің көзі кетті. Ат арытып, көрші ауылдан қасапшы әкелетіндерді көріп жүрмін. «Қараш-қараш оқиғасында» Рысқұл ен далада жүріп, бір өзі бір жылқыны жығып, сойып алатын ыспа болған. Мал бауыздай алмау қазақ деген атымызға ұят. Қазіргілер дүкендегі дайын етке жүгіреді, Мұздатқышта сақталған етте дәм болмайды. Себебі малды қасапханаларда шошытып сояды. Семейдің, Алматының ет комбинаттарында болғанымда сиырды табынымен, жылқыны үйірімен әкеп қамап, дәрі беріп малдың жанып қинап, әшәндегі қан- жынын түсіріп тастап, соятынын көргенмін. Шошынған малдың етінің бездері көбейіп, дәмі кетеді. Соғымға жылқы сойса қазысын «бармақ», «екі елі», «төрт елі», «бес елі», «шынашақ», тым арығын «пышақ сырты қыртысы бар» дегенге біреу ұқса, біреуі мән беріп жатпайды. Соғымды сақтау, қазы айналдыруды көнекөз әжелерімізден үйреніп қалуымыз қажет-ақ.

Әсіресе, қаланың қазақтары құрбан айттың кезінде малын машинасына тиеп алып, кезекке тұрып қасапшыларға сойдырып алып келеді. Бір қойды сойдыру – 5000  теңге, ары қарай бөлшектеп берсе , қызметінің құныы да қымбаттайды. Келесі бір 5000  теңгеден айырылап қалмау үшін жанұшырып, қойды 10-15 минутта сойып, дорбаға салып береді.

Мәселен, атып алған аңды адал бауыздау керек. Аңшылық, саятшылық өзі алдына бөлек әңгіме. Бірақ қазір саят құруда дарақылық басым. Машинасы мен мылтығына мақтану үшін шыққандар мергендікті меңгермеген. Қазақта «Ысқырып атқан киіктің  киесі жоқ» дейді. Ондағы айтпағы қорадағы мал болсын, даладағы аң болсын қашуға мүмкіндік берген. Қазіргі аңшылардың ішінде «оқ тисе болды, қан шықты» деп есептейтіндер бар. Бауыздалмаған мал арам болып саналады. Малдың қаны ауру таратуға бірден-бір себепші екенін ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінде елдің «халал» деп жаңалық ашқандай жарыса айтып жүргені қазақтың «малды адалдап сою», «адал ас» деген сөзі.

Бұл күнде жүрек, бауыр, бүйрегін алып, ішек-қарынды ақтарып, қоқысқа тастайды. Дәруменнің дені ішек- қарында. Оны тазалауды, одан түрлі тағам түрлерін дайындауды ұмытқанымыз өкінішті.

Дастарқанға малдың басын құбылаға қаратып, маңдайын айқыштап кескілеп барады. Қазір мені қынжылтатыны етті турап, жіліктерді көлденең үйіп-төгіп үстіне қойып әкеле салатын болып жүр. Бұл дәстүрді сыйдамау. «Пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін» жейді дегендей етті ебі бар адам турайды. Қамырға тұздық құйып, етті бүтіндей бөлек салып әкелу де қонаққа деген құрметсіздік. Қонақтар ет турап отырмасын деп, турап әкелу табақ тартуға жатпайды.

Халқымызда «Аш болсаң да асықтың етін асама, тоқ болсаң да тобықтың етін тастама» дейді. Жастар ет мүжуді білмейді. Түртіп, шұқып жейді. Біреу қолмен ұстаған соң «адамның қолы тиді дейді» деген білгішсымақ тазалағыштар өтті апарып қоқыс жәшікке тастайды.

Обал-сауапты білетін қазақ ешқашан сүйекті етімен тастамаған. Рәсуа етпей асықты жілікті мүжігенде тазалап, жылтыратып аршып, асығын баласы бар үйге берген. Бала күтіп жүрген келіншекке «ұлды болсын, дүниеге келер азаматты осы асық күтіп жатсын» деп ниет еткен. Сүйекті жас жігіттерге келіншегің сұлу болады деп тазалап мүжіткен.

Бата жасалмай тұрып бас табақты ала шабатындар бар. Ет желініп, сорпа ішіліп болған соң ас қайырады. Табақты содан соң алып кету керек. Аста-төк құдайы тамақ беріп, сом-сом етті қоқысқа тастай салып, малдың киесін қаперге алмайтындардан қорқамын.

Қазақтың мал сою, табақ тартуы үлкен ғылым. Осыны жоғары оқу орындары, аспаздар дайындайтын колледждерде бір пәнді салт-дәстүрге арнаса, артық болмас еді деп ойлаймын. Сонда ғана жастарымыздың дәстүрлі үйреніп, өз малын өзі сойып алатын болады.

PS: Өркениеттің бәрі Батыста деп өз дәстүрімізді, мәдениетімізді менсінбей жүргенде ұлттық тағам, ұлттық ойындарымызды шетелдіктер «біздікі» деп иеленіп кетті. Немістер қымызды, қырғыздар көкпарды, тағы бір қолөнерімізді өздерінің ұлттық брендіне айналдырып үлгерді. Енді келіп апталап қазақтың төл өнері туралы «пайдасы мынадай, құрамы осындай, осылай дайындалады…» деп семинар өткізіп, қазаққа лекция оқитынды шығарды. «Қолда барда барда алтынның қадірін білмесек», ертең ұлттық құндылықтарымызды қолды қылып, өзгеге жауатаңдап өкініп жүрмейік.

 

Майра Жанысбай