Кім ұмытар Балқандай кең өлкені?
Биыл сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Қайыр Рахметуллин көкеміздің газетімізден терең ойлы, толғақты мақалаларын оқып жүргеніңізге шәгім жоқ. Ауыл экспедициясымен Қарқаралы ауданына барғанда ақсақалмен әдейі барып жолығып, таныстым. Жан-жақты кісі екен. Өмірдің барлық салаларынан хабардар, білімді де білікті ақсақалмен әңгімелесудің өзі бір ғанибет! Өмірбаянына көз жүгіртсек, тартысқа, шырғалаңға толы. Өзінің қарақан басының қамы үшін емес, ауылы, ауданы, ұлты, жері, тілі үшін жұлқысқан шақтары мол екен. Ол жөнінде, Құдай қаласа, алдағы нөмірлеріміздің бірінде кеңінен әңгімелейміз. Мамандығы агроном Қайыр ағамыз бос уақытында Өлең патшалығына да сапар шегіп, төгілтіп жыр да жазады екен. Біз бүгін сол мол әдеби дүниенің шетінен кертіп, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына шетелдерден, Қазақстаннан жиырма мыңнан аса халық келді. Ұлы бабаның тарихи Отаны — жабылған ауданның орталығы — Егіндібұлақта бас қосты.
Соңғы той
…Тарайды – ау… кете ме жұрт тағы тарап?
Әнменен қайғы – шерді ағытар – ақ.
Бізді тастап кете ме, қимай тұрмын,
Қимаймын әрі қарап, бері қарап?!.
Қызығы көп ел едік, тоймас әлі.
Деген болар естісі ойласады.
Жиырма мың халық кеп, думандатып,
Ғасырларды көктеген қайран баба,
Екінші рет өлуге бой жасады.
Кім ұмытар Балқандай кең өлкені?
Қызығы көп ел едік, мол ертеңі.
Жиырма мың халық кеп,
Қоштасқаны…
Біздер үшін – үміттің үзілгені,
Аудан үшін – соңғы той болар, тегі.
Қос жанарың жанады бір – ақ рет.
Мынау ғұмыр сөнеді бір – ақ рет.
Қазыбектің түтінін сөндіргендер –
Жер астына кетсең де – лағынет!!.
***
…Сен Балқанда, мен мұнда – ара қашық…
«Балқантаудың баурайында» әнінен.
Әні: Илья Жақановтікі
Сөзі: Шаймерген Әлдибековтікі.
Елге оралған Қанат Рахимовтың
әңгімесі.
26.08. 2017 жыл.
Сағыныш
Қанат інім, шығандап барып келген.
Біраз жылдар көз жазып қалыпты елден.
Тәлкегімен өмірдің көшіп кеткен
Бауырлардың қабарын алып келген.
Жайын айтты адамның жырақтағы.
Шешімі жоқ – өмірдің сұрақ бәрі.
— Амалсыздан «нан» іздеп, ұзап барып,
Амалсыздан алысқа тұрақтады.
Сағынбасын жастық шақ, кезін қалай,
От шарпымай тұрады сезім қалай.
Сағындырып туған ел, жүрек талып,
Ет – бауырдың елжіреп езілгені – ай.
Сағынады Балқанын асқаралы.
Бұзылмайды өмірдің тас қамалы.
… Осы әнді эфирден естігенде
Көздерінен ып – ыстық жас тамады…
***
Ақын Сабыр Адайдың «Абылдың күйі «Абыл»
атты жыр – толғауын оқығанда.
«Жас Алаш», 20 қаңтар 2015 жыл.
Еліне қарап, халқына,
Ұлтының іздеп мұратын,
Алдына қарап, артына
Шиыршық атып тұр ақын…
Тыянақ таппай жүгіріп,
Жазатын жыры өгейсіп,
Өткенге қайта жүгініп,
Толғанып кетті дегейсің…
Өнермен ғана ел өсер,
Атадан мұра – балаға…
Туды ма дүние теңесер –
«Абай» мен «Біржан – Сараға»?!
Заманың тұрса «жүр – жүрлеп»,
Ілесу – емес ол да оңай.
… Нұрғиса сынды дүлділдер
Өнердің соңы болмағай!
Басылар деп ек іңкәрлар,
Тұяқтар басып тұяқты…
Ертерек туып сұңқарлар,
Ертелеп кеткен сияқты…
Ну орман сынды өртенген,
Келді ме кезі дамылдар.
Тумайды неге «Серперлер»,
Тумайды неге «Абылдар»?!
Ішімнен кеттім жек көріп…
Бір күні бардық құранға,
Отау үй жайған дастархан…
Бәрі де самсап тұр алда,
Әңгіме – дүкен басталған.
Біреулер отыр түсінген,
Асығып біреу отыр ма?
Көңілге кірбің түсірген –
Дұғадан соңғы оқиға.
«Үй сыртында да адам бар»,
Дұрыс па, иә теріс пе?
Дастархандағы тағамдар
Лезде түсті бөліске.
Мәзірді қалған көздесіп…
Ала ма қанша керексе,
Сыпайы болып өзгесі,
Біреуі болды ерекше.
Табаққа әрбір ұмтылып
(Нысапсыздық та – олқылық)
Отырған болып қымсынып,
Екінші дорба толтырып…
… Туысым емес – алыс қан,
Бар еді бірақ ізеті.
Өртеніп тұрдым намыстан,
Біздің ауылдың қызы еді…
Болмағанменен тәуелді,
Байланбаса да кек болып,
Тойымсыз сол бір әйелді
Ішімнен кеттім жеккөріп!
Көңілім сүттей іріді
Шырмалып ойға не түрлі,
Аяңдап келем вокзалға.
Адамдар бүгін секілді –
Көңілді бәрі, ақ – жарма.
Қозғалды екеу соң тұрған,
Арба – сөмкесін сүйретіп.
Осынша неге толтырған,
Қалмаған болар үйде түк?
Сықитып біреу қапшығын,
Баратын болар жол шығып…
Марқайып қалдым, тап шыным,
Бар – ау – деп, тегі молшылық…
Толтырды жастар, легімен,
Қызыл да – жасыл киінген.
Бажайлап қарап, тегі мен,
Көрмедім жанды күйінген…
… Көрініс көптің бірі – ді…
Елес қып тұрғам –« бай елді».
Көңілім сүттей іріді, —
Көрдім де бомж – әйелді.
***
Түптамыр
Мазалап кейде жүр мені –
Немерем,
Аты – Абылай.
Екінші сынып, білгені…
Бабаның рухы дарығай.
Мен ғана білем бұл күйді,
Құпиясын оның табар кім?
Ақырын ғана қыңқиды:
« — Келеді ауылға барғым?..»
Өзгесі үнсіз жүр ана,
Бара алмайтынын біледі.
« — Ауыл…» — деп соғып тұра ма,
«Ауыл …» — деп құйттай жүрегі?!
Қажайды күнде, азапты ой,
Кезігіп тұрмыз – жұтқа бір.
… Ауыл – дегенің – қазақ қой,
Қазақ қой – ауыл, түптамыр!
Орнына кепті қайсы арман,
Өтпеді – дейсің не ғұмыр?
Кім дейсің балаға ой салған,
Қанында бар – ау тегі, — бұл! ..
Ана мен бала
Әскерге кеткен қиырға,
Көршіміздің бір баласы.
Таусылып дәмі бұйырған,
Тосыннан қайтты анасы.
Жақын жер емес, кел – деуге,
Ұшса да бірақ ділгірмей,
Кешігіп бір күн жерлеуге,
Кешігіп жетті үлгірмей.
Бұлай… деп қашан ой кепті,
Ағылып, ессіз жылады.
Анасы киген көйлекті
Құшақтап алып құлады!..
«…Неге?!» — деп өтіп, ой легін, —
«Осылай болу тиіс?» — деп,
Анасының сол көйлегін –
Бұрышта жатты иіскеп…
Көндіге алмай, —
Айт қанша, —
Көндіге алмай, ділгірді.
Бөлімге қашан қайтқанша,
Киіміменен бірге ілді…
***
45 жылдан кейін кездескенімізде
Өмірді көріп, ересектікке ерте өттім.
Менде де намыс – мінезі бар ғой еркектің.
… Қыз – жігіттердің қырық пайызы жоқ!..- дегенде,
«Қауесет болғай», тынысым бітіп, селк еттім!..
Сынақтан өтіп, басымызға біздің бақ қонып,
Студент болдық, періште – ғұмыр тап келіп.
Қырық бес жыл бұрын, бәріміз тірі едік қой,
Тағдырды қара! –
Тастады бізді қақ бөліп!..
Бәріне куә, жұмыр жер – мына мекен ғой.
Сеніммен жүрдік,
Көңіліміз бекем,
Бекем бой.
Өмір – дегеніміз, таусылмастай болып көрінген –
Түннен де қысқа екен ғой!..
Анасын сатқан не сұмдық?!
Сатайық жерді – дейді – «анау»,
Отырып қарап – қараптан.
Сатасың қалай – бейбақ – ау,
Сен емес жерді жаратқан!
Көбею үшін ұлт – мына,
Теңесу үшін – терезе,
Атой сап атажұртына
Қандастар онда келе ме?
Халыққа жоқ қой балама,
Халықсыз қалай шешім қып…
Асырап тұрған – Жер – Ана,
Анасын сатқан – не сұмдық!..
Ризығы жоқ, кем күні,
(Біздерді тартып куәға)
Сәбилер туған ендігі –
Құл болу үшін туа ма?
Құқым бар бір тіл қатуға,
Шешімім осы – бар шыным.
Жер – Ана – Жерді сатуға,
Бір дауыс – мен де қарсымын!
***
Ұзақ жылдарғы көршім Қабыш Ахметовтың рухына арнаймын
Партизанның үйі
Өтіп жүрем қасынан
Күнде өріске мал айдап.
Көңіл бөлмей осыған,
Өте алмаймын алайда.
Талай тағдыр тоғысқан,
Қайтпай қалған дүйім ұл.
Қайтқан аман соғыстан
Партизанның үйі бұл…
Сенімді өтті өмірден
«Парторг» боп — «нақты ісі».
Жазушы Әди – партизан –
Шариповтың атшысы.
Орман – сенің түпкі үйің,
Жастық – жалын жанатын.
Ұшақтан да тұтқиыл –
Ат дегенің – қанатың!..
Әлі осылай көресің,
Қобалжыма көңіл, сен.
Адам болсаң – өлесің…
Үй ме, сонда, өміршең?
***
… Лыпып тұрсыз дегенде,
Әркім айтып білгенін,
Сүрініп қап «шебенге»,
Өз – өзімнен күлгенім…
Ұмтыласың бәріне –
Қалыпты әдет бұрынғы.
«Күлсең – күл» — деп – кәріге,
Сынап уақыт – жырынды.
Ойдан күдер үзбейсің,
Үлгіре алмай бірақта.
Қарындашыңды іздейсің —
Қыстырып ап құлаққа.
… Бәрін үлгер… бәрін ұқ,
Тірлік кешіп, «өлмей қап…»
Сен туралы, кәрілік,
Өлең жазғым келмейді – ақ.
***
Семей атом полигонының жерасты
сынақтары тереңдегі су жүлгелерін
бұзып, бұлақтарды суалтты.
Жер үсті бедеріне де орасан зыян келтірді.
Пешмойын
Жазықсыз ек Кеңеске – қас қылатын.
Қыянаты көп болды – басқа ұратын…
Балқантаудың басында, биігінде,
Екі зеңгір пешмойын тас тұратын.
Табиғаттың өз сыйы – нақ ірі, нән.
Адаспасаң болғаны ақылыңнан.
Жолаушыға жол сілтеп, бағыт түзеп,
Көрінетін қырық – елу шақырымнан.
Залымдардың ішкі ойы байқалды ма?
Айыра алмай күн кештік сайқалды да.
Қос Зеңгірдің біреуі құлап түсті,
Жер тұлданып, бомбадан шайқалды да.
Екеуі қос тұрғанда керім еді.
Құз – жартас та адамға беріледі.
… Жалғыз өзі зорайып шың басында,
Жалғызсырап тұрғандай көрінеді.
***
… Қырықтың бесіне келгенде Құдайдан жалбарынып
жүріп бір ұл (Айхан),бір қыз (Айжан) сұрап алдым. …
еңіреуден есімді жиып, шүкіршілік айта берген кезде
Айжанымның бүйрегі жазылуы екі талай ауруы бар
деген ауыр сөз естідім. Сең соққандай…халдемін.
… көзімде жас… жүрегімді қақ айырып,
қансыраттың – ау! .. Өзімді алып, баламды
қалдырсаңшы, Аллам!
10.03. 1993.
Жазушының күнделігінен.
Ойлаушы едім бәрі де бақытты деп…
(Оралхан Бөкейге)
Кеш білесің, жалғанның жалғандығын.
Тірі жанға бәрі де арман бүгін.
Тағдырыңа не жазды, сол болады,
Татар дәмің, өлшеулі қалған күнің.
Кеттің ұшып белгісіз бағытпенен.
Кеткен болар бұл күнде ағып денең.
… Сапарменен бардың да Индияға,
«Өткен шақ» боп оралдың табытпенен…
Тірлігіңді тұрса да уақыт тілеп,
Кетеді екен, қиылып жақұт – тілек.
… «Дүрдей» болып жүрген соң
Жазушының
Ойлаушы едім бәрі де бақытты деп…
Өмір – өзен тоқтатып алды ағынын.
Не боларын кім білген алдағының?
… Қызың үшін кеттің бе, садаға боп,
Білгім келер: Айжаның бар ма бүгін?