«Береке» қаржылық сауаттылық клубы ашылды

Жуырда Алматыдағы Ұлттық кітапхана ішінен «Береке» қаржылық сауаттылық клубының ашылуы болды. Бұл жоба — аталмыш кітапхана мен «Айгүл Абдраимованың қаржылық сауаттылық мектебінің» бірлескен жобасы. Мақсаты — шағын және орта бизнес өкілдері мен зейнеткерлерге, жастар мен жұмысшы азаматтарға қаржылық сауаттылық тұрғысында тегін ақыл-кеңестер беріп, тегін оқыту. Яғни, азаматтарды несие алу мен өзге де қаржылық операциялар барысында қателіктерден сақтандыру. Орталық кәсібін жаңа бастаған жеке қаржылық жобалаушылар мен қаржы көздерін іздеушілер үшін тегін семинар өткізіп, зейнеткерлерді қаражат құралдарын пайдаланудағы қауіпсіздік шараларына баулиды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен жастардың басын қосып, түрлі тақырыпта сабақтар өтпек.

Игілікті шараның салтанатты ашылуына келген Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет және мұрағат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев клубты ұйымдастырушылар мен кітапхана басшыларын құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Жиынға келген түрлі қаржы саласының басшылары мен қызметкерлері де клубтың жұмысына барынша көмектесіп, атсалысатындарын айтып жатты.

Әрине, аңқаулығымызды айтпаған күннің өзінде, әл-ауқатын жақсартуды көздейтін әлеумет үшін, мұндай клубтардың  көбірек ашылғаны керек-ақ қой.

                                             М.Икбалды білесің бе?

Дәл осы шара өте салысымен, іле шала кітапхананың Н.Дәулетов атындағы залында Пәкістан Ислам Республикасының Тәуелсіздігінің 70 жылдығына, Қазақстан-Пәкістан диплмотиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығына және Пәкістанның ұлы ақыны, философ Аллам Мухаммад Икбалдың туғанына 140 жыл толуына арналған кең шеңберлі дөңгелек үстел өтті. Британдық Үндістанның қоғам қайраткері, ойшылы, Пәкістан халқының рухани әкесі саналатын М.Икбал шығармалары үнді мұсылмандарының оянуына ықпал етіп, Пәкістан Ислам Республикасын қайта құруға себепкер болған. Оның Шығыс дүниетанымына бағытталған «Мен» (Худди) жалынды жырлары тіпті әлем халқын шабыттандырды. 1977 жылы ЮНЕСКО шешімімен бекітілген «Икбал күні» мейрамы Пәкістанда бүкілхалықтық сипатқа ие.

Дөңгелек үстелге Пәкістан бірлестігінің өкілдері мен Қазақстанның ақын-жазушылары, журналистер мен студенттер қатысты. Олар кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Қазақстан-Пәкістан: достық пен әріптестік рухында» атты кітап көрмесі мен кітапханашы Мейіз Жақсыбаеваның М.Икбал өміріне қатысты дайындаған слайд-шоуын тамашалады.  Ұлттық кітапханада 2005 жылдан бастап Пәкістан орталығы жұмыс істеп келе жатқанын жеткізген кітапхана басшысы Жанат Сейдуманов мырза, Пәкістандық әріптестерге «Алғыс хат» тапсырды.

 

Жанбақыт Мерекеұлы