Сұлтан Мақашов- Қармақшы ауданының әкімі: «Еңбек өнімділігі — Ынтымақтың нәтижесі»

Үстіміздегі жыл Қармақшы ауданы үшін әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экономикалық мәселелерді шешуде табысты жыл болып отыр. Аймақта барлық саланың жүйелі жұмыстары жақсы жолға қойылған. Соның арқасында аудан ауылшаруашылығы саласы бойынша «озат аудан» аталған.

Қай уақытта да іс тетігін кадрлар шешетіні ақиқат. Сондықтан да елдің, андағы қарапайым ауыл шаруасының тыныс-тіршілігін зерттеп, зерделей білетін лауазымды тұлғаның — имиджі де жоғары. Демек, аудан әкімі қызметіне тағайындалған екі-үш жылдың бедерінде Сұлтан Мақашов тыным алмастан еңбек етті. Нәтижесі іргелі ауданның — істері де қарқынды.

Өңірде «озат аудан» мәртебесіне қалай жеттік?

— Өздеріңізбен, ел аралап жүрген «Ауыл экспедициясы» мүшелерімен қосып, сұхбаттасып отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі жаһандану үрдісі қанат жайған, төрткүл дүниенің шытырман оқиғалары әлем жұртшылығына сол заматта жетіп жатқан бәсекеге толы қарбалас заманда, байланыс қызметі мен бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше.  Сондықтан қоғамдық пікірдің жаршысы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздеріңізге жақындай түсу – біздің атқарып жатқан жұмысымызға тың серпін береді, және ой қозғап, жаңа идеялар туындатады.

Олай болса Сіздерді, Қармақшы ауданының биылғы жылдың 9 айында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстармен хабардар етсем» — деді ауданы әкімі ә дегеннен сауалымызға жөпелдемете жауап бере бастады.

— Биылғы жылы 23702 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары оның ішінде 14209 гектар жерге саланың негізгі өнімі болып табылатын күріш дақылы отырғызылды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2017 гектарға, ал күріш көлемі 184 гектарға, мал азығындық дақылдар көлемі 612 гектарға, жаңа жоңышқа 557 гектарға, бақша 8 гектарға, көкөніс 46 гектарға, және мақсары дақылы 638 гектарға көбейді, — деп әңгімесін бастаған аудан әкімі ойын төмендегінше өрбітті.

Аудан диқандарының ала жаздай еңбегі ақталып, күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 84543 тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Сондай ақ, жаздық бидайдан 2424 центнер, мақсарыдан 1960 тонна, картоптан 9512 тонна, бақша дақылдарынан 11220 тонна өнім жиналса, 60000 тонна мал азығы шөп дайындалды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі  6 млрд 837 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,4 пайызды құраса, оған салынған инвестиция көлемі    81,7  млн теңге болып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп 690,3 млн теңге көлемінде субсидия (егін шаруашылығына 655,7 млн. теңге, мал шаруашылығына 34,6 млн.теңге) есептеліп берілді.

Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет  тарапынан  «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық»  бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді.

— Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту динамикасы жаман емес. Қармақшы ауданы бойынша, облыстық Статистика Департаменті мәліметіне сәйкес, тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 3307 екен. Осы тұрғыда айтар пікіріңіз қандай?

— Аудан бойынша, «Зәкірлі» деп танылған, «Ақтөбе и К» ЖШС-нің «Өнімділігі жылына 1500 тонна құс фабрикасы» 2016 жылы Өңірлер кәсіпкерлігін дамыту картасына енген жоба болатын. Аталған жоба «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ-ның қатысуымен  (үлесі 49%) іске асырылуда. Бұл күндері құс фабрикасының құрылысы басталып кетті.  Кәсіпорынға қажетті сыртқы инфрақұрылымын жүргізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 20,0 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Жобаның құрылысы барысында 200 адам, іске қосылған кезде 80 адам жұмыспен қамтылады.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде несиелендірудің пайыздық ставкасын субсидиялау және ішінара кепілдендіру бойынша жыл басынан 11 жоба 188,5 млн теңгеге несиелендірілді.

Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде гранттар беру бойынша 16 жобаға 10,8 млн. теңге бөлінді.

«Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нен 5 жоба 20,7 млн теңгеге несиелендірілді. Аудан бойынша бөлшек сауда тауар айналымы 2 млрд 939 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,0 пайызды құрады. Ауданның өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындары 1 млрд 864 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 101,5 пайызға өсті.  Оның ішінде, кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерлерді қазу саласы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,1 пайызды, ал өңдеу өнеркәсібі – 100,0 пайызды құрады. Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5 млрд 787 млн. теңге.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Қармақшы ауданына тиесілі бөлігінде 4 жол маңы сервистік қызмет көрсететін нысан жұмыс жасап тұр, ал қалған 1 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Ауылдарды абаттандыру — басты мәселе

Ауданда ауыз су, газ, абаттандыру, көркейту мәселелерінің жүргізілуі — бүгінгі талаптарына сай келе ме? Осы жайлы не айтасыз?

— Елді мекендері ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты 2017 жылға барлығы 6 жобаны іске асыруға 349,4 млн теңге  (оның ішінде РБ 136,8 млн теңге, ОБ-212,6 млн теңге) қаралған. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында:

Дүр Оңғар елді мекенінде тұтынушы үйлердің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желілерінің құрылысына 102,2 млн теңге бөлінді. Нысан бойынша құрылыс жұмыстары басталып, 101 тұрғын үйге ауыз су желісі тартылды.

Ал, Иіркөл елді мекенінде тұтынушы үйлердің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желілерінің құрылысына 34,6 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық бітіп, нысан қабылдау актісімен қабылданды.  Облыстық бюджеттен: Алдашбай ахун елді мекеніндегі су құбырын тұтынушылар учаскесінің аймағына жеткізу құрылысына 46,1 млн теңге; (Жоба бойынша 11,406 км су құбырын жүргізу қаралған). Қуандария елді мекеніндегі су құбырын тұтынушылар учаскесінің аймағына жеткізу құрылысына 34,3 млн теңге; (Жоба бойынша 8,861 км су құбырын жүргізу қаралған).

Қармақшы елді мекеніндегі су құбырын тұтынушылар учаскесінің аймағына жеткізу құрылысына 63,6 млн теңге; (Жоба бойынша 3,1 км су құбырын жүргізу қаралған).

Көмекбаев елді мекеніндегі су құбырын тұтынушылар учаскесінің аймағына жеткізу құрылысына 68,6 млн теңге бөлінді. (Жоба бойынша 4,209 км су құбырын жүргізу қаралған).

Бұл төрт нысан бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілді. Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне байланысты 2017 жылы республикалық бюджеттен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жосалы кентінде 2 жобаға 659,1 млн.теңге

(«Жосалы кентіндегі су жүйесін және 2-ші көтерме насос станциясын қайта жаңғырту» -225,0 млн.теңге және «Жосалы кентіндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу желісінің құрылысы»- 434,1 млн.теңге бөлінді) бөлінді.

Ауданды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де ең өзектілердің қатарында болатын. Қазір аудан ауыз су азабынан толық құтылды, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асқан жұмысқа әрине тұрғындар дән риза.

Қазіргі таңда, «Жосалы кентіндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу желілерінің құрылысы» (4 кезек) нысаны бойынша барлығы 1364 үйге ауыз су құбыры кіргізіліп, ал «Жосалы кентіндегі су жүйесін және 2-ші көтерме насос станциясын қайта жаңғырту» жобасы бойынша  құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанды қабылдауға жұмыстар жүргізу үстінде.

Аудандағы басты жаңалық газ мәселесіне байланысты шешімінің табылуы. Қазіргі таңда аймағымыздағы елді мекендер тұрғындарын газбен жабдықтау үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосу, яғни облыс халқын газдандыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Аудан тұрғындарына да табиғи газдың игілігін көруге аз уақыт қалды. Ол үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге, облыстық бюджеттен 55,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл күнде мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, 14,8 шақырым болатын жоғарғы қысымды газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жүргізетін мердігер мекеме «ТрансАзияКонстракшн» ЖШС. Газдандыру жұмыстарының нәтижесінде аймақтың сенімді энергетикалық базасын құрылып, тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының динамикасына оң септігін тигізетін болады. 2015 — 2016  жылдары облыстық бюджет есебінен «Жосалы кентіне жүргізілетін газ құбырының және кварталішілік газ құбырларының құрылысы» жобасы рәсімделіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан қажетті қаржы көлемін республикалық бюджеттен бөлу мақсатында тиісті министрліктерге бюджеттік өтінім жолданған.  Осыған сәйкес,  алдағы уақытта (2020 жылы) аталған жоба жүзеге асуы жоспарланып отыр. Сондықтан да, өңір үшін пайдасы көл-көсір.

Елді мекендерді абаттандыру, көркейту — көгалдандыру  және  санитарлық тазалық жұмыстары бойынша ағымдағы жылы барлық кент және ауылдық округтеріне абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен және жергілікті өзін-өзі басқару органның арнайы шоты арқылы (ҚБШ) қаржы бөлінді.

Атап айтқанда: Абаттандыру жұмыстарына барлығы 75 млн 562 мың теңге, оның ішінде аудандық бюджеттен 25 млн 399 мың теңге, арнайы шот арқылы 50 млн 163 мың теңге бөлінді.

Қазіргі таңда бөлінген қаржыларға елді мекендерде  абаттандыру және көркейту жұмыстары жүргізілуде. Жылдан жылға Жосалы кенттінде абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылып келеді.

Биылғы жылы «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы шеңберінде өңірлерді экономикалық дамытуға жәрдемдесу бойынша шараларды іске асыру» бюджеттік бағдарламасы аясында Жосалы кентіне барлығы 69 млн 861 мың теңге қаралған. Қаралған қаржыға кент көшелерінің жарықтандыру жұмыстары (темір жол вокзалы алдындағы аумақты жарықтандыру, Абай көшесін жарықтандыру, Жосалы кентіне кіре берістен Көшербаев көшесіне дейін жарықтандыру), үш бетті жарнамалық щит орнату жұмыстары, «Қобыз» ескерткішінің ағымдағы жөндеу жұмыстары, кент көшелеріне қоршау жұмыстары жүргізілді және  Мүсірбаев көшесінің аяғына қосымша автотұрақ ұйымдастырылды.  Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында Ақтөбе ауылының орталық алаңын жөндеу және жайластыру жұмыстары жүргізілді.

— Бюджет туралы бірер сөз айтсаңыз?

— Қармақшы ауданы бюджетінің 2017 жылдың 1 қазанына түсімдер болжамы 7 млрд 890 млн 22 мың теңге болып, нақты 8 млрд 35 млн 784 мың теңгеге атқарылды, немесе 101,8 пайызға орындалды. Есепті кезеңге аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 679 млн 277 мың теңге болса, нақты 712 млн 625 мың теңгеге атқарылып, 104,9 пайызды құрады.  Аудан бюджетінің шығындар жоспары 7 млрд 890 млн 22 мың теңге болып, нақты 7 млрд 879 млн 22 мың теңгеге, яғни болжам 99,9 пайызға атқарылды.

— Ауданда мәдениет, спорт салалары бойынша қандай оң өзгерістер бар?

— Аудан бойынша  мәдениет саласында жыл басынан бері  835  мәдени шара өткізілді.  (Оның ішінде аудандық мәдениет үйінде 81 мәдени шара, жыраулар  үйінде  58  іс-шара, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 271 іс-шара, аудандық тарихи-өлкетану музейде 4 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар ауылдық мәдениет және клуб үйлерінде 421 шара өткізілген).

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға байланысты құрылған «Киелі жерлердің географиясы» жобасын жүзеге асыру барысында Қармақшы ауданы бойынша Қазақстанның киелі жерлері тізіміне Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, Қорқыт Ата кешені, Ежелгі Бәбіш мола қалашығы, Марал ишан мазары, Қалқай ишан кесенесі енгізілді.     Биыл 2 ескерткішке, атап айтқанда: Шірік-Рабат (7 000,0 м.т.) және Сортөбе (5 635,0 м.т.) қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Спорт саласы бойынша аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту бағытында  бірқатар жұмыстар атқарылуда. Есепті мерзімде 117 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 9867 спортшы қатысты. Атап айтар болсақ: ауқымды шараларға «Нашақорлыққа ЖОҚ!» атты аудандық мектеп оқушылары арасындағы «Көңілді старт» жарысы, Интернационалист-жауынгерлер Ә.Өміров, Н.Айсауытов, Р.Доспанов және А.Жыңғылбаевтарды еске алу мақсатында ұйымдастырылған мектеп оқушыларының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлер күніне орай жергілікті атқарушы органдар арасындағы аудандық спартакиядалары өткізілді. Сонымен қатар өздеріңізге белгілі 5-7 мамыр аралығында Ұлы жеңістің 72 жылдығы қарсаңында Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаевтың жүлдесіне арналған самбо күресінен халықаралық ХХІІ мемориалға Беларусия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия мемлекеттерінен палуандар келіп қатысты.

Жыл көлемінде аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 15-алтын, 22-күміс, 21-қола медальды иеленсе, Азия чемпионатында 1-қола және Әлем Кубогында 1-алтын медальді иеленді. Үстіміздегі жылы Абдрахманов Ғалымжан самбо күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері және Астана қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен Әлем Кубогының жеңімпазы атанып «Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атаққа қол жеткізіп отыр. Оған қоса Астана қаласында 2-ші шілде күні өткен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде жерлесіміз Еламан Ерғалиев кіл мықтылар айқасында жеңімпаз атанып, Сыр өңірінің абыройын асқақтатқаны белгілі. Үстіміздегі жылы 22-26 қыркүйек аралығында Түркіменстанның Ашхабат қаласында өткен Азия Ойындарында Абдрахманов Ғалымжан самбо күресінен 74 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанса, кеше Астана қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарды.

Биыл Төретам кентінің денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 100,0 млн.теңге қаржы бөлінді. (Жалпы сметалық құны: 364,937 млн.теңге. Келісім шарт сомасы:  349,403 млн. теңге). Қазіргі кезде құрылысы басталып, жұмыстар жүргізілуде.

Жастарды отаншыл ету — арманым

Жастар саясаты мен үкіметтік емес ұйымдармен жұмыстар жүйесіндегі атқарылған істер туралы не айтсыз?

— Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында «Қармақшы Жастары», «Қорқыт елі-Қармақшы» және «Төретам Жастары» 3 жастар қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 2016 жылдың қараша айында «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. 2017 жылы жастар ресурстық орталықтың құрылуына байланысты штат бірліктерін ұстауға (барлығы 5 штат), коммуналдық шығындарына және материалдық техникалық базамен қамтамасыз етуге аудандық бюджеттен 10,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Жеке дербес ғимарат берілді. Үстіміздегі жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 4 млн 902 мың теңге қаралып, «Жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша 3 млн 200 мың теңгеге 3 жоба жүзеге асырылуда.

«Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығымен» жүргізілген есептің қорытындысына сәйкес 2017 жылдың 2 айында NEET санатындағы жастардың саны 471 азаматты құрап отыр. Бұл азаматтар жастармен ұйымдастырылатын барлық шаралар мен жобаларға тартылатын болады.

Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс қазіргі таңда аудан көлемінде кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету, көз мүгедектерінің  мүддесін қорғау, Ауғанстан және аймақтық  соғыс  мүгедектерінің мүддесін қорғау, өскелең ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, ардагерлер мүддесін қорғау, жастар бастамаларын дамыту және басқа да бағыттарда 16 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. Олардың қатарында белсенді жұмыс жасайтыны — 14 ұйым. 2017 жылы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын жүзеге асыру бағытында аудандық бюджеттен 2 млн 821 мың теңге бөлініп,  8 жоба жүзеге асырылу үстінде.

 

СҰХБАТТАСҚАН: БЕЙБІТБЕК БҮРКІТБАЙҰЛЫ,

                                                                                           ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ